Соңғы кезде әлеуметтік сала қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Елімізде жүзеге асып жатқан «Қолжетімді баспана – 2020», «Өз үйім», «Жас отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламалары бар. Мемлекеттік бағдарламамен үй алу үшін көпбалалы аналарға, бюджеттік мекеме және мемлекеттік қызметкерлерге, жетім балаларға, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға, әскери қызметкерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Елдің қорғаны армияның әлеуметтік мәселесі де әрдайым басты назарда. 2018 жылдан бастап 60 мың әскери азамат баспаналы болмақ. Тұрғын үй кезегіне тұрудың тәртібі табысы күнкөрісінен артылмайтын, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген азаматтар, бюджеттік мекеме және мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуына мүмкіндігі бар. Үй алу үшін ХҚКО-да бекітілген өткізетін құжаттарды жинап, тұрғын үй департаментіне өткізуі керек. Өз атында қандай да бір жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Егер мемлекеттен тегін үй аламын деп әдейі сатса, үй алуға құжаттарын тапсыра алмайды. Сонымен қатар қалада тіркеуде тұрып, облыс аумағында үйі, жері болса, өтініші қабылданбайды. Өзімен қатар отбасы мүшелерінің де мүлкі болмауы шарт. Бұған дейін әскери қызмет атқарып жүріп, мерт болған азаматтардың отбасына үй берілетін. Әскери салада жүріп мүгедек болып қалған жағдайда баспананың нарықтағы құнына теңестірілген өтемақы төленетін. Жыл соңында «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бекітілсе, жаңа жылдан бастап әскери азаматтарға баспанаға қол жеткізу жеңілдейді. Қазіргі қолданыстағы заңның олқы тұстары толықтырылса, жаңа заңның артықшылығы көп болмақ.
Жақында 1 мың әскери қызметші Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген несиеге ие болды. Оларға берілген несиенің жалпы сомасы – 16 млрд теңге. Биыл ғана іске қосылған «Әскери өнім» арнайы бағдарламасы аясында жылдық 6-8 пайызбен үй сатып алуға несие берілді. Әскери қызметшілерді қолдайтын алғашқы несие 2018 жылдың 5 қыркүйегінде рәсімделді. Банк ұсынып отырған жеңілдетілген несиенің үш түрі бар. Ал шарттары үміткердің жинаған қаражатының көлемі мен таңдап алған пәтеріне байланысты анықталады. Жалпы, әскери сала мамандары қызмет бабымен көшіп-қонып жүреді. Сол себептен де олардың тарапынан қайталама нарықтан баспана сатып алуға сұраныс көп. Жылдық 8 пайыздық несиеге қол жеткізу үшін бастапқы жарнаны 20 пайыз құю қажет. Қазіргі кезде осы бағытта банк 427 несие рәсімдеп үлгерген.. Ескеретін жайт, тұрғын үй құнының 30 пайызын алдын ала төлем жасайсыз. Қарыз 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Алматы мен Астанада несиенің ең үлкен көлемі – 20 млн теңге, облыстарда – 15 млн теңге. Банк ешқандай комиссия алмайды.
Сондай-ақ, әскери қызметкерлер 5 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнамен берілетін несиенің тиімді екенін айтады. Мұнда әскери қызметші тек жаңадан салынған немесе салынып жатқан үйді таңдай алады. Жылдық мөлшерлеме – 7 пайыз. Бұл мүмкіндікті 338 адам пайдаланған. Ал алғашқы жарна үй бағасының 20 пайызы, жылдық мөлшерлеме 6 пайыз құрайтын үшінші бағытта 32 несие берілген. Бұған қоса, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін қайта қаржыландыру үшін 218 несие ресімделгенін айта кеткен жөн. Бір айта кетерлігі, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жалпы сомасы 10,5 млрд теңге көлеміндегі тағы 700 өтініш қарастырылуда. Яғни, жыл соңына дейін 6 мың әскери қызметшіге несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді. Осы жылы пулға өте алмаған әскери қызметшілер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында ақша жинауды ары қарай жалғастыра алады. Бұл үшін банк барынша жайлы және қауіпсіз жағдай жасап отыр. Ең бастысы, әскери қызметшілердің шоттарына ерекше мәртебе берілген. Олардың жинаған қаражаты бюджет есебіне алынбайды, оларға тыйым салуға болмайды және уақтылы төленбеген қандай да бір өзге несие бойынша екінші деңгейлі банктер төлем талаптарын қоя алмайды. Сондай-ақ, бұл депозиттердегі тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13,3 пайызға дейін артады.
