Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Tengri Bank» АҚ салымшыларының назарына

«Tengri Bank» АҚ салымшыларының назарына

Еуразиялық банк жабылу үстіндегі Tengri Bank-тің салымшыларының қаражатын қайтарып беретін банк агент болып таңдалды. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры хабарлады. 

Қор кепілдік қаражатын аударған соң аталған банк «Tengri Bank» АҚ салымшыларына төлем жасай бастайды. 

Қаражатты кімдер ала алады? 

«Tengri Bank» АҚ депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өтем алуға өтініш бере алады.

Кепілдік берілген өтем төлеуге өтініштер қабылдау 2020 жылдың 30 қыркүйегінен басталады. «Еуразиялық банк» АҚ бөлімшелері елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, кезек күтуді азайту мақсатында «Tengri Bank» АҚ салымшыларына таяудағы демалыс күндері – 3 және 4 қазанда қосымша қызмет көрсететін болады. 

ҚДКБҚ салымшыларға агент банктің бөлімшелеріне барар алдында сайт арқылы бөлімшелерде кезектің бар-жоғын қадағалауға кеңес береді. 

Агент банк сондай-ақ өтініштерді қашықтан беру және өтем сомаларын онлайн тексеру бойынша опцияларды қарастыратын болады. Бұл туралы толық ақпаратты «Еуразиялық банк» АҚ сайтынан алуға мүмкіндік бар.

Агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу шарасы 12 ай бойы – 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады. Қор белгіленген мерзімнің аяқталуына қарай агент банкпен арадағы келісімнің қолданылу мерзімін ұзартуы мүмкін. 

Қандай құжаттар керек?

Салымшы агент банкке жеке басын куәландыратын құжатпен баруы қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, құқық белгілеуші құжаттарды да ұсыну қажет (мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат).

Салымшының тегі, аты немесе әкесінің аты өзгергендігі агент банкте неке қию туралы куәлікпен немесе Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органы беретін тегін, атын және әкесінің атын өзгерту туралы куәлікпен расталады.

Жекелеген жағдайларда агент банк мәлімделген талаптардың негізділігін растайтын қосымша құжаттар сұратуға құқылы. Кепілдік берілген өтем салымшы құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.

Салымшылар өз еріктерімен кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы ала алады.

Депозиттер бойынша кепілдіктер және төлемдерді жүзеге асыру туралы жалпы ақпараттар Қордың www.kdif.kz сайтында қолжетімді. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін 1460 телефон нөмірі, ҚДКБҚ сайтындағы чат, @kdif_ask Телеграм-чаты, Қордың Facebook және Instagram желілеріндегі deposit.kz ресми парақшалары, сондай-ақ info@kdif.kz электронды поштасына жазу арқылы өтініш білдіре алады.

Похожие материалы