Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Неге біз шындықты айтқанда міндетті түрде Президент пен үкіметті сынауымыз керек?

Неге біз шындықты айтқанда міндетті түрде Президент пен үкіметті сынауымыз керек?

Мақпал  МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Журналистикаға келгеніңізге биыл отыз жыл болыпты. Дәл өзіңіз сияқты өмірінің жартысын осы салаға арнаса да,  көлеңкеде жүрген әріптестеріңіз қаншама?! Оларға қарағанда, сіз бағаланған, жағдайы жасалған журналистке ұқсайсыз.  Президенттен бірнеше рет сұхбат алыпсыз. Парламентте, жергілікті билікте, БАҚ-та басшылық қызметтер атқардыңыз.  Әдетте журналист басшы болса оның ішкі цензурасы, қорғанысы күшейіп, көрген-білгенін іште сақтайды. Осы отыз жылда сіздің де ішіңізде айтылмаған шындық көп шығар?

Махат САДЫҚ: Өзің айтып отырғандай сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында журналистикаға келдік. Біздің буын кәрістердің, немістердің екі мемлекеті бар, ал қазақ елі біреу-ақ екенін жақсы түсінді. Сол уақытта біз қазаққа ғана қызмет ету керек деген принциппен жұмыс істедік.  Ал қазір айта алмай жүрген шындығым жоқ.  Бұрын да  шындықты айта білдік. Кейде қатты айттық. Сол үшін таяқ та жедік.  Отыз жылдың ішінде менің қанша рет жұмыстан кетуге мәжбүр болғанымды білесің бе? Сегіз рет. Қарсыластарым  қанша құлатса да, әу бастағы журналистік принципімнен айныған жоқпын. Мақпал, мен сізге бірнәрсе айтайын. Қазақстанда шындықты айтуға болады.  Жоғары жақ «ананы айтпа, мынаны берме», деп ешкімге тапсырма бермейді.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: БАҚ-да басшы болған кезіңізде Сізге бірде-бір рет «ананы айтпа, мынаны берме» деп ешкім тапсырма бермеді ме?

Махат САДЫҚ: Телеарнада жұмыс істегенде ешқандай нұсқау болған жоқ. Ал беріректе, радионы басқарған кезімде ондай нұсқаулар болды. Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев түске дейін бір тапсырма, түстен кейін басқа тапсырма беретін еді. Әрине, бұл контенттің сапасына әсер етпей қоймады. Ол кісіге «Неге бұлай?» десеңіз, «ұнамаса есік анау, орныңызды босатыңыз»,- дейді.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Өкінішке қарай, біздің басшылар ұнамаса да орнын босатпайды.

Махат САДЫҚ: Жоқ, мен сол кісінің кезінде  екі рет қызметімнен кеттім. Айтқанын істемегендіктен кетірді.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Қандай тапсырмасын орындағыңыз келмеді?

Махат САДЫҚ: Президенттің өзі  «Мәңгілік ел» деген сөз тіркесін  көп қолданып жүр. Ал ол кісі  эфирде бұл сөзді айтуымызға қарсы болды.  Түсініксіз ғой,  ешқандай қисынға келмейді, келісесіз бе?

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Майлыбаев қызметінен кетті.  Ақпаратты жеткізу саясатында еркіндік орнады ма?

Махат САДЫҚ: Ақпараттың ашық жетпеуі менеджментке де байланысты. Егер басшылықтың принципі берік болмаса қиын. Өз басым бастық болған кезде мүмкіндігінше  журналистерге еркіндік беретін едім. Интеллекті жоғары журналист кез-келген ақпаратты шебер жеткізе алады.  Өздерін тәуелсізбіз деп жүрген сарапшылар «Біз авторитарлы  мемлекетпіз, бізге шындықты айтуға тиым салады», дейді.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Белгілі адамдарға қатысты тиым салынатыны рас қой?

Махат САДЫҚ: Неге біз шындықты айтқанда, міндетті түрде Президент пен  Үкіметті сынауымыз керек?

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіз кімді сынауды ұсынасыз?