«Демек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу кезінде төлем қабілеттілігін растаудың жеңілдетілген анализі қолданылады. Яғни бағалау барысында отбасыға кететін шығындар мен басқа екінші деңгейлі банктер алдындағы міндеттемелері ескерілмейді», – деп түсіндірді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Айта кету керек, жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңіне қатысуға 13 мың әскери қызметші ниет білдірді. Ал іріктеліп алынғандар – ең көп ұпай жинаған қатысушылар. Ескеретін жайт, ұпай санына әуелі үміткердің әскери қызметтегі еңбек өтілі ықпал етеді.
Қазақстанда шамамен 70 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады екен. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешетініне сенім білдірді. Шын мәнінде, әскери сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету қандай деңгейде?
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, полковник Асқар Досбосынұлы Мұстабековтің айтуынша, соңғы кезде әскери сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай жағдай жасалып жатқаны белгілі. «Әлемде экономикалық дағдарыс болып жатса да, мемлекет әскери қызметкерлердің әлеуетін көтеруді қолға алды. Былтыр жалақымыз 25 пайызға өсті. Баспанасы жоқ әскери қызметкер пәтер жалдап тұрса, ақшасы мемлекет тарапынан төленеді. Мұнымен қоса, әскери қызметкерге және отбасы мүшелерінің санына қарай есепшотқа ақша бөлініп тұрады. Ол жинақталған қаржыға қалаған жерінен баспана ала алады немесе жер алып, үй салуына болады. Нәтижесінде әр әскери қызметкер өзінің жеке баспанасына қол жеткізеді», – деді полковник.
Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, зейнеттегі әскерилердің көшіп кетуге жеке баспанасы болмағандықтан, әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтардағы қызметтік пәтерде тұруға мәжбүр. Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі ешқандай баспана берілместен, қызметтен шығарылған. Бұдан былай осындай кем-кетіктерді толықтыру және бюджет қаржысын үнемдеу үшін жаңа заң бойынша әскерилердің тұрмыстық мәселесі оң шешіледі. Мәселен, І санаттағы әскерилердің ай сайынғы өтемақысын төлеу үшін, жыл сайын республикалық бюджеттен 47 млрд теңге бөлінеді екен. Енді жаңа құжат бойынша пәтер жалдауға берілетін осы өтемақы тұрғын үй төлемдеріне ауыстырылмақ. Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров: «Бұған дейін баспана жалдауға төленетін ақша әскери қызметкердің жеке есепшотына салынатын. Оны басқа да әлеуметтік мұқтажына жұмсап қоятыны анық. Сондықтан жаңа заң бойынша әскериге бөлінген қаржыны банкке жібереміз. Банк сол қаржыны арнайы есепшотта сақтайды. Ай сайын беріліп отыратын қаржыға әскери қызметкер өзі қалаған үйді таңдап, алғашқы жарнасыз қоныстанады. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 13 млрд 600 млн теңге бөлінген» , - деді.
Демек, мемлекеттің қаржысы тиімді жұмсалады. Зейнетке шыққан кезде «баспанасыз қаламын» деген қауіп болмайды. 2018 жылдан бастап 11 мың әскери қызметкерді, алдағы 15 жылда 60 мың әскери азаматты баспанамен қамту көзделді. Жаңа жобалық бағдарлама бойынша биылдың өзінде 4 мыңдай әскери қызметкер баспанаға қол жеткізеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024