Ағылшын тілінде sand animation деп аталатын құммен сурет салу – ең қызық өнер түрлерінің бірі. Біз тек санаулы минуттар ішінде ғана дүниеге келетін ғажайып туындыларды көреміз. Бірақ ол үшін қанша дайындық керек екендігі тіпті қандай құм пайдаланатындығы белгісіз. Осы туралы бізге толығырақ "Бота" арт-студиясының директоры Елена Кравчук әңгімелеп беріп, студия мұғалімі Екатерина Джебка өз шеберлігін көрсетті.
Құммен сурет салу ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында каналалық суретші-мультипликатор Кэролайн Лифтың жетекшілігімен басталған. Кэролайн өзі салған суреттерді арнайы камераға жазып отырып, кейінірек әйнек столдарда құммен сурет салуды бастайды. Оның туындылары арқылы анимацияның дәл осы түрі өз көрермені мен қолдаушыларын табады. Көптеген суретшілер бұл салаға қызыға бастайды. Бір қызығы құммен салынған суреттер қызығушылықты арттырып қана қоймай, адамның жан дүниесін ерекше шабытқа бөлейтін тылсым күш екеніне аниматорлардың көзі жетеді.
Құммен сурет салу үшін оқудың қажеті жоқ
Құммен сурет салу алғашқы кезде адам психологиясын реттеу үшін, яғни құм терапиясы ретінде қолданылған. Кейін келе анимациялық өнер түрінде таныла бастады. Қазақстанда бұл сала соңғы 7-8 жылда алға басып, дамып келеді. «Бота» арт-студиясы 2009 жылы мамыр айында ашылған. Жаңа стартапты бастауға 12 000 доллар қаржы жұмсалды. Студия директоры Елена Кравчук алғашында Мәскеу қаласында осындай студияның ашылғаны туралы естіп, қызығушылықпен арнайы курсына жазылып, шеберлік сыныптарына қатысады.
Құммен сурет салу үшін нақты бір оқуы болуы міндетті емес. Оның үстіне ешбір ЖОО-да құммен сурет салуды үйрететін мамандықтар жоқ. Егер қызығушылығы болса, суретші емес адамның өзі құмда түрлі бейнелерді сала алады. Құммен сурет салудың артықшылығы - адам бойындағы күйзелісті, ауыртпалықтарды жеңуге көмектеседі.
Құммен сурет салу өнері Ресей, Украина, Түркия, Корея, АҚШ елдерінде өте жақсы дамыған. ТМД елдері арасында Ресей мен Украинада осы салаға ерекше көңіл бөлінген. Дегенмен ешбір фестиваль, конкурстар өтпейді. Оның бірден бір себебі – үйретуші шеберлердің аздығы. Шыны керек, әлем бойынша шеберлерді саусақпен санарлық деуге болады. Егер осыған байланысты түрлі іс шаралар ұйымдастырылса, халық кең түрде таниды. Шеберлердің жаңа мамандар дайындауына мүмкіндік туады. Қызығушылық көп болар еді.
Қазіргі таңда елімізде құммен сурет салуға көңіл енді бөлініп келеді. Жастар өздерінің осы салаға қызығатындары жайлы көп айтады. Осыған байланысты Елена Кравчук алдағы уақытта студияны кеңейтіп, Алматы қаласында «Қазақфильм» жанынан үлкен студия ашуды жоспарлап отырмыз. Ата-аналар тарапынан қызығушылық өте көп. Балалардың қатысып көргенін қалайды. "Бірақ бірінші кезекте қабілет болу керек. Ата-аналары қызығып, балалардың өзінде қызығушылық болмаса біз оларды қинамаймыз", – деді ол.
Құммен сурет салу арқылы түрлі іс-шараларға шақырылып, табыс көзіне де айналды. Студия балаларды, жастарды жаңа өнер түріне баулумен қатар, қосымша табыс ретінде жиын-тойларға қатысады. Айына 9-10 тойда шоу ұйымдастырылады. Тапсырыс құны – 25 000-30 000 теңге. Ал балалардың үйірмеге қатысуы – 10 000 теңге. Аптасына 2 рет бір сағаттан болады.
Құммен сурет салу үшін құмның боялған және боялмаған 20 түрі пайдаланылады. Ең көп қолданылатын құм түрі – жанартау құмы. Оларды арнайы тапсырыспен алдырады. Ал күнделікті үйірмеге қажетті құмдарды Қазақстанда да табуға болады. Оларды сурет салу үшін арнайы өңдейді. Құмның 1 келісі – 1200 теңге тұрады. Құмның көлемі салынатын суреттің көлеміне байланысты әртүрлі болады және олар екінші рет қайта пайдаланылмайды.
Құммен сурет салуда тек екі қолдың қимыл-қозғалысы қажет. Нақты бір образды жасап шығарудың қажеті жоқ. "Сіз өзіңіз салған түрлі бейнелер арқылы бойыңыздағы артық энергияны сыртқа шығарып, эмоцияңызды көрсете аласыз. Көрерменнің назарын өзіңізге аударғыңыз келсе, сіз салған суреттер күтпеген жерден салынған тылсым дүниелер болу керек. Нәтижесінде, ерекше картиналар халық есінде қалып, осы саладағы жетістігіңіздің бастамасы болады",– дейді шебер Елена Кравчук.
Маржан Нүсіпбек, Дарын Шөкенов "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024