Қазақстан қор биржасы валюталық сауданы толық тоқтата тұру туралы мәселе көтеруі мүмкін
Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау пункттері доллар мен еуро сатуды тоқтатты, Алматыда да дәл осындай жағдай қалыптасты. Kurs.kz сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Нұр-Сұлтан мен Алматының ақша айырбастау пункттері доллар мен еуро сатуды тоқтатты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Бұған дейін 27 ақпан күндіз елорданың ақша айырбастау орындарында доллар 466 теңгеден, ал еуро 517 теңгеден сатылған. Алайда кешке қарай АҚШ валютасының саудасы тоқтады. 28 ақпан таңнан бері мүлде доллар сатқан жоқ.
Ұлттық Банк "Қазақстан қор биржасы" бірлесе отырып теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық ережелерін өзгерту туралы шешім қабылдады.
28 ақпанда сауда Франкфурт аукционы форматы бойынша сағат 15:00-де ашылады немесе биржалық сауда уақытша тоқтауы мүмкін.
"Бұл шаралар уақытша сипатқа ие, белгісіздіктің жоғары дәрежесін және сыртқы геосаяси факторлар тарапынан валюта нарығына және ел ішіндегі қаржылық тұрақтылыққа көрсетілетін қысымды барынша азайту қажеттілігін көрсетеді. Сонымен қоса, сыртқы қаржы нарықтарындағы қазіргі сәттегі аса айқындалмаған жағдайлардың өзгеруіне қарай Ұлттық Банк "Қазақстан қор биржасы" АҚ-мен бірлесіп 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-ге дейін биржалық валюталық сауда-саттықты толық тоқтата тұру туралы мәселені қарауы мүмкін", – деп жазылған мәлімдемеде.
Теңге-АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттықтың бұдан былайғы режимі туралы ақпарат ресми байланыс жасау арналары арқылы уақытылы жеткізілетін болады.
Ал Мәскеу биржасы да рубль-доллар валюта жұбы бойынша сауданың басталатын уақыты 15:00-ге шегерілгенін мәлімдеді.