 Махат САДЫҚ: Президент пен Үкіметтің бағдарламаларын дұрыс орындамай жатқан жергілікті билікті сынауымыз керек. Олардың жұмысын бақылауға алсақ, нәтиже шығады.  Өз басым Президенттің тапсырмасын пайдаланып аудан, қала, облыс әкімдерінің атқарып жатқан жұмыстарының шикілігін шығардым. «Бізге шындықты айтқызбайды», деген жалқау журналистердің позициясы. Олар әдетте Парламенттің, Ақорданың жіберген дайын пресс-релизін бере салады.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:  Қарапайым журналистерді кінәлау қандай ыңғайлы...

Махат САДЫҚ: Мақпал, бұл жерде мен қарапайым журналистен гөрі БАҚ-ның менеджменті кінәлі деп отырмын.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Махат Садық БАҚ-да басшы болған кезінде толық еркіндік болды», деп журналистердің айтқанын естімедім. Сіз мемлекеттік арнада лазауымды қызметте жүрген кезіңізде  Әміржан  Қосанов ағалар (оппозиционерміз деп жүрген)  мемлекеттік арналардан  мүлдем көрінбейтін еді.  «Бәріне мененджмент жауапты», деген логикаңызға сүйенсек телеарнаның сол жылдардағы кемшілігіне сіз де кінәлісіз ғой?

Махат САДЫҚ: Енді оппозицияның да ақпарат құралдары бар ғой. Олар ойларын сол жақта айтады. Қазақстан енді қалыптасып келе жатыр. Көршілеріміздің кім екенін білесіз. Біз қазақтың көбейіне, күшеюіне күшімізді салуымыз керек. Менің БАҚ-да лауазымды қызмет атқарғанымда көп нәрсе айтылды.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жаңаөзенді айттыңыз ба?

Махат САДЫҚ: Жаңаөзен оқиғасы кезінде мен басшы болған жоқпын. Сіз шатастырмаңыз. Бірақ халық көтерілер алдында сол аймаққа барып, «Жаңаөзендегі жайсыз жаз» деген  тақырыппен екі тілде деректі фильм түсірдім. «КТК» телеарнасы оқиға ушығып кеткендіктен эфир сеткасынан алып тастады. Сіз менен Жаңаөзен оқиғасының қалай болғанын,   кім кәнілі екенін сұрасаңыз,  көп дерек жинағандықтан  жауап бере аламын. Бірақ  уақытымызды өткізіп аламыз.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Иә, дұрыс айтасыз. Мен өзіңізбен журналистика жайында әңгімелесуді жоспарлап отырмын.  Американың интервьері  Ларри Кинг: «Журналистің жалғыз мақсаты - ақпаратты аудиторияға барыншы обьективті жеткізу»,-дейді. Ресейдің журналисі Познер «Біз  төбет сияқты  үріп жүріп, билік пен халықтың назарын ушыққан проблемаларға бұруымыз керек»,-дейді. Ал Қазақстанның журналисі Махат Садық «Журналист халыққа тек жақсы дүниені ғана айтып, біздің мемлекетіміздің даму үдесін ойлау керек. Мәңгілік елдің идеяларын насихаттап, дәріптеу керек»,-дейді. Бір мамандық. Қайшы пікір.  Познер мен Ларри журналистиканы дұрыс түсінбейді ме? Жоқ, қазақ журналистикасы әлем журналистикасынан бөлек пе?

Махат САДЫҚ: Сіз контексттен үзіп алған шығарсыз. Менің ол жердегі айтайын деген ойым Америка дүниедегі бірінші мемлекет. Ресей де мықты ел. Оларды ешқандай жау басып алып, қысым жасай алмайды. Ресейіңіз қазір қозғалып қалса, біз теңселіп кетеміз. Сондықтан біз, журналистер еліміздің жақсы жағын көрсетіп, халыққа рух беруіміз керек.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіздің әңгімеңізден түсінгенім, біз биліктің кемшілігін айтпауымыз керек.  Айтсақ тәуелсіздігімізге қауіп төнеді.  Жағымды жаңалықты ғана жеткізсек еліміз көркейеді.

Махат САДЫҚ: Біздің үлкен биліктің халықты ойлайтынын мен ашық айта аламын. Көп жақсылық жасап жатыр. Ауыл шаруашылығына қаншама субсидия бөлінеді. Бірақ ол жетер жеріне толық жетпейді. Неге? Қазір журналистер ауыл, аудан әкімдерін сынай алмайды. Билік оларды қолдап отырған жоқ. Үлкен билік бұрынғы премьер -министрден бастап, аудан әкімдерін "пачкалап" түрмеге отырғызды. Біздің журналистер неге соны жазбайды? Мен сізге бір қызық айтайын мен журналистикадан екі мыңыншы жылы кеттім. Бірнеше жыл Президент телерадиокешінінде бас директор болдым. Жүздеген  деректі фильм жасадым. Он жылдан кейін телеарнаға келгенде бір өзгерісті байқадым.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:  Қандай өзгеріс?

