ВАШИНГТОН – Ресей президенті Владимир Путиннің билігі біз ойлағаннан әлдеқайда әлсіз. Іс жүзінде, Путин билігінің түпқазығы – өзі ондаған жыл бойы бар ынтасымен қалыптастырған клиенттік негіздегі экономикалық келісімдер оның саяси ғұмырына қатер төндірер басты қауіпке айналды. Мұның себебі де қарапайым: Путиннің кландық капитализм жүйесінде мүлік құқығына ешқандай кепілдік болмағандықтан, Ресейдің жоғары лауазымды басшылары мен олигархтары қаражаттарын шетелде, көбіне Путин қарсы шығып жүрген Батыс үкіметтерінің юрисдикцияларында сақтауға тырысып келеді.
Мұқият таңдалған адал нөкерлердің арқасында Путин биліктің үш шеңберін қалыптастырды, олар – мемлекет, мемлекет иелігіндегі корпорациялар және билікке берілгендердің «жекеменшік» компаниялары. Бұл процесс Путин Федералдық қауіпсіздік қызметінің төрағасы болып, құпия полицияны басқарып тұрған 1998-1999 жылдары басталды.
Дегенмен, Путин президенттігінің алғашқы кезеңі – 2000-2004 жылдар аралығында енді күш алып келе жатқан авторитар басшы билікті шоғырландырудың ерекше үлгісін көрсетті. Одан соң ол мемлекеттік әкімшілік пен аймақтық басшылықтарға «билік вертикалін» қалыптастырып, сот жүйесіне «заң диктатурасын» орнатты. Сөйтіп, 2003 жылғы парламент сайлауында Путин Ресей заң шығару органының төменгі палатасы – Мемлекеттік дума мен жоғарғы палатасы – Федералдық кеңеске толықтай бақылау орнатты. Ол мемлекеттік биліктің ұшар басы – Қауіпсіздік кеңесіне КГБ-ның үш генералы Сергей Иванов, Николай Патрушев және Александр Бортниковты отырғызды.
Билігінің екінші шеңберін нығайта түсу үшін Путин 2001 жылдың мамыр айында «Газпромнан» бастап, мемлекеттік корпорациялардың бірінен соң біріне бақылау орнатып, олардың атқарушы директоры не төрағасы қызметіне өзіне берілген адамдарды қоя бастады. Мемлекет иелігіндегі компаниялардың ең ірі топ-менеджерлері – «Роснефть» басшысы Игорь Сечин, «Газпром» басшысы Алексей Миллер және «Ростек» басшысы – Сергей Чемезов.
Екінші президенттік мерзімінде, 2007 жылы, Путин үлкен корпорациялар құру арқылы мемлекеттік секторға билігін орнатты, содан бері арзан мемлекеттік қаржыландыру мен өз салаларында монополия орнатудың арқасында олар тіпті ұлғайып кетті. Бұл компаниялар экономикалық дамудың құралы емес, билік пен рентаның нышаны болып саналғандықтан, олар бәсеке мен инновацияға, кәсіпкерлік пен өнімділікке мүлде қызықпады. Корпоративтік басқарудың ең лайықты стандарты – Путинге адалдық болды.
Бұдан кейін Путиннің ең ықпалды серіктерінен тұратын биліктің үшінші шеңбері бар. Бұл тізімдегі ең алғашқы төрттікке Геннадий Тимченко, Аркадий Ротенберг, Юрий Ковальчук және Николай Шамалов пен олардың компаниялары кіреді. Олардың іс-әрекеттері әдетте клептократиялық болып сипатталады, десе де, Путин өзінің заң шығару саласындағы билігін пайдаланып, олардың күмәнді әрекеттерінің көбін техникалық тұрғыдан заңдастырып қойған. Мәселен, олар мемлекеттік компаниялардың активтерін өз ойындағы бағаға сатып алып, үкіметтің тапсырыстарын еш бәсекесіз алып отырады.
