Уақыт бізге еш мұқтаж емес. Ол өз кезегімен өте береді. Қуанышты сәтіңді сол күйі ұстап қалып, қайғылы шақты диск айналдырғандай өткізіп жіберу біздің қолымызда емес. Керісінше, біз уақытқа мұқтажбыз. Екінің бірінің жанына барып: "Бірер минут уақытыңызды бөле аласыз ба?" деп сұрап көріңізші. 80 пайызы уақытының аз екенін айтады. Ендеше, алтындай уақытты тиімді өткізудің 7 алтын ережесімен таныстыруды жөн көрдік.
Тайм-менеджмент
Заманауи тілмен сөйлеу сәнге айналған соң, уақытты пайдалы өткізу деген ұзын-сонар тіркес тайм-менеджмент деген кірме сөз лексиконымызға еніп кеткен. Бұл - ағылшын тілінен тікелей аударғанда "уақытты басқару" дегенді білдіреді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, уақытты басқару мүмкін емес. Яғни, тайм-менеджменттің мәні - уақытыңды тиімді пайдалану.
№1 ереже: Дұрыс еңбек ету үшін, дұрыс демалу керек
Шаршаңқы, демалысқа зәру ағзадан келер пайда аз. Ол жұмысыңыздың өнімділігін нашарлатумен ғана шектеледі. Ал, керісінше уақытылы демалып жүрген ағза болса, ауырлық пен қиыншылықтарға қарсы тұрар күшке толы болады.
Бір сәт еш нәрсені ойламай, жүрегіңіздің үнін естіп көріңіз. Не болмаса, терезеге қарап ұшқан құсқа, жауған жаңбырға қараңыз. Көзіңіз әдемілікті көрсін. Қуаныш сыйлайтын дүниенің барлығы сізді демалтады. Жан рақатына ауық-ауық бөленіп тұрамын десеңіз, осы әдісті пайдаланыңыз.
Ісімізде береке болсын десек, нәтижеге жетсек екен десек, еңбекпен қатар демалысты да ұмытпауымыз керек. Мейлі физикалық, мейлі рухани күш бізге ауырлық етеді. Ол бір жағы денсаулыққа әсер етсе, бір жағы - жұмыстың ақырын алыстатады.
— аптасына 6 күнді еңбекпен өткізіп, 1 күнін максимал жеңілдетіп көріңіз. Әрине, 5 күндік жұмыс аптасынан соң сенбі мен жексенбіде бала-шаға қамымен дүйсенбінің есік қаққанын байқамай қаламыз. Таң атса, кеш батады деп мұңымызды шағамыз тағы. Бірақ, қалауын тапса - қар жанады.
— күн сайын 12 сағат белсенді түрде қимылдап, екі сағат демалыңыз. Бір күнде 12 сағат тұрмақ, 8 сағат жұмыс істеудің өзі оңай емес. Бірақ, сізді "есекше" еңбекке салып қойғалы жатқан ешкім жоқ. Қандай да бір істі таңдап алған соң, оның соңына жетпей, дамыл таппау керек. Бірақ, арасында 30 минуттай демалып алыңыз. Айтқандай, демалыссыз жұмыс тұл. Біз белсенді түрде қозғалу үшін 14 сағатты сыйға аламыз. Ал, қалған 10 сағаты ағзаның қажеттілігін өтеуге берілген. Мәселен, тамақтану, ұйықтау, шомылу т.б процедуралар.
Жұмыс пен еңбекті кезек-кезек ауыстырудың мынадай әдістері бар:
- 12 сағат жұмыс істеп, 2 сағат демалу;
- 6 сағат жұмыс істеп, 1 сағат демалу;
- 3 сағат жұмыс істеп, 30 минут демалу;
- 1,5 сағат жұмыс істеп, 15 минут демалу;
- 1 сағат жұмыс істеп, 10 минут демалу;
- 30 минут жұмыс істеп, 5 минут демалу.
Бұның ғажайыбы - күніңізді бірнеше бөліктерге бөле отырып, түйені толығымен жейсіз бе, әлде жіліктейсіз бе, өзіңіз шешіңіз. Тәбетіңіздің тартуына орай, асқазанның көлеміне қарай ас таңдағандай, уақытты бөлу әдісін таңдауды да өз еркіңізге қалдырдық.
№2 ереже: Асық, асықпа? Дұрысы, жоспар құр! Өте тез демалсаңыз, жүрегіңіз жиірек соғып кетеді. Миымыз бұдан шошып, өрт болғанда соғылатындай дабыл шақырады. Барлығын ақырын жасай бастасақ қалай болады? Ол уақытта миымыз бізді зынданға түсіп қалды, шектеліп қалды деп ойлайды.
Бұнымен айтқымыз келгені - табиғи темптен асуға тырыспаңыз. Екі жағдайда да ағзамызға келер зиян көп. Барлығын орнымен орындаңыз. Темп сақтау үшін сізге жоспар керек. Иә, жоспар құрған алғашқы апта темп сақталып, келесі аптада күлі қалатын кездер көп. Бірақ, жоспарды дұрыс құра білсеңіз, алысқа барасыз.