Махат САДЫҚ: Мен әкімдердің жұмысын жер-көкке сыйғызбай мақтаған сюжеттерді эфирден алып тастадым. Оның орнына сол аймақ басшыларының кемшіліктерін көрсететін өткір материалдар дайындаттым. Ертесіне жаңағы әкімдердің орынбасарлары кабинетіме келіп, қай жақтың тапсырысын орындағанымды сұрап, "тергей" бастады.  

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Ал сіз қай жақтың тапсырмасын орындадыңыз?

Махат САДЫҚ: Ешкімнің тапсырмасын орындаған жоқпын. Көрдіңіз бе, он жылдың ішінде журналист өз еркімен әкімді сынауы мүмкін емес деген стереотип қалыптасып қалыпты. Біздің әріптестеріміз аудан, ауыл әкімдерін сынай алмайтын дәрежеге жетті.

Махат САДЫҚ: Бұған қоса біздің журналистер әкімдермен, басшылармен қарым-қатынасты бұзғысы келмейді. Бізде оппозионер журналистер де, биліктің журналистері де барлығымен жақсы араласады. Ал журналистикада мұндай ұстаныммен жұмыс істеу дұрыс емес. Принципің болмаса, онда журналистикадан кетуің керексің.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіз де саяси элитадағы көп адамдармен жақсы араласасыз ғой?

Махат САДЫҚ: Мысалы?

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Әділбек Жақсыбеков. Ол кісінің жанұясы туралы әдемі деректі фильм түсіріпсіз.

Махат САДЫҚ: Өзі тапсырыс бергеннен кейін түсіргенім рас. Бірақ келіскен ақшамызды түгел төлеген жоқ.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Неге?

Махат САДЫҚ: Ақордаға ауысқан соң мен ол кісіге жете алмай қалдым.  Көмекшілері байланыстырмады. Әдетте түсірілім жұмысына кіріспей тұрып елу пайыз ақшасын алып алатын едім. Мойындау керек мені көп бизнесмендер "лақтырып" кетті. Елу пайызын аласың, фильмін түсіресің.  Жасаған дүниең ұнайды, мақтайды. "Қалған ақшаны көмекшім апарып береді",- дейді де, соңында жоқ болады.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:   Осы сұхбатқа дайындалғанда бірнеше деректі фильміңізді көрдім. «Алыстағы ағайын» деп аталатын  фильмді біржақты түсірген сияқтысыз. Басынан аяғына дейін Президенттің саясатын мақтау.  Сол кезде елді елеңдеткен Сайрангүлдің тағдыры, көші-қон проблемалары туралы бір ауыз айтылмаған.

Махат САДЫҚ: Иә Мақпал, мен оны жасырмаймын. Мен ол фильмді Ұлттық арнаның тапсырысымен алдын-ала бекітілген сценарий бойынша түсірдім.  Тапсырыс берушінің талабы сондай болды. Біз  фильмде мемлекеттің сырттағы ағайынға жасаған қамқорлығын көрсеткіміз келді. Ал Сайрангүлдің оқиғасы ол кезде аяқталмаған еді. Рейтингісіне қарап жақсы дүние шықты деп айта аламын. Президенттің Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрған кезде Қытайға барып,  қандастарымызды шақырғаны туралы тың мәлімет айтылды. Мұндай материалдарды бізге дейін ешқандай журналист пайдаланбаған.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:  Қазіргі Қытайдағы қандастарымыздың жағдайын жан-жақты көрсетіп фильм түсірсеңіз, рейтинг бұрынғыдан да жоғары болатынына сенімдімін. Ешкімді мақтамай, тек проблеманы оның шешу жолын көрсетіп  объективті фильм түсіре аласыз ба?

Махат САДЫҚ: Бюджет бөлінсе түсіремін.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ:  Кәсіпкерлермен жақсы араласасыз. Қаржы тартуға болмай ма?

