Бизнес болған жерде айғай-шу, жанжал бірге жүреді. Құрылған компания дағдарысқа байланысты өз шығындарын өтей алмайды немесе жұмысының салғырт болуынан басы арылмас дауға қалады. Оларды бірі біледі, бірі біле бермейді. Соңғы жылдары қандай отандық компаниялардың жанжалмен аты шықты? Оларға қандай шаралар қолданылды? Бұл жөнінде 7kun.kz анықтап көрді.
"Гүлнар-Тур" туристік компаниясы
[caption id="attachment_39701" align="alignnone" width="635"] Фото: kapital.kz[/caption]Қазақстандағы туристік салада 1996 жылдан бастап қызмет көрсетіп келген "Гүлнар-Тур" компаниясы 2014 жылдың тамыз айында лицензиясынан айырылды.
2014 жылдың шілде айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасына (ҰКП) туристік фирмалардан туристік саладағы проблемалар туралы, атап айтқанда, халықаралық шипажайларға қазақстандық туристерді чартерлік тасымалдаумен байланысты проблемалар бойынша өтініштер келіп түсе бастады. ҰКП қалыптасқан жағдайды талдаудан өткізеді. Нәтижесінде 2014 жылдың шілде айында «Гүлнар-тур» ЖШС компаниясының клиенттер алдындағы шарттық міндеттемелерін орындамағандығы анықталды.
Туристік компания жұмысының кемшіліктерінен жалпы туристік тасымалдау сферасында бөгелістер болды. Шипажайларға ұшу кері шегеріліп, кейбір туристер тіпті елден шыға алған жоқ. Жолдамаларды төлеп қойған, бірақ демалуға әлі бармаған клиенттер де жапа шекті. Мемлекет араласқаннан кейін ғана 2014 жылдың 3 және 9 шілде аралығында Түркиядан өзге әуе компанияларының ұшақтары Қазақстанның 889 азаматын алып келді.
«Гүлнар Тур» фирмасының туристерге келтірген шығыны бастапқыда 6 млн теңге деп анықталғанмен, кейін келе 30 млн теңгеден асқаны белгілі болды. Залал шеккен адамдар саны 100-ге жетті.
2014 жылдың 22 тамызында сот компанияны лицензиясын айырды, агенттік басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
"Әл-Баракат" құрылыс компаниясы
[caption id="attachment_39707" align="alignnone" width="810"] Фото: Гүлнар Мермұқанова[/caption]Қазақстанның Құрылысшылар қауымдастығының хабарлауы бойынша, «Әл-Баракат» компаниясы 2014 жылы Астананың жылжымайтын мүлік нарығында пайда болды. Құрылыс компаниясы тұрғын үйлерді салу мен оларды сату кезінде 1 шаршы метрдің бағасын нарықтағы бағадан бірнеше есе төмендетіп ұсынды және осы үшін де күдікті компания ретінде танылған. Яғни компания бір шаршы метр тұрғын үйдің құнын 800 долларға бағалаған. Тіпті бұл баға компанияның сайтында да жарияланады. Дегенмен 2014 жылдың қыркүйек айында халықты арзан бағамен алдаған "Әл-Баракат company" құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Астана қаласының әкімдігі «Әл-Баракат» ЖШС-ның Астана қаласындағы құрылысы басталмаған «Тенгиз», «Токио», «Шарджа» тұрғын үй кешендерін салуға рұқсат құжаттары жоқ («Прага» ТК басқа), және үлескерлердің қаржысын тартуға және баспаналарды сатуға құқық беретін лицензиясы жоқ екенін анықтайды. Сондықтан жергілікті әкімдік бұл іс материалдарының барлығын ІІД қарауына жіберген.
Ал аталмыш компания өкілдері өздеріне қатысты айтылған айыптауларды негізсіз деп есептеп, тіпті өздерінің әрекеттері дұрыс екендігін сотта дәлелдейтіндігін жеткізген. Дегенмен өз әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдемек болған компанияның бас директоры Бақытжан Тойымбетов 2015 жылдың қазанында қамауға алынды.
Бұған қоса 2016 жылдың ақпан айында тағы бір басшысы қолға түсті. Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, күдікті - Ойбек Кобилов есімді Өзбекстан азаматы болып шықты. Ұсталған жігіт өз отанында ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген. Ол "Әл-Баракат" компаниясы бас директордың құрылыс мәселесіне жауапты болады. Бірақ, мердігер компанияның қызметкерлер тізімінде ресми тіркелмеген.
"Тengri Travelsystem" туристік компаниясы
[caption id="attachment_39708" align="alignnone" width="490"] Фото: ekaraganda.kz[/caption]2015 жылдың 3 мамыр күні түнгі 2-3 аралығында Travelsystem компаниясының ресми сайтында қызметтің тоқтатылуы туралы хабарлама ілінді. Travelsystem туристік агенттігінің кенеттен жабылып қалуына байланысты шамамен 700 қазақстандық турист тұрып жатқан қонақүйлерінен шығуға мәжбүр болды.
Турагенттік тарапынан болған олқылықтың орнын толтыру үшін SCAT әуе компаниясы зардап шеккен қазақстандық туристерге Түркиядан Қазақстанға тегін ұшу мүмкіндігін ұсынды. Ал «Air Astana» әуе компаниясы Анталиядан Астана мен Алматыға рейсті орындап, шамамен 800-ге жуық жолаушы елге қайтарылатынын мәлімдеді.
