Африка. 28 сәуір. 7 kun.kz - Орталық Африка Республикасы Африка құрлығындағы биткоинді ресми түрде заңдастырған алғашқы ел болды. Енді төлем жүйесі жергілікті франкпен тең жұмыс істейді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Биткоин ресми валюта деген тиісті заңды ел парламенті қабылдады және президент Фостен-Аршанж Туадера қол қойды, деп жазады ixbt.com.
«Орталық Африка Республикасы бұл қадамға бірінші болып барып, аталған шешімді қабылдады. Бұл әлемдегі ең батыл қадамдардың бірі саналады және осы әрекет мемлекетті «көреген елдердің» қатарына қосады", деді Президент әкімшілігінің басшысы Обед Намсио.
Сонымен бірге, Орталық Африка Республикасы Африка құрлығындағы және жалпы әлемдегі ең кедей елдердің бірі саналады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2020 жылы 1040 доллар болған. Бұл көрсеткіш рейтингтің соңынан санағанда үшінші орында тұр. Аталған мемлекет тізімде тек Сомали мен Бурундидің алдында орналасқан.