Таяу Шығыстағы кикілжіңдер 2016 жылы аймақтық саясатқа көптен үстемдік етіп келген Израиль-Палестина мәселесінің шеңберінен шығып кетті. 2017-ге аяқ басқан тұста басты төрт ел – Ирак, Ливия, Сирия мен Йемен азамат соғысынан зардап шегіп жатыр.
Бұл конфликтілер терроризм мен босқындарды экспорттау арқылы әлемнің басқа бөлігіне тікелей және жанама түрде әсер етіп жатыр. Бұл өнімдер әлемнің ешбір елі құтыла алмаған популизм мен авторитаризмнің Батыста етек жаюына мүмкіндік жасап отыр. Алдағы жылы әлем Таяу Шығыстағы кикілжіңдер мен олардың сыртқа жайылуын тоқтатуға бұрынғыдан да көп мүдделі болады.
Ең әуелі, Израиль-Палестина бейбіт процесін қайта жандандыру – маңызды шаруа болмақ. Соңғы жылдары бұл конфликт бұрынғыдай көп назарға ілікпесе де, Палестина жерінің оккупациясын доғару және сонымен жапсарлас гуманитарлық дағдарыстан шығу өте маңызды болып қала бермек.
Ережелері айқын, әрі Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропа одағы және халықаралық қауымдастықтың қалған бөлігі қолдап, келісілген реттеу шарасы Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның аймақтағы басқа елдермен, әсіресе көрші арабтармен қарым-қатынасын қалыпқа келтіруі тиіс. Бұл аймақтық және ғаламдық ынтымақтастыққа жол ашып, халықаралық жүйенің өзіне деген көптен күткен сенімді қайта қалпына келтіреді.
Жаңа сайланған президент Дональд Трамп АҚШ-тың бітімгершілік әрекеттерін қайта жалғастырар, ал оның сайлау науқаны кезінде Палестина және Иерусалимнің мәртебесі туралы айтқандары саяси ұсыныстар емес деп үміттенеміз. Франция ДАИШ ұйымдастырған террорлық шабуылдардан жапа шегіп жатса да бейбіт процесті бастауға құлшыныс танытты. Сириядағы азамат соғысында президент Башар Асадқа көмектесіп отырғанына қарамастан, Ресей де жақында Израиль мен Палестина басшыларын Мәскеуге келіссөз үстеліне шақыруға әрекет жасады.
Бұл елдердің соңғы ұмтылыстарына қарасақ, халықаралық қауымдастықтың аймақтан таралып жатқан терроризм мен басқа да проблемаларға тосқауыл қою үшін Таяу Шығыстағы ең көне конфликтіні шешуге барынша мүдделі екенін байқаймыз. Бейбіт процесті 2017 жылы одан әрі жалғастыру үшін халықаралық қауымдастық Сауд Арабиясының бұрынғы Королі марқұм Абдулла 2002 жылы ұсынған «Арабтардың бейбіт бастамасын» (АББ) қолдауы керек. АББ-ны конфликтінің барлық тараптары жақсы қабылдаған әрі оған Араб лигасы да қолдау білдірген.
Ал Ирак, Ливия, Сирия және Йеменге келер болсақ, халықаралық қауымдастық бұлардың әрқайсысындағы терроршылардың бекіністеріне қарсы бірлескен әскери операцияларды ұйымдасқан түрде жалғастыра беруі қажет. Бұл мемлекеттерді бөлу туралы ұсыныстар да болды, бірақ барлық тараптар келіспейінше, оларды жүзеге асыруға болмайды. Іс жүзінде, қазіргі барларын бірлікте ұстап тұрғаннан жаңа мемлекетті қалыптастырудың оңайырақ болатынына ешқандай сенім жоқ.