Махат САДЫҚ: Мен әркімнің соңынан жүгіріп, қаржы сұрайтын жаста емеспін. Ақшаны қазір ешкім тектен-текке бермейді.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Позитивті фильмдерден бөлек ара-тұра сырттағы қандастардың проблемасын көтерсеңіз, олар сізге алғыс айтар еді.

Махат САДЫҚ: Сырттан келген қандастарға азамат ретінде  көп қамқорлық жасадым. Кезінде елу-алпысын жұмысқа алдым. Бірақ солардың ішінде  менің жасаған жақсылығымды бағаламай, сыртымнан сөйлегендері де болды. Ол кісілер де Қазақстанға келген соң дәмете бермей, осы  елге адал еңбек етуге талпынуы керек. Олар көп жағдайда «бере берсе екен»,-дейді. Тоқсаныншы жылдары қытайдағы қандастармен сөйлескенде «елге жетсек болды, үйді өзіміз тұрғызып аламыз, өз күніміздікөреміз», деп айтқан.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Түсіндім, аға. Сіз Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, «Алтын жұлдыз» сыйлығының, Президент стипендиясының, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегерісіз. Еңбегі еленген журналист ретінде обьективтілікпен жауап беріңізші жыл сайын журналистика күнінде, тәуелсіздік күнінде сыйлық, құрмет, төсбелгілерді мемлекеттік БАҚ-да қызмет етіп жүрген әріптестердің ғана алуы қаншалықты дұрыс?  «Шынның жүзін» шебер жүргізген Қасым Аманжол, Ермұрат Бәпи ағаларымыздың атақсыз жүргендері дұрыс па?

Махат САДЫҚ: Бұл сыйлықтарды отыз бес жасыма дейін, шындықты шырылдатып айтып жүрген кезде алдым. Ал қазіргі жағдайға келетін болсақ, мемлекет өз идеологиясын жүргізіп жатыр. Ол тапсырыс береді. Ермұрат Бәпи - оппозиция өкілі. Мемлекет өзін қолдамайтын адамға сыйлықты қалай береді? Мен осыны түсінбеймін?!

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Мен де журналистерді мынау оппозиционер, анау билікшіл деп бөлгендерді түсінбеймін.

Махат САДЫҚ: Жоқ, сыйлықты беретін мемлекет пе?

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Иә

Махат САДЫҚ: Енді сіз Президент стипендиясы, «Дарын» сыйлығы не үшін берілетінін оқып көріңіз. Мемлекетті қалыптастыру жолында сіңірген еңбегі үшін беріледі.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сонда Сіз  мемлекетті қалыптастыру үшін еңбек еткенсіз,  ал Ермұрат Бәпи түк бітірмеген болды ма?

Махат САДЫҚ: Ол мемлекеттік билікте отырған адамдарды сынайды. Басшылар содан кейін  оған  қалай сыйлық береді?

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Журналистік принципі, таланты, қабілеті, кәсібилігі үшін жоғарыдағы сыйлықтарды беруге болмай ма?

Махат САДЫҚ: Барлығын дауыс шешеді ғой.  Мен бұрын президент сыйлығын беретін комиссияның мүшесі болдым. Сол кезде тәуелсіз, билікті мақтамайтын журналистке өз дауысымды беріп едім, марқұм  Шерхан Мұртаза атамыз маған қарсы шықты. Содан бері мені ешқандай комиссияға қатыстырмайтын болды. 

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жүлделер көбейген сайын абыройлы, халыққа сөзін өткізе алатын журналистер азайып бара жатқан сияқты...

Махат САДЫҚ: Абыройлы журналистердің азаюының тағы бір себебі бар. Телеарнаға, радио, газетке үш төрт жыл сайын жаңа басшы келеді де, халыққа танылып қалған журналистерді жұмыстан шығарып жібереді. Олардың орнына өз  командасын тартады. Жаңа команда енді төселе бастағанда басшылары ауысып,  өзіне дейінгі әріптестері сияқты далада қалады.  Дәл осылай араға үш-төрт жыл салып, құрам өзгеріп тұрады. Бұл үрдіске айналды.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіз де басшы болғанда сондай пенделікке барып, өз тамыр-таныстарыңызды тарттыңыз ба?

