Экономика
Авто
Рахман Алшанов: Нарық заманында әр адам өзіне-өзі жауапты болуы керек
Жеке қаражатты басқару, несие туралы
Нарық заманында әр адам, әр отбасы өзіне-өзі жауапты болуы керек. Тиын санайтын заман келді. Ақша алғанда «Ертең оны қалай қайтарамын?» деген ой тұруы керек. Бір кездері «Үкімет қолдайды. Қарызды жауып береді» деген пікір қалыптасқан болатын. Одан арылу керек. Осындай пікірден арылмаса, ылғи проблема бола береді. Нарықтық экономикада өмір сүру жауапты өмір сүру дегенді білдіреді. Несие алдың ба, белгіленген мерзімде қайтару керек.
***
Халық та үйренуі керек. Өз төлем қабілетіне қарамай көлік алады. Үй салады. Бірінен-бірі қалмауы үшін жанталасады. Негізі бір машинаның құнына шағын кәсіпорын, мысалы, наубайхана ашуға болады. Тыраштанып өзгеден қалмайын деп джип, басқа да қымбат көлік алады. Бір-екі күн бай болады да, сосын қарызды қайтара алмай қашып-пысып жүреді.
***
Біздің қазақ қарыз алып той жасайды. Шамасына қарамай тойға көп адам шақырудың керегі не? Той жасамағанға ұялатын несі бар? Қайта қарыз алып оны қайтара алмай жүрген ұят емес пе? Кей кезде біз жағдайға қарамай әрекет жасаймыз.
***
Елбасы «Ағайындар-ау, несиені алғанда ертең оны қайтару керектігін ойламайсыңдар ма?» деп бірнеше рет айтты. Қайтара алмаған қарызды мемлекет қашанғы жабады? Мемлекеттің бюджеті негізінен салықтан жиналады. Ол – халықтың ақшасы.
***
Несие керек, өйткені экономика өсуі тиіс, бірақ әркім несие аларда өз шамасына қарауы қажет.
Банктердің жауапкершілігі туралы
Экономикада тиімдісі – банктердің үстемақысы 10-15 пайыз шамасында болғандығы. Одан жоғары болса адамдардың қайтару қабілеті жетпейді.
***
Халықтың (несиені-ред.) уақытында төлей алмайтынын түсінгеннен кейін банктер өз саясатын өзгертуі керек еді. Банктер де, мемлекет те, Ұлттық банк те ережені өзгертуі тиіс. Олай болмаған жағдайда бұл мәселе ары қарай жалғаса береді.
***
«Үкімет несиемізді жауып береді» деп жүретін адамдар да аз емес. Банк қызметкерлері қайтару мүмкіндігі аз адамдарға несиені неге береді? Банкте несиені заңсыз жолмен алып беруді ұйымдастырып, солардың арқасында табыс тауып отырғандар да бар. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың да иісі білініп тұр.
Коллекторлар туралы
Қазір бәрі коллекторларға қарсы шығып жатыр. Бір Алматының өзінде тұтынушылар 78-80 миллиард теңге қарыз екен. Коллекторлар бизнес жасап отыр.
***
Коллекторлар халықтың ақшасын сыпырып алып жатыр. Халықтың қарызының көп болғаны коллекторларға пайда. Халық жем болып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, коллекторлар көтерем, ақсақ-тоқсақ малды сүйреп кететін қасқырлар сияқты.
***
Президент сайлауы кезінде «Нұр Отан» партиясының штабын басқардым. Сонда бізге қанша адам келіп «Коллекторлар бізді тонап жатыр» деп шағым жасады. Біз сол коллекторларды шақырып, сөйлестік. Олар «заң солай» дейді. Дегенмен коллекторлардың арасында белден басатындар аз емес. Ұлттық банктен бастап коллекторларға дейін бұл жүйені реттеуі керек. Әйтпесе, қоғамда үлкен наразылық тууы мүмкін. 1 миллион 200 мың халықтың наразылығы деген оңай дүние емес.
Проблемалық несие туралы
«Проблемалық несиенің көбейіп кетуіне әлеуметтік ахуал да әсерін тигізіп жатыр» деген де пікірлер айтылып қалады. Бұл жерде айтарымыз банкте осындай мәселелерді қарайтын арнайы комиссия бар. Олар жағдайға қарап, зерттеп, тұтынушыларға жеңілдік беріп, ары қарай уақытын созып жатыр.
***
Проблемалық несие дегеннің өзі үлкен, ушығып тұрған мәселе болып тұр. Сондықтан бұл мәселені халыққа күнделікті айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіспіз. Проблемалық несие алып ұрынған жандардың басынан өткен жағдайды ашып көрсетіп, халықтың көзін ашуымыз керек.
***
Проблемалық несиенің артында көп мәселе бар. Ол – жемқорлық, алаяқтық, банк қызметкерлерінің жеңіл қарағандығы, халықтың надандығы. Айта берсең түрлі жағдайлар көп.
***
«Елімізде экономистер көбейіп кетті» деп жатады. Елде нағыз экономист, қаржыгерлер көп болса, біз мұндай тығырыққа тірелмес едік.
Қаржы тақырыбының БАҚ-да көтерілуі туралы
Қаржылық сауаттылық, несие, оның үстемақысы қалай есептеледі, осындай жағдайларды БАҚ үнемі қозғап, жазып отырса жақсы болар еді.
Дереккөзі: «Айқын» газеті.
Гүлнар Жұмабайқызының «Қайтарылмаған несие мәселесі қашан шешіледі?» атты мақаласы.