Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Қазақстан Халық Жинақ Банкі» АҚ туралы

«Қазақстан Халық Жинақ Банкі» АҚ туралы

Қазақстан Халық Банкінің тарихы - бұл Қазақстан аумағындағы жинақ жүйесінің құрылу және даму тарихы.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның негізі қайта құрылған Қазақстан Республикасы Жинақ банкінің базасында қаланған.

Еліміздегі алғашқы жинақ кассасы сонау 1923 жылы, төңкеріс жылдарынан кейінгі жаңа экономикалық қарым-қатынастар қалыптаса бастаған кезеңде, Ақтөбе қаласында ашылған болатын, кейіннен ұжымдандыру (коллективтендіру) және индустрияландыру науқандары жүргізілген тұста, 1936 жылы, Алматы қаласында КСРО Жинақ банкінің филиалы ашылды. Нақты 1923 жылдан бастап жинақ жүйесін дамытудың және көпшілікке таратудың жаңа белесі басталды.

Ақтөбедегі жинақ кассасы ашылғаннан кейін небәрі 4 жылдың ішінде республикадағы мұндай кассалар саны 335-ке жетті. 1929 жылы Республикалық жинақ кассасы құрылып, ол Қазақстандағы барлық кассалар қызметіне жалпы басшылықты іске асырды. Кейінгі жылдары олардың саны біршама ұлғайып отырды. Касса салымшыларының қатарына жұмысшыларды, қызметкерлер мен колхозшыларды неғұрлым көбірек тарту мақсатында жинақ кассаларын тікелей зауыт-фабрикалардың өзінде, колхоз-совхоздарда, байланыс мекемелерінде және басқа да кәсіпорындар мен ұйымдарда ашу қолға алынды.

1960 жылдың аяғына қарай жинақ кассаларындағы салымшылар саны 1 770 мың адамға жетті, ал салым ақшаның көлемі 322,7 млн сомды құрады, салымның бір адамға шаққандағы орташа мөлшері 182 сом болды. Жинақ кассаларының саны 1950-1960 жылдар аралығында 1,8 есеге өсіп, 1960 жылдың аяғында 2805-ке жетті. Қазақстандағы жинақ ісі мен жинақ кассалары желісінің кеңінен қанат жаюы ең алдымен еліміздегі тың және тыңайған жерлердің игерілуі нәтижесінде халық шаруашылығының қарқынды дамуымен, еңбекшілердің материалдық тұрмыс жағдайының айтарлықтай жақсаруымен байланысты болды. Тек 1955 жылдың өзінде еліміз бойынша салымшылар шоттарының 44,1 пайызы, ал салымдар қалдығының 44 пайызы тың жерлерді игеру жаппай жүргізілген солтүстік өңірдегі Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарының үлесіне тиді (М. Д. Жолдасбеков, «Незаменимые услуги», Алматы,1986 ж.).

60-жылдардың басында жинақ кассаларында тұрғындардан пәтер, коммуналдық және басқа қызметтер ақысын қабылдау операцияларын жүргізу қолға алынды. Сонымен бірге жинақ кассаларының құзырына зауыт-фабрикалардың, жергілікті кәсіподақ комитеттерінің, өзара көмек кассаларының және шаруашылық қызметпен айналыспайтын қоғамдық ұйымдардың ағымдағы шоттарын жүргізу берілді. Жинақ кассаларының жұмысшылар мен қызметкерлердің, сондай-ақ колхозшылардың жалақысынан ақша сомасын қатаң еріктілік қағидатын сақтай отырып, шоттар мен салымдарға қолма-қолсыз аудару операциялары көбірек қолданыла бастады.

1961 жылы жүргізілген реформа айналымдағы ақша массасын бақылау және ақша шығаруды шектеу шарасы ретінде ойластырылғанымен, көздеген мақсатқа қол жеткізілмеді, ол үшін бүкіл шаруашылық құрылымы қайта өзгертілуге тиіс еді, сондықтан аталған реформа ақша белгілерін ауыстырумен және сомның жаңа бағамын белгілеумен ғана шектелді. 1963 жылдан бастап жинақ кассалары Қаржы министрлігінің құрамынан шығарылып, Мемлекеттік банк қарамағына берілді, халық салымдарының қаржысы бұдан былай банктің кредит ресурсын толықтыруға жұмсалатын болды. 60-жылдардың аяғында жинақ ісінің нағыз даму шегіне жетіп, көркейген кезеңі болды: дәл сол жылдары халық шаруашылығына кредит беруге күрделі капитал қаражаты жіберілді, ал оның негізгі көзін тұрғындардың кассалардағы жинақ салымдары құрады.

