Доллар жыл басынан бері арзандады да, 2017 жылғы ақпанның 25-інде 311,49 теңгені құрап, рекорд көрсеткішке дейін нығайды. Ал бүгін, 6 наурызда америкалық валюта 317 теңгеден сатылып жатыр. Сарапшылар теңгенің өткен жылдың тамызынан бері 6 пайызға қымбаттауы уақытша құбылыс болғанын айтып, алда девальвация болады болжап отыр.
Осы жылғы ақпанның соңында Bloomberg агенттігі теңге курсына қатысты болжамын жариялады. Агенттік сарапшылары «соңғы алты ай ішінде қарқынды сатыла бастаған теңге мен мұнайға деген сұраныстың артуы қатар келіп, ұлттық валюта тағы да біраз нығаюы мүмкін екенін» айтқан. Bank of America өкілі Мерилл Линг «2017 жылы мұнай бағасының артуы есебінен Қазақстанның теңгесі басқа валюталарға қатысты 15 пайызға қымбаттауы мүмкін» деп тұжырған. Bloomberg сарапшылары теңгенің жуық арада 295 теңге шамасына дейін күшеюіне ешқандай кедергі жоқ екенін алға тартып, 2018 жылы доллар курсына қатысты ұлттық валюта 302,5 теңгеге жетіп, 2019 жылы 1 доллар 290 теңгеден сатылады деп болжаған.
Кейбір сарапшылар мұнай бағасы мен доллар құнының құбылмалы екенін айтып, мұндай болжамды «негізсіз» деп бағалайды. Экономист Денис Кривошеевтің айтуынша, өткен жылдан бері инфляция жүргізілмей қалған.
— Егер доллардың инфляциясы жылына — 2 пайыз, теңгенікі 9 пайыз болса, орта есеппен шамамен 7 пайыз болады. Жылдық есепте жалпы инфляция 15 пайызға жетеді. 2015 жылы курс қатты өзгерді, бірақ инфляция іске асырылған жоқ. Біздің есебіміз бойынша, екі жыл бұрын доллар курсы 420 теңге болуы керек еді. Мұның мүмкін емес екенін білетін Ұлттық банк курсты жасырын түрде ұстап отыр. Бірақ бұл көпке созылмайды. Себебі, баға нарыққа сәйкес болмаса, оны девальвация реттеп береді. Ал Ұлттық банктің шығындары тым көбейіп кетті де, бұдан былай курсты ұстап отыруға қаражаты қалмады, — дейді экономист.
«Ұлттық банктің курсты жасырын ұстап отыр» дегенін нақтыламақ боп орталық банктің соңғы бес айдан бері курсты реттеуге араласпағаны жазылған хабарлама таратқанын айтқан едік, экономист мұның «күлкілі» екенін айтты.
— Теңгенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары әрі ставка жасанды. Өзіңіз ойланыңызшы, банк секторы ештеңе істеген жоқ, экономика жұмыс істемей тұр, инфляция тым жоғары, өмір сүру сапасы нашарлап бара жатыр, жалпы ішкі өнімнің деңгейі төмен, теңге ненің есебінен нығайып жатыр деп ойлайсыз? Әрине, Ұлттық банк жасырын араласып отыр, — деп пікір білдірді маман.
Ал «Асыл-Инвест» инвестициялық компаниясының атқарушы директоры Нұрлан Рахымбаевтың айтуынша, Ұлттық банктің валюта курсын құпия ұстап отырғаны туралы айтқан экономистің пікірі шындыққа жанаспайды.
— Орталық банк интервенция жүргізіп отырған жоқпыз деп хабарлағандықтан, бұлай айтуға еш негіз жоқ. Доллардың қымбаттауына ірі кәсіпорындардың салық өткізуі мен мұнай бағасының салыстырмалы түрде жоғары деңгейде болуы мен Ұлттық банктің долларсыздандыру саясаты оң әсер етіп отыр, — дейді ол.
Сарапшының пікірінше, девальвация «Ұлттық банктің бұдан былай курсты ұстап отыра алмауынан емес», мұнай бағасының арзандауы секілді заңды нарықтық құбылыстарға байланысты болады. Мамандар келтіретін себептер әр түрлі болғанымен, бәрі бір ауыздан доллардың нығайып, теңгенің құнсыздануын болжап отыр. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пайымдауынша, теңге курсының өзгеруіне Ұлттық банк айтарлықтар әсер ете қоймайды.
— Америкада осы жылы инфляция артып келеді. Бұл олар үшін тиімсіз. Жуырда Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені көтеретінін айтып жатыр. Мұндай жағдайда доллар тек Қазақстанда емес, тұтас әлемде қымбаттайды. Мысалы, 2015 жылы теңге бірнеше есе құнсызданып, доллар нығайды. Сондықтан қандай жағдай болса да, қандай шамаға дейін қымбаттайтыны белгісіз болса да доллар ары қарай тек қымбаттайды, — дейді маман.
Бұған дейін басылымдардың біріне берген сұхбатында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев әлемдік қаржы нарығындағы кез келген өзгеріс, оның ішінде ставканың өсуі де теңгеге тікелей әсер ететінін айтқан. Morgan Stanley экономистері осы жылдың наурызында өтетін ФРЖ отырысында пайыздық мөлшерлеме сөзсіз бірнеше есе қымбаттайтынын болжап отыр. Айта кетейік, өткен аптаның соңында теңгенің долларға қатысты курсы нығаюын тоқтатып, 3 наурызда америкалық валюта бірден 3 теңгеге қымбаттаған еді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024