Алматы. 20 қаңтар. 7kun.kz - Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі және ұсақ малдарды шетелге шығаруға тыйым салды.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, АШМ-нің алдына қайта өңделген өнімдерді 2,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды. Осыған байланысты министрлік қалыптасқан жағдайға қатысты шаралар қабылдады.
"Мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштері негізінде ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «Ауыл шаруашылығы малдарын экспорттаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды, ол бұрын асыл тұқымды малдың экспортын уақытша шектеген. Бұл өзгерістер барлық жыныстық-жас топтарының ІҚМ мен ұсақ мал экспортына толықтай тыйым салады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2019 жылы елден 156 мың бас ірі қара мал шығарылды. Бұл ретте басым көпшілігі – 121,6 мың бас, немесе 78%-ы Өзбекстанға, тағы 14%-ы Арменияға жеткізілді.
Бұдан басқа, Қазақстаннан 264 мың бас қой шығарылды, оның жартысынан астамы аналық мал басы болды. Атап айтқанда, ҰҚМ негізгі сатып алушы - Өзбекстан. Көрші мемлекетке 200 мыңнан астам қой (76%) жеткізілді. Ресей 21,5 мың бас (8,1%), Әзірбайжан – 18 мың бас (6,7%), Иран – шамамен 12 мың бас (4,5%) сатып алды.
"Одан әрі қайта өңдеу және сату үшін тірі малдың жаппай экспорты ет өнімдеріне бағаның алыпсатарлық өсуіне негіз болды. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдай қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктелуінің төмендеуіне алып келді. Орташа алғанда, 2019 жылы олар өз қуатының жартысына жетті. Олардың толық қуатқа жете алмауының негізгі себебі тірі мал экспортының жоғары деңгейі нәтижесінде қалыптасқан шикізат тапшылығы болды", – деп түйіндеді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.