Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

"Енді рубль біз үшін бағдар болмайды": Ұлттық Банк Төрағасы валюталық бағамдардың динамикасына түсініктеме берді

"Енді рубль біз үшін бағдар болмайды": Ұлттық Банк Төрағасы валюталық бағамдардың динамикасына түсініктеме берді

ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан Пірматов жоғары геосаяси белгісіздік жағдайында қаржылық және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz

Назарларыңызға ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғалымжан
Пірматовтың базалық мөлшерлемені сақтап қалу себептері, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар және валюта нарығындағы ахуал туралы бүгінгі мәлімдесеінін тезистер ұсынамыз.

ҚР ҰБ-тың аса күрделі геосаяси ахуал жағдайында қаржылық және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы

"Жағдай өте қиын, белгісіздік деңгейі де орасан. Сыртқы секторда ең жағымсыз қауіп-қатерлер мен геосаяси тұрғыда тәуекелдер пайда болды. Біз үкіметтердің, орталық банктердің, қаржы және басқа да ұйымдардың Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға қатысты мәлімдемелерін бақылап, осы санкциялардың Қазақстанға қалай әсер ететінін бағалап отырмыз. Біз Қазақстанда қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Ақпан айында базалық мөлшерлеменің 13,5%-ға дейін кезектен тыс көтерілу себептері туралы

"Біз ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдайды үнемі қадағалап отырамыз, сондай-ақ нарықтық өзгерістердің ықтимал салдарын бағалаймыз. Ел үшін жағымсыз салдарға әкеп соқтыруы мүмкін күрт өзгерістер орын алған жағдайда, Ұлттық Банк жоспарлы кестеден тыс базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдауға құқылы. Ақпан айының соңындағы жағдай осыны дәлелдейді.

Енді оның туындау себептерін айтасам. Сыртқы күйзелістер түрлі елдерге бірдей әсер ете бермейді. Ресей біздің негізгі сауда әріптесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының әлсіреуі теңгеге де қысым көрсетті. Мұндай жағдайда Қазақстанда базалық мөлшерлемені жедел арттыру сыртқы күйзелістер салдарының ел экономикасына таралуының алдын алуға қажетті шара болды. Біз қабылдаған жедел шешім теңгенің айырбастау бағамына көрсетілетін қысымды, атап айтқанда, алыпсатарлық қысымды төмендетуге мүмкіндік беріп, инфляциялық және девальвациялық күтулердің өсуін болдырмауға бағытталды.

Мұндай дағдарыс жағдайларында жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайын екенімізді көрсету маңызды, біз өз әрекеттерімізді, саудадағы өзгерістер мен интервенциялар туралы ақпаратты ашық жариялап, нарықпен бөлісеміз. Менің ойымша, бұл дәл қазір өте маңызды. Бұл бізге ақша-кредит саясатын жүргізуге көмектеседі: ашық диалог пен іс жүзіндегі әрекеттеріміздің жариялылығына қарап-ақ, нарықтың кәсіби қатысушылары Орталық банктің не істеп жатқанын және Қазақстанда қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін қажетті барлық шешімді қабылдауға дайын екенін білгені жөн", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Қазіргі базалық мөлшерлемені сақтау туралы шешім қабылдауға әсер еткен факторлар туралы

"Күрт өзгеріп жатқан жағдайды және бұрын-соңды болмаған белгісіздік деңгейін ескеріп, белгілі бір уақытқа үзіліс жасадық. Бұл уақыт бізге негізгі ішкі және сыртқы макроэкономикалық индикаторлардың осы күтпеген өзгерістерге ықпалы жөнінде жаңа ақпарат жинауға мүмкіндік береді.

Ахуал түбегейлі нашарлаған жағдайда бізде пайыздық саясат шеңберінде бұдан былайғы шешімдер қабылдау үшін кеңістік сақталып отыр. Егер қаржы нарықтарында құбылмалылық артатынын көретін болсақ, біз қаржы тұрақтылығына нұқсан келтірместен, ақша-кредит талаптарын елеулі түрде күшейте аламыз", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Инфляцияны төмендету бойынша жалпы саясаттың бір бөлігі ретінде базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдау туралы

"Біз сыртқы геосаяси тәуекелдердің пайда болғанын ескере отырып, ол қиындықтарды сезінуге әрі түсінуге мәжбүрміз. Біздің барлық әрекетіміз Қазақстанда баға және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Базалық мөлшерлемені арттыруымыздың өзі инфляциялық күтудің орнын толтырады және теңгедегі жинақтардың кірістілігін арттырады.

