Мұрат Ұрымханов: «Тұрғындармен кездесу – полиция жұмысының ашықтығын көрсетудің бір қадамы»
Алматы. 13 қыркүйек. 7kun.kz – «Жолда қабылдау» және «Аулада қабылдау» республикалық акциялары барысында Алматы облысының бас полицейі Мұрат Ұрымханов кезекті рет облыс орталығының тұрғындарымен кездесті.
Полиция генерал-майорымен кездесуге келген тұрғындар тәртіп сақшыларының қызметіне қатысты түрлі сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Оның ішінде жол қауіпсіздігі, аулалардағы қауіпсіздік, полицейлердің қызметі, айыппұлдарды төлеу, көші-қон мәселелері көтерілді. Ауқымды мәселерді генерал жазып алса, кейбір тұрғын қабылдау барысында жазбаша өтініш беру мүмкіндігіне ие болды.
«Тұрғындармен, жүргізушілермен полиция басшылығының кездесуі – ол біздің жұмысымыздың ашықтығын, жариялығын көрсетудің бір тәсілі. Мен кестеге сәйкес үнемі қабылдаулар өткіземін. Кез-келген полиция бөлінісінің алдында фронт-кеңсе қызмет жасайды. Осындай шараларға тұрақты қатысамыз. Яғни, әр адам өзін толғандырған мәселе бойынша ұсынысы мен өтінішін білдіруге жағдай жасалған деуге болады»,- деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы М. Ұрымханов.
Айта кетейік, ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес 13-14 қыркүйек күндері облыс аумағының барлық ірі елдімекендерінде және автожолдарында тәртіп сақшылары қабылдаулар жүргізіп, өз қызметтеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.