Әлем бойынша миллиондаған адам саяхаттауды ұнатады. Біз әр түрлі мемлекеттерді көру, салт-дәстүрімен танысу, тарихи жерлерді тамашалау, жаңа адамдарды кездестіру және басқа ұлттың тағамдарымен танысу үшін саяхаттаймыз. Қазақстандықтар жиі баратын елдің бірі – Түркия. Оның ішінде ең үлкен қаласы Стамбул қай жағынан болсын тартып тұратын ғажап шаһардың бірі.
2017 жылы Түркияға турлар басқа курорттармен салыстырғанда қалта көтерерлік. Әрине жағалаудың жанында орналасқан бес жұлдызды VIP қонақ үйлерде бар, алайда арзанырақ, студенттік және т.б. саяхатшыларға тиімді турлар ұсынылған.
Егер сіздің Түркиядағы демалыс уақытыңыз бір айдан аспаса, виза жасамасаңыз болады. Бару үшін тек шетелдік төлқұжат қажет. Шықпас бұрын төлқұжатыңыздың жарамдылық мерзімін тексерген жөн. Егер кәмелет жасқа толмаған балалар баратын болсаңыз, ата-анасының паспортына баланың 3×4 суретін жабыстыру керек. Оны өзіңіз тұратын ауданның, қаланың миграциялық полиция бөлімінде жасауға болады. Сонымен қатар бала ата-ананың біреуімен ғана баратын болса, екінші ата-ана өз келісімін сенімхат арқылы көрсету керек. Ал, егер бала басқа адаммен шығатын болса, баланың шетелдік құжаты немесе нотариус арқылы тіркелген сенімхат болуы шарт. Осылайша Түркияға саяхаттау визасы аса көп дайындықты талап етпейді.
Түркияның астанасы Анкара болғанымен, Стамбул ең үлкен қаласы. 2010 жылдан бастап Стамбулға мәдениет астанасы деген атақ берілген. Стамбул - Мәмір теңізінің жағалауында, Босфор бұғазының қос жағасында орналасқан заманауи стильде биік ғимараттармен әсемделген қала.
Стамбулға кететін шығындар
Cтамбулға екі бағытта AirAstana әуе компаниясының билеттері 100 000 теңге шамасында. Сәл арзандау қажет десеңіз Украиналық әуе компаниялары 85 000 теңге көлемінде Киев арқылы транзитпен ұшуды ұсынады.
Түркияның табыс көзінің бірі туристер екені белгілі. Сондықтан да олар ақшаны тек түрік лирасын ғана емес, еуро, доллар да қабылдай береді. Мейрамханалардан шәй немесе кофені 30 центтен 2 долларға дейін тапсырыс бере аласыз. Етті 5 долларға, нанды 1 долларға алуға болады.
Көлік қатынасына кететін шығындар
Стамбулда көлік қатынасы ерекшелетіні белгілі. Қалада метро, автобус, фуникулер, паром, миниавтобус, мармарис, долмыш деген түрлі-түрлі қозғалыс құралдары бар. Барлық көлік құралдарына IstanbulCard деген пластик картасы қолданылады. Картаның құны 10 лира, біздің ақшамен 700 теңге болады. Аптасына картаға 100-150 лира шамасында кетеді. Егер Стамбулға бір айға келсеңіз, айлық картаны сатып алсаңыз болады. Оның құны 180 лира. Картаны Үскідар, Таксим, Еминиону деген сияқты үлкен аялдамалардан сатып алуға болады. Сатып алу үшін өзіңізбен төл құжат және 3x4 сурет болу керек.
Қаланы тамашалауға кететін шығындар
Көрікті жерлерге немесе мұражайға барып үнемдегіңіз келсе, Museum Pass Card картасын сатып алсаңыз болады. Әр мұражайға кіру шамамен 30 лира болса, картаның құны 85 лира. Карта Ая София, Топқапы палас, Археологиялық мұражай, Ғылым тарихы және Ислам Технологиясы мұражайы, Жұлдыз сарайы және тағы басқа тарихи рухани орталықтарға кіру құнын толық қамтымай, белгілі бір жеңілдіктер береді. Мысалы, Галата Тауер деген Стамбулға көрініс ашатын мұнарасына кіру билет құнына 30% жеңілдік бере алады.
Баспанаға кететін шығындар
Барлық адамды үй мәселесі алаңдататыны анық. Қарапайым қонақ үйге күніне 10 доллар төлеп тұруға болады. Егер бұдан арзандау үй тіпті тегін керек десеңіз, Couchsurfing әлде airbnb сайттардың көмегімен өзіңізге арзан кейде тегін тұрғын үй таба аласыз. Сайт арқылы сіз баратын отбасыңыз туралы толық ақпарат алып, skype арқылы сөйлесуге болады. Қауіпсіз әрі сенімді жолдардың бірі екеніне күмәнданбасаңыз болады.
Мыңдаған жыл тарихы бар Стамбулдың көркем жерлерін көруге бір айдың өзі кемдік етеді. Дәл қазір саяхаттап баратын болсаңыз, Стамбулда қызғалдақтар гүлдей бастайды. Беларусь пен Ресейдегі сияқты бірен-саран ғана гүлзар емес, әрине голландықтардағыдай да жаппай гүлдеп кетпейді. Бірақ Стамбулдың айналасы гүлге оранып, дала өте әдемі бола түседі. Осы кезде жыл сайын туристерді жинайтын «Қызғалдақтар фестивалі» болатыны бекер емес.