1988 жылғы банктік реформа бойынша банк жүйесін екі деңгейге көшіру көзделді: орталық банк және арнаулы банктер. Мемлекеттік еңбек жинақ кассалары КСРО Жинақ банкіне айналдырылып, халыққа және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін мемлекеттік арнаулы банк болып құрылды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендікке қол жеткізуімен жинақ ісінің дамуында үшінші қайта құру кезеңі басталды – дәл осы кезден бастап Қазақстан Халық Банкінің құрылымдық банкингке және функционалдық қайта бағдарлауға негізделген ісі қолға алынды.

1990 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан өзінің нарықтық экономика талаптарына жауап бере алатын банк жүйесін құруға кірісті. 1991 жылдың қаңтарында-ақ «Қазақ КСР-індегі банктер және банк қызметі туралы» деген заң қабылданды, мұның өзі тәуелсіз Қазақстанның банк ісіндегі реформа жұмысының алғашқы қадамы болған еді. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз ресми түрде жарияланған соң бір жылдан кейін, 1992 жылы, Қазақстан Республикасының Жинақ банкі құрылды, оның заңды түрдегі ресми құқық иеленушісі бүгінгі Қазақстан Халық Банкі болды.

1993 жылы Жинақ банкі Қазақстан Республикасының Үкіметіне қарайтын дербес заңды құрылым - «Қазақстан Халық Банкі» болып ұйымдастырылды.

1995 жылы Банк жабық тұрпаттағы Акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Қайта құру рәсімі банк басшылығын ауыстырумен, жұмыс стилін түпкілікті өзгертумен ұштастырылды. Жаңа басшылық банк жұмысына әмбебап қызмет көрсету қағидатын негіз етіп алды және бүгінгі күнге дейін банк қызметі түрлерін барынша кеңейтуді, банкингтегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың соңғы жетістіктерін пайдалануды барынша қолдап әрі дәйектілікпен іске асырып келеді.

1995 жылдың аяғында-ақ Қазақстан Халық Банкі республикадағы аса ірі операциялық банк болып танылды. Қазіргі уақытта Банк қаржы рыногындағы өзінің сол айқындамасынан ауытқымай, қол жеткізген жетістіктерін сақтап қалуға ұмтылып келеді.

1998 жылдың шілдесінде акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен Банк жабық тұрпаттағы акционерлік қоғамнан Үкіметтің қатысуы 100 пайызды құрайтын «Қазақстан Халық жинақ банкі» ашық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.

Сол жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына, оның ішінде 1998 жылдың 6 шілдесінде шыққан № 644 «Қазақстан Акционерлік Халық жинақ банкін 1998-2001 жылдары кезең-кезеңмен жекешелендірудің негізгі бағыттары туралы» деген қаулысына сәйкес акционерлік қоғам капиталын ұлғайту бағытында жұмыс жүргізілді.

2001 жылдың қараша айында өткен сауда-саттық аукционында Қазақстан Үкіметі өзіне тиесілі 33,33%-ды құрайтын акцияларды бақылау пакетін және оған қоса бір акцияны сатты.

Халық Банкінің бүгінгі тарихы – бұл оны жекешелендіру және құрылымдық қайта құру процесі ғана емес. Бұл жаңа банктік технологияларды үздіксіз ендіру, қызметтер спектрін кеңейту процесі, жинақ салымдары жүйесін жаңа талаптар бойынша толық сақтауға және жетілдіруге бағытталған ауқымды стратегия, филиалдық инфрақұрылымы дамыған «сатылас біріктірілген» банктік құрылымды жасау процесі. Бұл қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникативтік технологияларды ескере отырып Қазақстан Халық Банкінің басты міндеттерін – зейнетақы, жалақы төлеу, салықтық, коммуналдық және басқа да төлемдерді қабылдау, шағын және орта кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету міндеттерін шешуге бағдар жасау процесі.

Дереккөз: wikipedia.org

Похожие материалы