Шетелдік делдалдар мен Таяу Шығыстың бұрынғы жауапсыз басшылары Ирактағы соғыстан бастап «Пандора жәшігін» ашып берді. Бұл сәтсіздіктен әлем халқы сабақ алуы тиіс: елдерді бөлшектеу ұзаққа созылатын, болашағын болжап білуге болмайтын геосаяси салдарға әкелуі мүмкін. Ирак пен Сириядағы белгілі бір топтар бұл елдердегі билік вакуумын пайдаланып, максималистік мақсатты көздеп жүр, ал бұл аймақта реваншизм мен ирредентизмді одан әрі қоздыра түседі. Елдің ұлттық игілігі саналатын жері мен ресурстарын алып қоюды көздейтін кез келген шешім онсыз да нашар жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді.
Ирак, Ливия, Сирия және Йеменде жүріп жатқан соғыстар көбіне шииттер мен сүнниттер арасындағы діни соғыс деп сипатталады. Бірақ ағымдар арасындағы қақтығысты тудырып отырған басты фактор – Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы бір-біріне деген сенімсіздік. Аймақтағы осы екі державаның арасындағы түсініспестік реттелсе, бұл аймақтағы дүрдараздықтың көбін шешуге лайықты ықпал еткен болар еді.
Ағымдар арасындағы конфликт сәуір айында Стамбұлда өткен Ислам конференциясы ұйымының 13 саммиті кезінде Түркия мен Қазақстан ұсынған «Исламдық жақындастыру бастамасы» сияқты бітімгершілік модельдеріне сүйенетін жоғары деңгейдегі саяси әрекеттер арқылы шешіледі. Сөздің шынына келсек, Иран мен Сауд Арабиясының арасы ушығып тұр, бірақ бұл елдер бұрын көп мәселелер бойынша келісімге келген әрі шииттер мен сунниттердің бейбіт қатар өмір сүргенін паш етінін тарихи фактілер жетіп-артылады.
Жақындасуды көздейтін амбициялық шаралар қолға алынбайынша, азамат соғысы мен терроризм Таяу Шығыс аймағын одан әрі қирата бермек. Ирак, Ливия, Сирия және Йеменде сауда, өнеркәсіп және транспорт салалары тығырыққа тіреліп тұр, ал бұл жалпы аймақ экономикасына кесірін тигізіп жатыр. Халықаралық валюта қорының жақында жасаған есебінен қарулы қақтығыстардың өсімді баяулатып, бүкіл аймақта инфляцияның өршуіне қалай әсер етіп жатқанын байқаймыз және қантөгісті бір оқпен тоқтататын құдыреттің жоқ екенін, оны белгілі бір саяси интервенциялардың көмегімен ғана тоқтатуға болатынын түсінеміз.
Таяу Шығыстағы конфликтілер тек инфрақұрылым мен өнеркәсіп орындарын қиратып қана қоймай, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін, мәдени мұраны және басқа да әлеуметтік институттарды талқандап жатыр. UNICEF-тің дабыл қақтырар есебіне қарасақ, миллиондаған босқын бала білім алмай, бос сандалып жүр, демек олардың жұмыс істеуге қабілеті болмайды, ал бұл болашақта үлкен экономикалық және әлеуметтік шығындарға алып келеді.
Таяу Шығыстағы кикілжіңдерді тоқтатуды көздейтін кез келген әрекет сәтті болуы үшін онымен бірге қайта құруға бағытталған ауқымды жоба қатар ұсынылуы керек. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаны қайта құрған Маршалл жоспары сияқты болуы тиіс әрі ол мемлекеттердің қайтадан соғыс бастауына жол бермеуі қажет. Аймақта саяси реформа жүргізушілер адам құқықтары, заң үстемдігі, ашықтық және лайықты басқару принциптерін алдыңғы орынға қоюы керек. 2017 жылы бұл міндет салыстырмалы түрде тұрақтылықты сақтап қалу үшін қарулы қақтығыстардың алдын алған елдерге жүктеледі, сол арқылы олар бүкіл аймақта тұрақтылыққа қол жеткізуге көмектеседі.
Автор туралы: Абдулла Гүл – Түрік Республикасының бұрынғы президенті.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024