Сарапшы: Қазақстанда гидротехнологиялық құралдардың қауіпсіздігі туралы заң жоқ
Жылдағы «әдетімен» биылғы көктем де су шайып кеткен ауылдарымен есте қалатын шығар. Себебі республиканың әрбір аймағынан келіп жатқан қауіпті хабарламалар толастар емес. Қазақстанның 7 облысындағы су тасқыны әлі де қайтар емес. Кейбір ауылдарды толығымен су басып қалса, енді біріне апаратын жол су асытнда қалған.
Қазақстанның солтүстігінде бұған себеп шектен тыс көп жауған қар десе, оңтүстіктегілер жаңбырдан көреді. Ал билік өкілдері болса әдеттегідей «не істейміз – табиғи апат қой» деп қолды бір сілтейді. Дегенмен тек қана табиғаттың «тылсымына» сілтей жөнелетін біздің шенеуніктердің бұл айласын бірі байқаса, бірі байқамас. Себебі мемлекетіміз ылғалды климатқа жатататын Оңтүстік-Шығыс Азияда немесе батпақты Сібірде орналаспаған. Бізде су тасқыны тек көктемде болмаса, басқа уақытта ауыл шаруашылығына қажетті судың өзі тапшы.
Бүгінге дейін 6 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Оның ішінде Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары бар.
Аузы күйген үрлеп ішеді, ал біз ше?
Қаншама жылдан бері су шаруашылығының мамандары гидротехникалық құралдардың көмегімен мезгіл сайын су ресурстарын бақылап отыру туралы бастама көтеріп келеді.
Қазіргі таңда бөгеттер, су қоймалары мен каналдар, ирригациялық және қашыртқы-кәріз (дренаж – ред.) жүйелерінің қандай жағдайда, тіпті, кімнің иелігінде екені де белгісіз. «Аяқ астынан» су тасқыны, сел, топан судың пайда болатыны да соның әсерінен.
Қазақ су шаруашылығы зерттеу институтының профессоры Бекбаев Рахым Қыздашұлы, әсіресе, солтүстік өңірлердегі қашыртқы-кәріздердің көпшілігі істен шыққанын айтады. Себебі ондағы суралмалы жерлердің аумағы кішірейген. «Соған байланысты солтүстік өңірлерде қашыртқы-кәріз жүйелері жоқ десе де болады. Тек қана оңтүстікте жаппай қолға алып қайта қалпына келтіріліп жатыр», - дейді ғалым.
Профессордың айтуынша, бұл жүйелердің жер асты суларын бақылаудағы маңызы зор екен.
-Кәріз-қашыртқы жүйелерін жер асты суларын бақылап отыру мақсатында пайдаланады. Бұл жүйенің тік және горизонтальды құдықтар секілді екі түрі болады. Олар жер асты суларын сорып алады. Сөйтіп ашық қашыртқы жүйелеріне құю арқылы жер асты суларының деңгейін төмендетеді. Бұл суармалы жерде немесе жер асты суын төмендету керек аймақтарда жасалынады, - дейді су шаруашылығының маманы.
Егіншілікпен айналысатын Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Еркін Лесбекұлы «Жер асты суларының деңгейі жоғары болса жауын-шашын мен еріген қар суы жерге сіңбей тұрып қалады. Сәйкесінше, өзендер арнасынан шығып су тасқынына себеп болады», - деген пікірде.
Шаруаның сөзін растаған су шаруашылығы маманы тасқынның алдын алу жұмыстары неге жасалмаған деген сұрағымызға «Мемлекет басшысының тапсырмасы мен 2017-2021 жылдары ауыл шаруашылығын дамыту туралы бағдарламада осы жайттарды міндеттеген», - деп жауап берді.
Демек, бағдарлама биыл ғана жұмысын бастаған болса, нәтижесін тағы біраз күтуге тура келеді. Рахым Қыздашұлының айтуынша, суармалы жерлер ұлғайған сайын қашыртқы-кәріз жүйелерінің жұмысы жақсарады. Нәтижесінде осындай апаттардың алдын алуға болады.
«Сол бағдарлама бойынша суармалы жерлерді 600 мың гектарға көбейтіп 2 млн гектарға жеткізу міндеті тұр. Соның әсерінен енді ғана қашыртқы кәріз жүйелерін қолға алып жатыр. Мысалы, Мақтаралда осы жүйелер өте жақсы дамыған. Ол жерде кезінде 838 тік құбырлы скважиналар болған. Мұндай жүйелер Түркістан-Арыс каналының бойында да, Жамбыл обылысында да бар», - деді профессор.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 1,4 млн га суармалы жер бар. Оның 90 пайызы оңтүстікте орналасқан 4 облыстың еншісінде. Қалғаны солтүстік өңірлерге тиесілі. Демек, ғалымның солтүстіктегі кәріз жүйелері суармалы жердің азаюынан жарамсыз болып қалған дегенінде жан бар.
Ғалымдар кәріз жүйелерінің жұмысын жақсартудың жолдарын қарастырып жатқанда, шенеуніктер судан келетін қауіптің алдын алу туралы жиналыстар өткізіп әлек.
Шенділер пікір таластырып жатқанда, Қазақстанда материалдық, бастысы адам шығынына себеп болған су тасқыны жалғасып жатыр.
Мысалы, бөгеннің жарылуынан 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағашты түгелімен су шайып кетті. Онда 40-тан астам көз жұмды.
