ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан жексенбіде базарға барып, азық-түлік бағасын көріп жаға ұстағанын жазды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Депутаттың сөзінше, баға өсімі әсіресе негізгі тұтынатын азық-түлікте қатты байқалады.
«Баға - удай... Әсіресе күнделікті тұтынатын ет-сүт, картоп, сәбіз, пияз, көкөніс, күнбағыс майы, макарон өнімдері секілді негізгі тұтынатын азықтардың бағасы еселеп барады.
Өткен наурыз айында баға 13 процентке өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті… Баға дейтін пәле елдің еңсесін езіп, белін бүктіріп, етегіне сүріндіріп тұр…», – дейді Жанарбек Әшімжан.
Депутат мемлекет басшысының Үкіметке тапсырған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру тапсырмасы орындалмай жатқандығын айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігін, Сауда және интеграция министрлігін, Монополияға қарсы күрес агенттігі мен аймақтық әкімдіктерді сынға алды.
«Министрліктер бір-біріне сілтейді. Жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отырған үкіметтік ведомстволардың арасында өзара үйлесім жоқ.
Өткен аптада осы салаға жауапты ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Мәжіліске келіп депутаттардың нақты сұрақтарына жауап бере алмай, қызыл сөзден қырман сапырып, ақыры ауылшаруашылық министріне сілтеді де кетті…», – дейді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ, депутат базардағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасы инфляция өсімінен де асып кеткенін еске салды. Мамандардың есебінше, күнбағыс майы 36,7%-ға, қант – 34,8%-ға, картоп – 21,8%-ға, жеміс-жидек – 19,9%-ға, макарон өнімдері – 22,7%-ға, жұмыртқа 10 %-ға қымбаттаған.
Мәжіліс депутатының сөзінше, кейбір мамандар бағаның тұрақтылығы жанар-жағармай бағасымен тікелей байланысты екендігін жеткізіп, жағармайды өсірмеу керектін айтады.
«Екі ай бұрын елді аралағанда қырдағы шаруалар техниканың 20%-ға, тыңайтқыштың 50%-ға өскенін айтып, етектері жасқа толып отырды. Осындай бағаның жүгенсіздігінен тауардың өзіндік құны, әрине, қымбаттайды…», – деп жазды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ақпан-наурыз айларында Алматы облысына жасаған арнайы жұмыс сапарын еске салып.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024