Жоспарды үнемі жазып жүру керек. Есіме сақтап қаламын деген бос әуре. Бүгінде қажетті-қажетсіз ақпарат көп. Радиодан жаңа естіген әуеннің бір шумағын есте сақтау үшін, оның алдындағы ақпарат ұзақ уақытқа жадыңыздан өшіп кетуі мүмкін. Ендеше, өшпейтіндей етіп жазып алыңыз.
Қолыңыздағы тізіммен жұмыс жасау өзінің нәтижесін алғашқы күні-ақ береді. Кешке қарай ертеңгі жоспарыңызды жүргізіңіз. Таңертең тізімді көріп, күніңіздің эскизін жасай аласыз. Жаңа бір іс туындаса - қосып қойыңыз. Қойын дәптеріңізді жаныңыздан бір елі тастамаңыз.
Ескертпелерді екі тәсілмен жазуға болады:
- Қойын дәптерге;
- Ұялы телефон не комьютердің қосымшаларына.
№3 ереже. Бас тарта білу де - өнер
Өте сыпайы түрде бас тартуды үйреніңіз. Яғни, сіздің уақытыңызды алатын, сіз үшін маңызы жоқ деген шаруамен бас қатырмаңыз. Сыпайы түрде деп айтқан себебіміз - досыңыздың өзін емес, шаруасын итеріп тұрғаныңызды ұғындырыңыз.
№4 ереже: Қажетсіз дүниеден бас тартыңыз
Сондай-ақ, уақытыңызды "жеп" жатқан құрт-істердің көзін құртыңыз. Иә, ол істер сізге ұнауы мүмкін. Бірақ, пайдасы - 0. Ол уақытта сіз тиімділікті есіңізге түсіріңіз. Бүгін бітірмеген ісіңіз сіздің беделіңізге дақ, бойыңызға артық жүк артады. Ондай қажетсіз уақытжегіштердің қатарында әлеуметтік желі көш бастап отыр. Ол үшін де арнайы уақыт бөліңіз. Себебі, заман ағымына сай темп сақтаймыз деп басында келіскенбіз. Шектен шықпай, орнымен пайдалана білсеңіз, ісіңіздің табысын арттыруда интернеттің де ықпалы үлкен.
Пайдалы уақыт, пайдалы істер және керемет нәтиже. Сіздің тайм-менеджментіңіздің негізі осы болсын!
№5 ереже: Мен үшін маңызды не? - Өзіңізден сұраңыз
Істің үлкенінен бастап кішісіне қарай ойыстаңыз. Керісінше жасаған оңай емес пе деуіңізге болады. Бірақ, таңертең адам ағзасы сергек болады. Сол себепті маңызды әрі көбірек күшті талап ететін істерді күннің бірінші бөлігінде бітіруге тырысыңыз. Қандай да бір істі бітіретін меже қоюды да ұмытпағайсыз.
Барлық істерді мынадай төрт түрге бөлуге болады:
- Тығыз әрі маңызды;
- Маңызды, бірақ асығыс емес;
- Тығыз, бірақ маңызды емес;
- Тығыз да, маңызды да емес.
Барлық іс осы төрт типтің біріне жатады. Осыларға бөлу арқылы нысанаға дәлдеу оңайырақ болады.
№6 ереже: Уақытты бөлу арқылы жоспарлаңыз
Алдыңызда бір табақ бешбармақ тұр делік. Қанша қарныңыз ашса да, бір өзіңіз тауысып бітіре алмайтыныңыз сөзсіз. Күніне аз-маздап бөліп жейсіз. Осы секілді, барлық көлемді істеріңізді кішкене бөлшектерге бөліп үйреніңіз. Әр кішкене бөлшектің нәтижесі оң болған сайын, ісіңізге деген құлшыныс пайда болады.
№7 ереже: Өткен іске өкін(бе)?
Уақыт бізге берілген мүмкіндік. Оны бос өткізуден асқан қателік те, өкініш те жоқ. Сол себепті, бос уақытыңыз шыға қалса, оны да тиімді пайдалануға жұмсаңыз. Тым құрығанда рухани азық беретін, тынықтыратын іспен өткізіңіз. Әсем әуен тыңдаңыз, серуендеңіз. Әйтсе де, жоспардан ауытқымаңыз.
Бос уақыттарыңыздың салмағын өлшеу үшін, күніңіздің қалай өткеннін саралау үшін сізге есеп бере білу керек. Ұлы Абай айтқан әдісті өзіңіз де білетін боларсыз?! Күніне бір, ол қолыңыздан келмесе - айына бір есеп беріңіз. Осы арқылы ішкі бейнеңізді айнадан көргендей боласыз.
Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:«Өмірін қалай өткізгені, ілімін қайда жұмсағаны, мал-мүлкін қайдан тауып, қай жаққа салғаны және тәнін қалай қолданғаны жайлы пенде жауапқа тартылмайынша қиямет күні аяғын аттап баспайды» (Тирмизи). Ендеше, әр сәтіңізді бекер өткізбеңіз. Уақытыңыз ысырап болмасын!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024