Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Сарапшы: Рубль әсерінен теңге де құнсыздануы мүмкін

Сарапшы: Рубль әсерінен теңге де құнсыздануы мүмкін

Ресейде соңғы күндері рубльдің құнсыздануы мүмкін деген сыбыстар  көп айтылып жүр. Бұған дейін Ресейдің қаржы министрі рубль курсын жоғары деп санайтынын айтып, оны 10 пайызға девальвациялау керек екенін мәлімдеген баяндамасы негіз болды. Кей сарапшылар Ресейде девальвация болса, бұл Қазақстанға да сөзсіз әсер ететінін айтады.

Ресей банкі (Ресейдің орталық банкі – ред.) осы жылдың ақпанынан бастап ішкі нарықтағы рубльді жаппай сатып алу науқанына кірісті. Мұндай интервенцияның мақсаты – федералды бюджеттегі «жыртықтарды жамау үшін» рубль курсын 10 пайыз құнсыздандыру. Әзірге ақша айырбастау орындарында ешқандай дүрбелең боп жатқан жоқ. Бірақ, ресейлік басылымдардың жазуынша, жоспарланған девальвация басталып кетті. Олар орталық банктің шаралары рубльдің долларға қатысты курсын 60-тан 70 рубльге дейін көтеріп тастауы мүмкін екенін жазады.

Ресей сарапшыларының девальвацияға қатысты болжамдары халық арасында біраз алаңдаушылық тудырды. Себебі олар осы жолы рубльдің құнсыздануының салдары ауыр болуы мүмкін деп болжап отыр. Экономист Игорь Николаев рубль 10 пайызға құнсызданса, оның үстіне басқа да мәселелер қосылып кетуі мүмкін екенін айтады. «Мысалы, мұнай бағасы арзандап кетуі әбден мүмкін. Қытай экономикасының жылжу темпі бәсеңдей  береді делік, сонда энергияны қолданушылар, яғни шикізат сатып алушылар азаяды. Сондықтан бір мәселенің үстіне келесі жағдайлар жалғасып, қаржылық жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін. Инфляцияның ушығып кету қаупі де тұр. Себебі, халықтың тұтынушылық корзинасында әлі де шетелдік тауарлар жетерлік. Рубльдің осы жолғы девальвациясы қауіпті болмақ», - дейді ол.

Ресей Федерациясында болуы мүмкін девальвацияның Қазақстанға қалай әсер ету мүмкін екені туралы телеарналардың біріне сұхбат берген кейбір депутаттар мұның ел экономикасына әсер етпейтінін айтқан. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтің пікірінше, рубльдің құнсыздануынан қауіптенудің қажеті жоқ. «Ресей экономикасы ақырын болса да алғы жылжып келеді. Теориялық тұрғыдан қарастырсақ, мұның бізге бір әсері болады. Бірақ шешуші бір жағдай ретінде қарауға болмайды», - дейді комитет төрағасы.

Бірақ қаржы сарапшысы Валерий Полховскийдің болжамынша, рубль құнсызданса, бұл қазақстандық теңгенің курсына да міндетті түрде әсер етіп, салдары бізге де тиеді.

«Девальвация Ресей нарығындағы қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін азайтады. Ресейдегі девальвация тіпті импорт пен экспорт арқылы елге инфляциялық процестер алып келуі мүмкін. Бұған Қазақстанның Ұлттық банкі аса қуана қоймайды, сәйкесінше, теңгенің рубльге қатысты курсын біршама түсіру мүмкін. Менің болжамымша, рубль 10 пайызға құнсызданса, теңгенің долларға қатысты курсы да 5-7 пайызға құлдырауы мүмкін», - дейді ол.

Бірақ депутат Азат Перуашевтің пайымдауынша, Ресейдің өз экономикасы бар, екі елдің салық жүйесі әр түрлі, сондықтан ешқандай девальвация болмайды. Депутат Ресейдің Батыстағы кей елдермен  сауда соғыстарына Қазақстанның араласпағанын, біздің елдің ешкіммен экономикалық келіспеушілікке келмегенін алға тартып, болуы мүмкін деп отырған девальвацияның еш әсер етпейтінін айтты.

7kun-ге жауап берген қаржыгер Расул Рысмамбетов Ресей Қазақстанның ең үлкен сауда әріптесі болғандықтан, көрші елде девальвация болса, ол бізге сөзсіз зиянын тигізетінін жеткізді. Маман девальвация болса Ресейдің арзандаған тауарларын нарығымызда тағы да қаптап кетеді деп алаңдаушылық танытып отыр. Сарапшы арзандаған импорттық тауарлардың көбеюі елдегі төлем балансына кері әсер ететінін айтады.

Ресми деректер бойынша, 2016 жылдың қарашасында Қазақстанға ең көп тауар тасымалдайтын үш елдің қатарында Ресей, Қытай және Германия болған. 2016 жылы қарашасында Ресейден келген тауарлар құны 836 221,9 мың долларды құраған.

Дегенмен, сарапшының пайымдауынша, бізде тап Ресейдегідей 10 пайыздық девальвация болмайды, себебі біздің нарық 100 пайыз Ресейге тәуелді емес. Қаржыгердің болжамынша, девальвация болған жағдайда Қазақстан нарықтық түзетулер енгізеді, ал теңге 3-4 пайызға құнсыздануы мүмкін.

Айта кетейік, 2017 жылғы қаңтардың соңында Ресейдің қаржы министрі өз есептеулері бойынша долларға қатысты ресейлік валютаның курсы 60 рубль болуы тиімді емес екенін мәлімдеген. Қаржы министрі бюджеттің қазіргі көрсеткішпен Ресей үкіметтің мақсаты мұнай бағасы барреліне 75-80 доллар болса ғана орындалатынын жеткізген. Қазір Brent маркалы мұнай бағасы барреліне - 56,60 доллар.

Похожие материалы