Алматы. 30 желтоқсан. 7kun.kz — Қазақстан Ұлттық Банкі 2019 жылдың 8 айы ішінде банк секторы активтерінің сапасына баға берді. Бұл - қатысушы банктердің және тұтастай алғанда барлық қаржы индустриясының жай-күйі туралы қолжетімді ақпараттың сапасы мен тереңдігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін өзінің ауқымы жағынан теңдессіз бағдарлама. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Активтердің сапасын бағалау 14 ірі банктерді қамтыды, олардың үлесіне банк активтерінің жалпы көлемінің 87%-ы және несие қоржынының 90%-ы тиесілі.
"Бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк АСБ-ны халықаралық консультантпен және тәуелсіз аудиторлық компаниялармен бірлесіп өткізді. Қазақстанның банк секторының жай-күйі Еуропа Орталық Банкінің (ЕОБ) әдіснамасына сәйкес зерделенді, ол бірыңғай халықаралық сапа стандарттарының сақталуына кепілдік береді және бағдарламаның нәтижелеріне халықаралық қоғамдастық тарапынан сенімді қамтамасыз етеді", - делінген баспасөз хабарламасында.
АСБ қорытындысы бойынша есеп дайындалды, ол қолданылған тәсілдің жалпы сипатын, активтер сапасын жүйелік деңгейде бағалау нәтижелерін және алдағы ісқимылдардың тізбесін қамтиды.
"Активтер сапасын 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша шоғырландырылған деңгейде бағалау нәтижелеріне сәйкес (барлық қатысушы банктер нәтижелерінің агрегациясы) капитал тапшылығы байқалмайды; k1 және k2 нормативтері АСБ бағдарламасының нәтижелері ескеріле отырып жүйелік деңгейде артығымен орындалуда", - деді Ұлттық банкте.
Айта кетейік, қазіргі кезде активтер сапасын бағалаудың бірінші кезеңі аяқталды. 2019 жылғы қызмет нәтижелерін, қаржылық және реттеушілік есептілікті қалыптастыру ескеріле отырып, банктер реттеуші берген ұсынымдарды негізге ала отырып, жан-жақты шаралар жоспарларын әзірлейді. Банктердің әрқайсысы бойынша жоспарлар Реттеушінің мақұлдауына жіберіледі. Көрсетілген процесс 2020 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталады. Келісілгеннен кейін шаралардың орындалуын реттеуші қатаң қадағалап отырады.
"АСБ-ның екінші кезеңінде банктермен жүргізілген жұмыстың қорытынды нәтижелерін Ұлттық Банк 2020 жылғы 28 ақпанда Бағдарламаға қатысушы банктер бойынша береді", - деп толықтырды реттеуші.
Сондай-ақ, Ұлттық банктің мәліметінше, АСБ қорытындысы бойынша тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіруге және банктердегі бизнес процестерді жақсартуға бағытталған жүйелік шаралар жайында бастама көтеріледі.
Еске сала кетейік, бағалау Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес жүргізілді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024