Қазіргі уақытта көпшіліктің мазасын алып отырған бір сауал бар: Сайлаудан кейін теңгенің құнсыздануы бола ма? Болатын болса, қашан жүреді? Осы мәселені қарастыралық.
Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы сәуір айының басында «Сайлаудан кейін қазақстандықтар күтетін ел экономикасындағы өзгерістер. Отандық өндірушілердің тауарларына деген көзқарас» тақырыбында сауалнама жүргізген-тін. Осы сауалнама қорытындысы бойынша респонденттердің 20%-ы теңге құнсыздануы мүмкін деп алаңдап отыр екен. Ал сарапшылар мен қаржы институттары не дейді?
Жағымсыз болжам
Әлемдік ірі сараптама орталықтары - Bank of America Merrill Lynch (BofAML) пен Fitch Ratings агенттігінің Қазақстанның қаржылық ахуалына берген бағасы девальвация ел экономикасының іргесінде тұрғандығын білдіретіндей.
- Біз Қазақстан рецессияға жақын және ары қарайғы экономика дамуын жүзеге асыру үшін девальвация жасауы керек деген қорытындыға келдік, — делінген BofAML шолуында.
Банк теңге құнының жасанды жолмен көтеріліп отырғандығы туралы әлемдік сарапшылардың пікірімен келісе отырып, әлемдік нарықтағы жағдайдың күрт қиындап кетуіне, мұнай мен рубль бағасының түсуіне байланысты қазақстандық валюта құны 20-30%-ға дейін өзгеруі мүмкін деп болжам жасады.
BofAML сарапшылары сәуір айында өтетін президент сайлауы мен мамыр айының басындағы инаугурация валюта саясатына қатысты үлкен өзгерістердің басы болуы мүмкін деген қорытындыға келді.
Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігі де сайлаудан кейін үкімет теңге девальвациясына қатысты шараларды жүргізеді деп сендірді.
Біз президент сайлауынан кейін келесі девальвация болуы мүмкін деп есептейміз. Осыған дейін ел үкіметі теңге үшін рубльдің 3,5 теңгеден 4,5 теңге аралығындағы дәлізі ыңғайлы деп мәлімдеген еді. Бұл долларға қатысты 13%-дан 45%-ға дейінгі аралықта девальвация болуы мүмкін дегенді білдіреді, — деп жазылған агенттік хабарламасында.
Девальвацияға жол жоқ
Әзірше, теңгенің құнсыздануы болмайды деген пікірді тек отандық сарапшылар білдіріп жатыр. Жоғарыда айтылған халықаралық ұйымдардың болжамдары жария болғаннан кейін, олардың тұжырымдарымен келіспейтіндер өз ойларымен бөлісті.
BRB Invest басшысы, экономист Ғалым Құсайынов әлемдік мұнай бағасының құлдырауы, көрші Ресей еліндегі жағдай сияқты факторлар Қазақстан экономикасына әсер ететіндігін жоққа шығармай, осындай күрделі кезеңде Ұлттық қордың пайдасы тиіп қалатындығын айтты.
- Сол себепті бүгінгі күні, әсіресе сайлаудан кейін девальвацияны жүргізу - нақты емес, әлдебір лоббиге көбірек ұқсайды, - деп мәлімдеді Ғ.Құсайынов.
"Асыл-Инвест" АҚ сараптама департаментінің директоры Айвар Байкенов Ресейдің валюта нарығындағы жағдайға тоқтала отырып, Қазақстан билігінің келешектегі әрекеттері қандай болатындығына қатысты өз пікірімен бөлісті.
- Ресей Федерациясындағы инфляция Қазақстандағымен салыстырғанда біршама жоғары. Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк қандай да бір асығыс шешім қабылдап, кенет девальвация жасайды деп ойламаймын. Бұдан әрі реттеуші еркін баға белгілеуге өту арқылы теңгені жайлап әлсіздендіру жөнінідегі саясатты ұстанады деген ойдамын, - деді А.Байкенов.
Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов Fitch Ratings және BofAML мәлімдемелерін аудару кезінде хабарлама мазмұны бұрмаланғандығын айтады.
- Мысалы, баспасөзде Bank of America дүниежүзілік сарапшылармен келіседі деп жазылған, ал банк есебінде сарапшылар "банк пікірімен келіседі" делінген. "Реттеуші" сөзі ел басқарушысы деп аударылған. Бұған қоса, есепте "жыл соңындағы" ("by 2015 end of period") бағам болжанады, бірақ бізде бұл күндердің күнінде болады деген ақпарат тарады, - деп түсіндірді О.Құдайбергенов.
Осы сияқты нюанстарды айта отыра, Олжас Құдайберенов еліміздегі валютадағы депозиттер жағдайын, рубль-доллар-теңге қатынасындағы құбылыстарды түсіндіріп, девальвация болса да, оның пайда әкелмейтіндігін айтты.
- Жалпы алғанда, ақырғы мақсат теңгені еркін құбылуға жіберу болмақ, бірақ бұған жетер жолда біздің жағдайларымыз ескерілуі тиіс, - деп түйіндеді ол.
Сайлаудан кейін бірден девальвация болады дегеннен гөрі, сарапшылар теңгенің еркін құбылу жолына түсу мүмкіндігін атап өтуде.
Мемлекет валюта саясатында осы жолды ұстанатындығын Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов те атап өтті.
- Егер капиталдың сыртқы нарықтарында өзгерістер болса, онда, сәйкесінше, біз бір мезеттік девальвацияға жол бермейміз, айналым бағамын жайлап әрі икемді өзгерту аясында жұмыс істейміз, - деп мәлімдеді Қ.Келімбетов.
Дайындаған Алмас Өтебай "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024