Яғни, халықтың жинақтауға деген ұмтылысын ынталандыра отырып, инфляциялық қысымды жеңілдетуге тырысамыз. Біз базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын ең жоғары мөлшерлемелер де бірден өсті", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Теңгелік активтердің тартымдылығын арттыру және несиелік қаражаттың қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары туралы

"Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен бірлесіп теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын жариялады. Ол 10% мөлшерінде өтемақы төлеуді қарастырады. Бұл шаралардың барлығы теңгедегі жинақтардың кірістілігін арттыруға, халқымызды қолдауға және экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған.

Қалыпты жағдайда базалық мөлшерлеменің өсуі белгілі бір дәрежеде экономикадағы ақша құны өсуі үшін жасалатынын қосымша атап өткім келеді. Қандай да бір жолмен кредит қаражатының қол жетімділік деңгейі төмендеуі мүмкін. Дәл осы жағдайда біз экономикадағы ақша құнын арттыру және кредит берудің қол жетімділігін шектеу үшін жасаған жоқпыз. Біз мөлшерлемені банктерді қаржыландыру үшін көтердік. Өйткені, банктердің базасы халық депозиттерінен құралады, оның көмегімен банк халыққа кредит береді. Егер халықтың девальвациялық және инфляциялық күтулері үй шаруашылығын жүргізу тәсілдерінің өзгеруіне, яғни депозиттік базаның долларлануына әкеп соқтырар болса, онда банктерде кредит беруге мүмкіндік беретін қор жинақтау базасы таусылып қалар еді. Сондықтан бұл шешім банктердің экономикамызды кредиттеуге мүмкіндігі болуы үшін жасалып отыр", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Рубль бағамы динамикасының теңге бағамына әсері және валюта нарығындағы қазіргі ахуал туралы

Жағдай шынымен де күрделі. Одан әрі де санкциялар күшейтілуі мүмкін деген болжамдарға байланысты сауда-саттықта рубльдің жағдайы құбылмалы. Әрине, Ресей Федерациясы қазір біздің негізгі сауда әріптесіміз саналады. Рубль бағамының долларға шаққандағы өзгеруі Қазақстан теңгесіне де әсер етпей қоймайды. Енгізілген санкциялардың нәтижесінде рубль енді техникалық түрде негізгі екі алаңда – Мәскеу биржасында, ішкі нарықта және банкаралық нарықта саудаланады. Өкінішке қарай, оларда баға белгілеу әртүрлі. Біз Мәскеу биржасына көбірек қараймыз, онда өтімділік бар. Банкаралық биржада өтімділік көп емес. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы осы деңгейде болса да, рубль сегменттің өсуімен саудаланатынын атап өткім келеді, оның құны қанша болуы керек деген іргелі талдау жоқ. Бұл – нарықтың қалыпты ықпал етуі. Менің ойымша, теңге рубль бағамының әсеріне ұшырай бермеуге тиіс және бізде құбылмалылық та өсті, бірақ ол рубльге шаққандағы бағаммен бір деңгейде емес. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда мен сауда ағынының қазір қалай өзгеретінін ескере отырып, теңге мен рубль басқа тепе-теңдік құнын табады деп ойлаймын. Сондықтан бұл деңгейдің қандай болатынын қазір айту қиын. Бірақ біз қазірдің өзінде соңғы 6 жылда байқалған деңгей енді біз үшін бағдар бола алмайтынын түсіндік", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Белгіленген теңге бағамына көшудің жөнсіздігі мен тәуекелдері туралы

"Ұлттық Банк белгіленген бағамға көшуді қарастырмайды. Біз кезінде бұл жағдайдан өткенбіз. Экономикамыздың құрылымы бағамды белгілі бір деңгейде ұстап тұруға, бекітуге тырысқанымен, оның арты күрделі түзетуге, бір уақытта девальвацияға алып келгенін тәжірибе көрсетіп берді. Белгіленген бағам алтын-валюта резервтерінен айтарлықтай үлкен шығыстарды талап етеді. Егер біз мұны соңғы рет жасауға тырысқан 2014-2015 жылдарды еске алсақ, бізге 35 млрд доллар қажет болды, нәтижесінде біз теңге бағамын бәрібір ұстап тұра алмадық.

Белгіленген айырбастау бағамы сарапшылар ортасында бизнестің инвестицияларын, шығысын, кірісін жоспарлай алатын талап ретінде ұсынылады және бұл бизнес үшін маңызды. Дегенмен бизнес белгісіздік көптеп орын алған жағдайда өмір сүре алады. Бұл – айырбастау бағамы ғана емес, баға, инфляция. Бұл – кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер. Бұл, әдетте, болашаққа үміт арту және ертеңге күнге сенім білдіру. Сондықтан айырбастау бағамы – факторлардың бірі ғана", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Инфляциялық күтулер және баға тұрақтылығына әсер ететін басқа да факторлар туралы

"Егер халық, үй шаруашылықтары және бизнес – Ұлттық Банк инфляцияны ұстап тұра алады деп сенсе, инфляциялық күтулер тұрақталып қалар еді, бағалар қалай болатыны, экономикадағы ақшаның нақты құны қандай болатыны түсінікті болар еді.