Ал 2014 жылдың наурызында Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылында тағы да бөген жарылып, ондаған үйді су басып, бес адам өмірімен қоштасқан еді.
Ал 2015 жылдың шілдесіндегі Алматының Наурызбай ауданындағы топан су адам шығынын әкелмесе де, тұрғындардың үй-жайларын жарамсыз етіп тастаған болатын.
2016 жылдың мамырында да оңтүстік астананың даңғылдарын топан су басып, тау етегіндегі жолдармен жүру мүмкін болмай қалған еді. Нәтижесінде бетон мен асфальтқа «оранған» Алматыда мүлде қашыртқы-кәріз жүйесі жоқ болып шықты. Бір кездері бұл қала су бұрқақтарымен, арықтарымен мақтанатын еді.
ОҚО Шардара ауданында да су өткізгіш құралдары істен шығып, мыңдаған үйлер мен аурухананы, мектепті су басып қалған.
Батыс Қазақстандағы Теректі ауданынның бөгетін де су шайып, еріктілер ауылдарға қауіп төнбес үшін қолмен құм тасыды.
Қарағанды облысында бөгеннің жарылуынан республикалық трассаның бір бөлігі су астында қалды.
Бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге де болады.
Ал енді ең маңызды, әрі интригаға толы мәселеге тоқталайық.
Қазақстанда "Гидротехникалық құралдардың қауіпсіздігі туралы" заң жоқ.
Көршілес Өзбекстанда мұндай заң 1999 жылы қабылданып қойған.
Ал бізде тек 2015 жылдың наурызында үкіметтің №115 қаулысымен бөгендердің қауіпсіздігі туралы декларация қабылданған. Бұл құжат гидротехникалық құралдардың қауіпсіздігі туралы заңға негіз болуы мүмкін еді. 2016 жылдың қаңтарында премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың бірінші орынбасары ол декларацияны елдің барлық министрліктері мен ведомстволарына жолданған. Осымен сең қозалғандай көрінді.
Бірақ соңында бірнеше мемлекеттік ведомстволар бұл заңның қабылдануына қарсы болды. Оның ішінде, билік институттары да бар.
Мұны Су шаруашылығы құралдарын пайдалану және дамыту басқармасының басшысы Бейсен Мұрат Бөкейұлы да растады. Оның айтуынша, ұсынылған заңнаманы министр кері қайтарған. «Су кодексіне кіргізіңдер (су құралдарының қауіпсіздігі туралы заңды - ред.) деді, кейін АПК-ға [Агроөнеркәсіп комплексі – ред.] кіргізіңдер деді. Біз одан бас тарттық. Енді 2018 жылғы жоспарда тұр. Үкіметтің заң шығару жоспарында 2018 жылдың екінші жарты жылдығында заң жобасын енгізу қарастырылған», - дейді ол.
Біздің неге кері қайтарып жатыр деген сауалымызға «Білмедім, бұл жерде мәселелер көп» деп жауап берді.
Демек, 2018 жылға аман жетсек, «Гидротехникалық құралдардың қауіпсіздігі туралы» заңның да нәтижесін көріп қалуымыз мүмкін. Бірақ бәріне уақыт төреші.
Билік өкілдері бұл заңның осы күнге дейін қабылданбауын бюджеттің жеткіліксіздігімен түсіндіріп келген еді. Себебі экономикалық дағдарыстың әсерінен бөгендер мен дамба салуға, каналдар мен арықтарды тазалауға ешқандай қаражат жетпейді. Ал ҚР Инвестиция және даму министрлігі гедротехникалық құралдарды ешқандай да қауіп тудырмайды деп шешіп, аталмыш заңның қабылдануына қарсылық білдірген.Демек, жыл сайын ауылдарды су шайып, адамдың зардап шегіп жатқаны министрліктер үшін есепке алынбайды. Ал облыс әкімдіктері
Тек қана ҚР ІІМ мен Төтенше жағдайлар комитеті бұл заң өте қажет деп жауап берген. Бұл онсыз да түсінікті емес пе? Себебі апат болған жағдайда осы комитеттің адамдары бірінші болып адамдарға көмектеседі.
Ал Ұлттық пантеонның, қарапайым тілмен айтқанда «элитаға арналған мазараттың» құрылысына бөлінетін миллиондарды естіген соң, бөген мен каналдарды тазалауға, кәріз жүйесін жетілдіруге ақша жоқ деген сөзге сену де қиын. Сонда тірілерге ақша үнемдеп, оны өлілерге жұмсаймыз ба?!
Бірақ мына бір дерек шенеуніктердің гидротехникалық құралдардың қауіпсіздігімен неліктен айналысқысы келмейтінін түсіндіріп беретін шығар. Қызылағаш жанындағы бөгеннің жарылуынан зардап шеккендерге көмек ретінде 53 миллион доллар бөлінген. Бұл ресми дерек. Бұл соманың нақты қаншасы ауылды қалпына келтіруге жұмсалды , ал қаншасы шенділердің қалтасына кеткені жайлы нақты ақпарат болмайды, өкінішке орай.
Есесіне, әрбір су тасқынынан кейін қираған дүниелерді қалпына келтіруге, зардап шеккендерге өтемақыға өте көлемді қаражат бөлініп жатқаны белгілі. Және әрбір апаттан кейін зардап шеккендерге мемлекет көмегі қаншалықты бұйыратыны да белгісіз.
Демек, су тасқыны - біреу үшін тілсіз жау болса, біреу үшін мал табудың амалы.