Алматы. 6 маусым. 7kun.kz - Ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин жылдық инфляцияның төмендеуі жайлы айтып берді.
В. Тутушкиннің айтуынша, азық-түліктің әлемдік бағасының индексі сәуірде жылдық көрсеткіш бойынша 2,7%-ға өсті. Астық пен сүт өніміне бағалардың өсуі жалғасуда. Сыртқы монетарлық талаптардың қатаңдауы дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуімен қатар жүруде.
«2018 жылдың басынан бастап байқалған әлемдік мұнай нарығы тарапынан қолайлы әсер ету жалғасын тапты. Мұнайдың бағасы орташа алғанда бір баррель үшін 70 АҚШ долларына жуық деңгейде қалыптасып отыр», - деді Ұлттық банк өкілі.
В. Тутушкин Қазақстан экономикасында жылдың басынан бері үй шаруашылықтарын тұтынудың ұлғаю үрдісі байқалғанын, оған халықтың нақты ақшалай кірістерінің екі жылдық төмендеуінен кейін өсуі, сондай-ақ тұтынушылық кредиттің ұлғаюы себепші болғанын баса айтып берді.
Ол экономикалық белсенділіктің өсу қарқыны сақталғанын да қоса айтты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатордың мәні 2018 жылғы қаңтар-сәуірде жылдық көрсеткіш бойынша 5,0%-ды құрады. Өсуге тау-кен және өңдеуші өнеркәсіптер, байланыс, сауда, сол сияқты ауыл шаруашылығындағы өсудің жақсару серпіні оң үлес қосты. Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 2018 жылғы қаңтар-сәуірде 28,9%-ды құрады.
Осының аясында, В. Тутушкиннің айтуынша, шығару мен ішкі тұтыну арасындағы айырма, Ұлттық банктің бағалауынша, оң аймаққа өтіп отыр, бұл проинфляциялық қысымға әкеп соғады.
«Инфляциялық күтулер төмендеді, алайда түрлі күйзелістерге сезімтал болып қалып отыр және көбіне нарықтағы ағымдағы жағдайларға байланысты. Сәуірде теңгенің номиналдық айырбастау бағамы күйзелісінің аясында инфляцияның бір жыл алға күтілетін мәні 6,0%-ға дейін төмендеп, мамырдың қорытындысы бойынша 6,3%-ға дейін өсті. Қабылданатын инфляция да төмендеуін жалғастыруда. «Өткен 12 айда тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасы бұрынғыға қарағанда тез өсті» деп санайтын респонденттердің үлесі сәуірдегі 48,8%-дан мамырда 46,2%-ға дейін қысқарды», - деп түсіндірді В.Тутушкин.