Қазақстандағы бизнес-ортаға әлі де ұзақ мерзімді сенімді қамтамасыз ете алсақ, бизнес үшін жақсы болар еді – бизнес пен үй шаруашылықтарының экономикалық шешімдер қабылдауына әсер ететін мәселелер өте көп. Сондықтан біз белгіленген бағамға қайта оралуды қарастырмайтынымызды айтқым келеді. Құбылмалы айырбастау бағамы сыртқы күтпеген өзгерістерді реттеуге мүмкіндік береді және біз үшін Қазақстандағы баға тұрақтылығы негізгі басымдық болып қалады", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Қазақстан экономикасын одан әрі дамытудағы болжамдар мен кезекті болжамдық раундтардың қорытындылары туралы

"Сыртқы нарықтардағы және сауда әріптес елдердегі жағдайдың өзгеруі болжамды раундты толық дайындауға қиындық туғызып отыр. Осыған байланысты негізгі бағыттарға тоқталып, экономикамыздың қысқа және орта мерзімді перспективада өзін қалай ұстайтынына тоқталған жөн. Қазақстан экономикасының өсуін біз экспорттайтын негізгі энергетикалық ресурстардың бағасы, бюджет шығыстары қамтамасыз етеді және белгілі бір дәрежеде елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы да іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге ықпал етеді.

Жиынтық сұраныс тарапынан инвестициялық және тұтынушылық сұраныс серпіні біздің алдыңғы болжамдарымызбен және бағалауларымызбен салыстырғанда анағұрлым төмен болатындығын, сондай-ақ көбіне Ресей Федерациясына қарсы түпкілікті санкциялардың ауқымымен және ол санкциялардың әлемдік экономикаға, Ресей Федерациясының экономикасына және біздің экономикамызға қалай әсер етерін еске салар едім. Сондықтан осы факторларды ескере отырып, біз 2022 жылы Қазақстан экономикасының өсуі біздің алдыңғы болжамдарымызбен салыстырғанда төмендеу жағына қарай өзгеше болады деп есептейміз. Дегенмен 2023 жылы экономиканың өсу бағыты қалпына келеді деген болжам бар", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Инфляцияның құрамдас бөліктері, оның ішінде азық-түлік инфляциясы туралы

"Инфляция, біздің бағалауымыз бойынша, алдыңғы болжамдарымыздан жоғары болады және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының әлсіреуі негізгі факторға жатады. Бұл біздің азық-түлік тауарларын да импорттайтынымызды ескергенде, инфляцияға теріс әсер ететін болады. Мұндай өзгеріс проинфляциялық қысым жасайды.

Ресей Федерациясында да инфляция өсуі ықтимал – бұл инфляцияны сырттан импорттайтын фактор болады. Азық-түлік инфляциясы тұрғысынан біз әлемдік бағаның тұрақты өсуін байқаймыз. Ресей Федерациясы сияқты Украина – ірі астық өндірушілердің бірі. Соны ескере отырып, әлемдік нарықтарға астық пен дәнді дақылдарды жеткізуде белгілі бір деңгейде тапшылық туындауы мүмкін тәуекелдің жоғары екенін түсінеміз.

Қазір жеткізу тізбегінде көптеген мәселелер туындап отыр. Тіпті өндірілген өнім болса да, санкциялар риторикасы сақталатынын ескерген күнде мүмкіндігінше тиімді әрі нарыққа оңтайлы түрде қалай жеткізуге болатыны мәселе тудыратыны рас", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Нарық қатысушыларымен өзара байланыс орнату және келешектегі жоспарлар туралы

"Біз болып жатқан жағдайларға ұдайы мониторинг жүргіземіз. Жаңа санкцияларды, әртүрлі елдердің біздің экономикамыз бен қаржы жүйемізге әсері тұрғысынан шешімдерін талдаймыз.

Ұлттық Банкте өте жоғары деңгейдегі мамандар жұмыс істейді және олардың барлығы – өз ісіне берілген кәсіби мамандар. Ұлттық Банкте Қазақстандағы қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдау үшін барлық құралдар мен ресурстар жеткілікті.

Біз ашық коммуникациялық саясатты жүргізуді жалғастырамыз, тиісті шаралар қабылдауға ұмтылатынымызды, оны қалай қамтамасыз етуге тырысатынымызды нарықтың кәсіби қатысушылары түсінуі үшін шешімдеріміздің мазмұнын уақытында ашып, жариялап отырамыз. Меніңше, қазіргі жағдайда бұл өте маңызды", - деді ҚР ҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Похожие материалы