Махат САДЫҚ:  Мені қызметімнен босатқысы келіп  тиісті адамдар әр қадамымды тексерді.   Ешкім ешнәрсе таппады. Демек тамыр-таныстарымды тартпаған болып тұрмын ғой.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Қазақ радиосына басшы болған кезіңізде сізбен жоғары қабатқа бір лифтімен көтерілдік. «Қазспорт» телеарнасының қазақша бағдарлама жүргізетін танымал журналисімен орысша сөйлесіп тұрдыңыз. Сіз онсыз да танымал, жұмысы бар, қазақ тілін менсінбейтін жүргізушіге «Қазақ радиосында бағдарлама жүргізіп, жұлдыз болсайшы» деген ұсыныс білдірдіңіз.  Орыс тілді қызға қаншалықты сұлу болса да үлкен радионың эфирін ойланбастан бере салуға бола ма? Сіздің лифтіде оп-оңай жасай салған  ұсынысыңызды оқуын  бітірген қанша жас маман күтіп жүрді?!

Махат САДЫҚ:  Ол кезде Қазақ радиосының тоқсан сағат эфирі болды. Ал штаттағы қызметкердің саны екі-ақ жүз.  Әу-баста жиырмадан әрең асатын. Мен төрайымға өтініш білдіріп жүріп екі жүз орынға көбейттім. Одан артық штат жоқ. Не істеймін? (Ресейдің біз сияқты тоқсан сағаттық радиосында бір жарым мың адам жұмыс істеді!).  Эфирді немен толтырамын? Амал жоқ телеарнадағы танымал жүргізушілерді шақырдым. Жаңағы лифтіде кездестірген қызға мен бір тиын ақша төлеген жоқпын. Әрине, ақша төлемегеннен кейін мақтап шақырасың. Ол мақтаған соң жан-тәнімен жұмыс істеді.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Шерхан Мұртаза атамыз бас редактор болғанда ешкім білмейтін таланттарды елге танытты.  Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Шаханов. Әрқайсының мінезі тік.  «Ты начальник, я дурак» деген жүйеге көнбейтін адамдар. Шерхан Мұртазаның да мінезі оңай емес еді.  Ал мінезділердің бірге жұмыс істеуі қиын ғой. Сонда да ол кісі жағымпаздарды емес, таланттыларды тартты. Танытты.  Сіз  «мен мына талантты журналисті таныттым», деп қай кадрыңызбен мақтана аласыз?

Махат  САДЫҚ : Мен көмектескен адамдардың кейбіреуі қазір телеарна басқарып жүр. Олардың атын атауға ыңғайсызданамын. Ренжіп қалуы мүмкін.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Махат Садық маған ешқандай қоңыраусыз, ақша алмай, жұмыс берді, жарыққа шығарды», деп кім айтып жүр?

Махат САДЫҚ: Мақпал, қазір біздің қоғамда бірін-бірі мойындамайды. Сондықтан айтқым да келмейді. Арман Нұрғалиев деген  базарда тұрған курстасымды Дариға Назарбаева басшы болған кезінде   «Хабар» агенттігіне кіргіздім. Жайна Сламбекке Қызылордаға кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, жұмыс ұсындым. Бибігүл Жексембайды жұмысқа тарттым.  Радиода бірталай талантты орыс тілді журналистерді жинаған едім. Менен кейін келген басшы бәрін таратып жіберіпті.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Біз жетістігімізді айтқанды, мақтанғанды жақсы көреміз ғой. Ал жасаған қателігін ешкім мойындағысы келмейді. Сіздің қолыңыздан сондай ерлік келе ме? Жіберген қателігіңізді айта аласыз ба?

Махат САДЫҚ: Басшы болып тұрғанда шетелге іс-сапарға көп шақыратын. Өзім бармай қол астымдағы қызметкерлерді жіберетін едім. Қазіргі басшыларға ұқсап "неге  өзім бара бермедім", деп өкінемін кейде. 

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіз тағы да жасаған жақсылығыңызды айтып отырсыз. Сізде кемшілік бар ма, аға?

Махат САДЫҚ: Өмірде ешқайсымыз кіршіксіз тазамыз деп айта алмаймыз ғой. Әрине, қателіктер бар шығар.  Сіз осы сұхбатқа дайындалғанда мен туралы біраз адамнан сұраған сияқтысыз. Олар не дейді? Қателіктерімді солар айтқан шығар?

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сізді  "ақшасы көп жұмыстарға ғана барады", дейді.  "Ақшаны жақсы табады", дейді. "Жаңағы мемлекеттік сыйлықтарды басқалар сияқты күтіп отырмай, жолын тауып,  иемденуді біледі", дейді.

