Қазақстан мен Еуропа Кеңесі ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңін талқылады
Алматы. 27 наурыз. 7kun.kz – Қазақстан Еуропа Кеңесімен (ЕК) құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігі жүйесін жаңғырту және осы халықаралық ұйымның тиісті конвенцияларына қосылу саласында кең ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Бұл туралы Страсбургтегі Еуропа Кеңесі Министрлер комитетінің сыртқы байланыстар жөніндегі баяндамашылары тобының отырысында сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлімдеді.
Іс-шара Орталық Азия бойынша аймақтық жобаның шеңберіндегі «Еуропа Кеңесінің 2019-2022 жылдарға арналған Қазақстанмен көршілес ынтымақтастықтың басым бағыттары» атты жаңа бағдарламасының екінші кезеңінің басталуына бағытталды.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстанның 1997 жылдан бері ұйыммен және оның құрылымдарымен белсенді ынтымақтасып келе жатқанын, ЕК мүше емес мемлекеттеріне ашық конвенцияларына қатысу мүмкіндігін пайдаланатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Роман Василенко сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға, қылмыстық заңнаманы гуманизациялауға және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жүйелі реформалар аясында Қазақстанның Еуропа Кеңесімен өзара іс-қимылды сақтау және жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, 2018 жылдың шілдесінде «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыруда қазақстандық билікке қолдау көрсету» атты Еуропа Кеңесі мен Еуропалық Одақтың бірлескен жобасы сәтті аяқталды. Бағдарлама қылмыстық сот төрелігі саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық негізі ретінде Қазақстанның мемлекеттік органдарымен тығыз ынтымақтастықта әзірленген.
Бағдарламаның мақсаты - Қазақстанның заңнамалық базасының нормативтерін әділ сот жүйесінің озық тәжірибелеріне сәйкес жетілдіру.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде, Қазақстан қылмыстық сот төрелігі саласындағы Еуропа Кеңесінің үш құқықтық құжатына қосылды, атап айтқанда, «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру, табу, алып қою және тәркілеу туралы», «Салық саласында өзара әкімшілік көмек туралы» және «Салық саласындағы өзара əкімшілік көмек туралы конвенцияға түзетулер енгізу туралы».
Сондай-ақ, Қазақстан 2015 жылы Еуропалық прокурорлардың Консультативтік кеңесінде, ал 2018 жылы - Әділет тиімділігі жөніндегі Еуропалық Комиссия (CEPEJ) және Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесінде (CCJE) бақылаушы мемлекет мәртебесін алды.
«Біз Еуропа Кеңесімен маңызды даму мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық, өңіріміздің әлеуетін одан әрі нығайтатынына сенімдіміз», - деді вице-министр.
Басқосу аясында Страсбургте қазақстандық делегацияның Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Габриела Баттаини-Драгонимен кездесуі өтті. Онда Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың нақты жоспарлары талқыланды. Ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторы ретінде, жақын арада Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесін ашу мәселелері бойынша дайындық барысы қаралды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024