Инвестициялар және даму жөніндегі министрлігі Tengri Travelsystem туроператорымен болған жағдайды шешу үшін оперативтік штабты құрды. Инвестиция және даму министрлігіндегі туризм департаментінен компания директоры Роман Хванға іздеу салынғаны жөнінде хабарланды. Ол 2015 жылдың қыркүйек айында Ішкі істер органына келіп, іске қатысты күдікті ретінде жауапқа тартылды. 17 қыркүйекте іс-әрекетіне байланысты «кепілдік» шарасымен босатылды.
Тravelsystem-нің әрекетінен 5 млн доллар шығын келді. Сонымен қатар «SCAT» әуе компаниясына 2,5 млн доллар қарыз болды.
"Фараон" туристік компаниясы
2015 жылы туроператорға қатысты жанжал Тengri Travelsystem-мен аяқталған жоқ. Осы жылдың шілде айын қарағандылық «Фараон» компаниясының жүздеген клиенттерінің алданып қалғаны белігілі болды.
Фирма 5 жыл бойы жұмыс істеп келген. Соңғы 2 жылда компанияда қаржылық қиындықтар туындай бастады. Нарықтағы орнын сақтап қалу үшін «Фараон» шығынға жұмыс істеп, туристік пакеттерді сатып алып, оны клиенттерге төмен бағамен өткізеді. Ал төлемді қолма-қол ақшамен қабылдап отырған. Түрлі бағытқа жолдама алған жүздеген адам елден шыға алмай қалды. «Фараон» компаниясының кеңсесі жабылып, басшылық жасырынуға тырысқан.
Дегенмен шілде айының ортасында туристік компания жапа шегушілерге алғашқы өтемақыларды төлей бастаған. Бұл жайында компанияның заңгері хабарлаған еді.
Компанияның шығын көлемі шамамен 80 мың АҚШ долларына жуықтайды. "Фараон" компаниясы өкілдерінің мəлімдеуінше, келеңсіздік Алматы мен Түркиядағы операторлардың жауапсыздығы кесірінен орын алған.
"Азбука жилья" құрылыс компаниясы
[caption id="attachment_39709" align="alignnone" width="900"] Фото: dixinews.kz[/caption]«Азбука Жилья» құрылыс компаниясы 4 мыңнан аса халықтың ақшасын алып, уәде етілген тұрғын үй кешенін салып бермеуімен дауға қалды. Олар құрылыс жұмыстары 2012-ші жылы басталып, 2014-ші жылы пайдалануға берілуі тиіс үйлердің құрылысын толық аяқтамаған.
40 миллиард теңгеге жуық қаржыны жинап алған компания ЭКСПО қалашығы маңынан 8 тұрғын үй кешенін тұрғызамыз деп уәде берген. Бірақ «Азбука жилья» компаниясының құрылыс жүргізуге лицензиясы болғанмен, үлескерден ақша жинауға рұқсаты болмаған. Сондықтан Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Доланбеков компанияға ақшасын сеніп тапсырған үлескерлердің де кінәсі бар екенін айтқан еді. Дегенмен олар үлескерлерге заңдық тұрғыда көмектесеміз деген.
Осыдан кейін 2015 жылдың 22 қазанында компанияның аяқсыз қалған жұмысын "Орда иннжиринг" ЖШС аяқтайтыны белгілі болды. Олар «Садовые кварталы», «Жетi жол», «Комфорт», «Комсомольский» және «Гарант». Ал «Expo Town» тұрғын үй кешенін болгариялық инвесторлар салып беретін болды. Құрылысы бел ортасынан тоқтап, қаражаты компания басшысымен бірге ғайып болған нысанға шетелдіктер 100 млн доллар қаржы құймақ.
Ал құрылыс компаниясының жетекшісі Ерқанат Тайжановтың Австрияда жасырынып жүргені мәлім болды. Оны қамауға алу туралы сырттай шешім шығарылған.
"Арселор Миттал Теміртау" компаниясы
[caption id="attachment_39710" align="alignnone" width="640"] Фото:azattyq.org[/caption]Бұл компания жұмысшыларының жалақасына қатысты дауға қалған. 2015 жылдың ақпан айының басында «АрселорМиттал Теміртау» металл комбинаты күрделі қаржылық жағдайға байланысты қаңтар айындағы қызметкерлерінің жалақысын қайта есептеп шыққанын хабарлады. Жекелей алғанда, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның, «Өркен» ЖШС-ның және «Құрылысмет» ЖШС-ның шойын және көмір департаментіндегі жұмысшыларына қаңтар айындағы жалақылары тек 75 пайызын төлеу туралы шешім қабылданған-ды.
Алайда Қазақстан Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Бердібек Сапарбаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына шахтерлер мен кеншілер толық көлемде жалақыларын алмайтын болса, жеңілдіктерден айыратындығын мәлімдеді, ал облыстық прокуратура еңбек инспекциясына жұмысшылардың жалақысын төмендету туралы еңбек заңнамасына сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Осылайша, бір аптадан соң «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтерлер мен металлургтер жалақысын толық көлемде төлейтіні туралы хабарлады.
Дегенмен осы жылдың шілде айының соңында «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы компания қызметкерлерінің жалақысын 2015 жылдың 1 тамызынан бастап 25 пайызға қысқарту туралы шешім қабылдады. Мұның қажеттілігі геосаяси факторлармен және нарық шарттарының осыған мәжбүр етіп отырғандығымен түсіндірді.
Кейінірек еңбек мемлекеттік инспекторы компанияның еңбек қатынастары және еңбек реурсы бойынша директорына жалақыны 25 пайызға қысқарту туралы бұйрықты кері шегеру жөнінде жарлық қағаз тапсырды. «АрселорМиттал Теміртау» кеншілердің жалақысын заңды түрде 25 пайызға қысқарту үшін экономикалық сотқа жүгінбекші екендіктерін мәлімдеді.
Маржан НҮСІПБЕК "7"