Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz – Сенат депутаттары Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының үкіметтері арасындағы жеңілдікті кредит беру туралы негіздемелік келісімді бекітті. Құжат Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.
ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы жеңілдетілген кредит беру туралы негіздемелік келісім Пекинде 2018 жылғы 7 маусымда жасалды.
Негіздемелік келісімге сәйкес тараптар Қытайдың экспорттық-импорттық банкі Қазақстан Үкіметіне қаржы министрлігі атынан жалпы сомасы 2,062 млрд юаннен аспайтын, жылдық 2% пайыздық ставкасымен 20 жыл мерзімге, соның ішінде бес жылдық жеңілдік мерзімін қоса алғанда, жеңілдікті несиені беруге уағдаласты.
Несие «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының қазақстандық бөлігінде орналасқан өткізу пункттерін техникалық жаңарту және модернизациялау» жобасын жүзеге асыруға жұмсалады.
Бұдан басқа, негіздемелік келісімде ҚХР үкіметі тікелей кредиторға төлейтін кредит бойынша пайыздарды субсидиялауға арналған шығыстар туралы ереже көзделген. Бұл ереже несие бойынша берілетін жылдық 2% пайыздық мөлшерлеме банк шығындарын өтемейтіндіктен белгіленді. Субсидиялаудың барлық шарттары мен ставкаларын ҚХР Үкіметі мен Экспорт-импорт банкі өзара қарайды.
Жалпы жеңілдетілген несие жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, тиісті жабдықтарды жеткізуге, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ тоғыз автомобиль және бір темір жол өткізу пункттерін жаңғырту бөлігінде инженерлік желілерді жүргізу жөніндегі жұмыстарға бағытталады. Нәтижесінде кедендік шекарада кедендік бақылауды ақпараттық қамтамасыз ету мүмкіндігі болады.
Бұған дейін, қаржы министрі Әлихан Смайылов журналистерге кредит Nuctech қытай компаниясының құрал-жабдықтарын жеткізумен байланысты екенін хабарлады.
«Әлемге әйгілі қытай компаниясы өз жабдықтарын 122 елге жеткізеді. Кеден саласындағы олардың жабдықтарының сапасы америкалық және еуропалық баламалардан кем емес, бағасы арзан», - деді министр.