Махат САДЫҚ: Олар айта береді. Келіспеймін. Мемлекеттік сыйлықтарды алған кезде  бастық болған жоқпын.  Кемшілігіме келетін болсақ, мен тік мінездімін. Бетке айтып, көп адамға сүйкімсіз боп қаламын.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сұхбаттың ең қиын тұсына келдік. Сіз әлеуметтік желіде Шерхан Мұртаза туралы естелік жаздыңыз.

Махат САДЫҚ: Иә, ол кісінің көзі тірісінде жазылған.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: «Парламентте жерді сату, жалға беру туралы даулы заңға дауыс беру кезінде депутат Шерхан Мұртаза жүрегі қаламаса да, ғұмырлық принципінен бір сәт мүлт кетіп, аталған заңды қолдап дауыс берді», - деп жаздыңыз. Себебі өзі сенген ұлтжанды адамдарға көмектескісі келіпті. Бұл сіздің сөзіңіз. Сол оқиғадан кейін Қасым Аманжол  Шерхан атамызды  «Шынның жүзіне» шақырып, осы сұрақты қойды.   Шерхан атамыз «Тұтас жерді сатып жіберуге жүз процент қосылды дегені  әділетсіз. Мен оған барған емеспін. Дауыс берген кезде дау болып жатты. Кнопка шешеді ғой. Сол кнопканы адасып барып басып қалған шығармын»,- деп  жауап берді.

Махат САДЫҚ: Мүмкін

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Түсінбедім?

Махат САДЫҚ:  Кнопканы байқамай басып қалуы мүмкін.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Сіз естелігіңізде ол кісі саналы түрде, басқа адамдарды қолдау үшін  басты деп жазғансыз ғой. Ол кісінің кнопканы саналы түрде басқанын сізге өзі айтты ма?

Махат САДЫҚ: Бұл мен білетін, мен араласқан мәселе. Фейсбукке сол постты жазған кезде біраз детальдарды тастап кеттім. Егер журналист-аналитик болса, сол ақпараттарды гуглге салып, ары қарай зерттеуіне болады. Ары қарай өздеріңіз зерттеңіздер.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Аға, неге өзіңіз айтқыңыз келмейді. Естелік жазбалардың авторы сіз ғой?

Махат САДЫҚ: Неге мен бәрін ашық айтуым керек? Мен көп нәрсені білемін, Мақпал. Білетін материалдарымды  сұхбатта емес, кітапта немесе деректі фильмде бөлісемін.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Жұмабек Тәшенов жайында деректі фильм түсіргіңіз келеді екен. Ол фильмде Дінмұхамед  Қонаевтың рөлі қандай болады?

Махат САДЫҚ: Қонаев - біздің елді жиырма бес жыл басқарған, бірақ көп қателік жіберген мықты тұлға. Мен фильмде "неге ондай қателіктер жіберді?", деген сұраққа жауап іздеймін. Неге грузин
Шеварднадзе жасаған дүниені ол кісі жасай алмады? Украиндық
Щербицкий жасаған дүниені неге ол кісі жасай алмады? Мүмкіндігі болды ғой.  Тәшенов қандай  тұлға болды? Ол неге Ресейдің бір аймағына басшы болып кетіп қалмады?   Брежневпен арақ ішіп, аңға шығып,  жақсы араласты ғой. Бұл жерде әйелдердің де қатысы болуы мүмкін. Болашақта түсірілетін осы фильмнен бүгінгі саясаткерлер де сабақ алса деймін. Ауызбірліктің  болмағанынан қазақ жерінде қанша трагедия болды?! Қазақтың  білімді азаматтары онсыз да аз болды. Сол аздың өзі біріге алмады. Неге Тәшенов Қонаевты қолдамады?  Олардың жасаған қателіктері көп.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Президенттен сұхбат алмағаныңызға көп болыпты. Егер ертең кездессеңіз қандай сұрақ қоятын едіңіз?

Махат САДЫҚ: Құрметті Елбасы, сіз Қазақтың тәуелсіз мемлекетін толық орнатып болдым деп айта аласыз ба? Осы сұрақты қоятын шығармын.

Мақпал МЕЙІРБЕКҚЫЗЫ: Рахмет!

Похожие материалы