Путин құрған бұл жүйе 1860-жылдардағы «Ұлы реформа» басталғанға дейінгі патшалық жүйеге өте қатты ұқсайды. Шындығында, билігінде шек жоқ болғандықтан, Путинді «жаңа патша» деп жиі атайды (оның сауалнамаларға қатты қызығатынына қарағанда, қоғамның пікірі де маңызға ие сияқты). Институционалдық дамуға күш салудың орнына ол ұзақмерзімдік деинституционализацияға иек артты, сөйтіп атқарушы, заң шығарушы және сот билік тармақтарын өз қолына шоғырландырды.
Бірақ мүлік құқына кепілдік жоқ болғандықтан, ауқатты ресейліктер, соның ішінде Путиннің өз айналасындағылар активтерін тек шетелде сақтағанда ғана оларға қауіп жоқ екенін біледі. Рубльді айырбастауға толық мүмкіндік бар әрі капиталды сыртқа әкетуге еш тосқауыл жоқ болғандықтан, олар табыстарын офшорлық салық аралдарына жібереді.
Осының арқасында Путин ешқандай бақылау жасай алмайтын төртінші билік шеңбері – офшордағы салық аралдары өз-өзінен қалыптасты. Бірақ бұл аралдар да бұрынғыдай толық қауіпсіз емес.
Швейцарияда «Қаржылық әрекет тобының» арқасында банк құпиясы азайтылып, салық аралдары тазартылды, сондықтан қазір қаржыны жасыратын екі-ақ жер қалды. Олар – АҚШ пен Ұлыбритания. Бұл екі ел де жасырын түрде қаржы жіберуге және актив иелерінің аты-жөндерін құпия ұстауға рұқсат береді. АҚШ-та жыл сайын миллиардтаған доллар қаржы заң фирмаларының жасырын есеп-шоттары арқылы келіп түседі, бұл қаржыны жымқыруға көп үлес қосып отыр.
Жалпы, Батыс елдерінің үкіметтері өз аумағында мұндай әрекеттерге көп бақылау орната бермейді. Ресей 2014 жылы Қырымды заңсыз аннексиялап алған соң Путиннің айналасындағылардың АҚШ пен Еуроодақтағы активтері «бұғатталды» десек те, ұсталған ешкім жоқ.
Бұл дәстүрді өзгертіп, санкцияға іліккен адамдардың активтеріне жан-жақты тергеуді бастайтын кез келді. Ресейдің офшор байлығының біраз бөлігін ұстап отыр деп саналатын АҚШ пен Ұлыбритания Еуропаның көп бөлігіндегі әріптестерінің бастамасын қолдап, бенефициарларды жасыруға тыйым салуы керек. Мұнымен бірге АҚШ адвокаттың жасырын не арам ақшаны елге жөнелту жөнінде клиенттен алған ақпаратты жарияламау құқығын алып тастауы керек.
Бір ғанибеті – жақсы жаңалықтың ауылы алыс емес. АҚШ президенті Дональд Трамп 2 тамызда қол қойған жаңа заң «Ресей Федерациясындағы жоғары лауазымды саяси тұлғалар мен олигархтардың» және олардың «жұбайларының, балаларының, ата-аналары мен бауырларының» есеп-шоттарына 180 күннің ішінде тергеу жүргізуге рұқсат береді.
Ресейдегі либерал саясаткер Леонид Гозман «біздің насихатшылардың сөзімен айтсақ, Ресей мемлекеті – баға жетпес қазына», бірақ екінші жағынан ол жемқорлықпен күрестен бастап клептократ басшыларды құлату сияқты кез келген әрекеттің көмегімен құлатылатын «өте нәзік құрылыс» деген еді. Ресей капиталының Нью-Йоркте, Лондонда және басқа жерлерде тау-тау болып үйіліп қалғанын ескерсек, Батысқа бұл «нәзіктікті» өз мақсатына пайдаланудың тамаша мүмкіндігі туып отыр.
Автор туралы: Андерс Аслунд – Вашингтондағы Атлантикалық кеңестің аға зерттеушісі. Ол қазір Ресейдегі кландық капитализм туралы кітап жазып жатыр.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024