Экономика
SAXO BANK қазақстандық инвестордың портретін жасады
Saxo Bank өз тұтынушылары туралы деректерді өңдеп, қазақстандық инвестордың бейнесін жасап шығарды. Бұл туралы kursiv.kz басылымы жазды.
Банктің сипаттауынша, инвестор көбіне 30-40 жастан асқан азамат. Әдетте ол – кәсіпкер ер адам немесе компанияның бас, не қаржы директоры, жеке инвестор, банк немесе компания басшысы, болмаса миллионер. Сонымен қатар, ол көбіне өз капиталының белгілі бір бөлігінің активтерін әртараптандыруға ниеттенген азамат.
Saxo bank инвесторларының көбі Алматыда. Алайда соңғы жылдары Астана мен Атырау қалаларынан да келе бастаған. Бұл нарықтың өсуі мен дамуының белгісі.
Жалпы алғанда, аталған банктың Қазақстандағы жеке және ұжымдық инвесторлардан тұратын тұтынушылар саны жыл сайын 20 пайызға өсіп келеді.
Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлар соңғы 2,5 жылда бірнеше тауармен сауда-саттық жасай бастаған. «Бұл – олардың қаржы нарығында сауаттылығының артып келе жатқанына дәлел», - дейді мамандар.