Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Юваль Ной Харари: «Адамдардың көбісі айналада не болып жатқанын түсінбейді»

Юваль Ной Харари: «Адамдардың көбісі айналада не болып жатқанын түсінбейді»

Израильдік тарихшы-медиевист, әрі «Sapiens: адамзаттың қысқаша тарихы» және «Homo Deus: ертеңгі күннің қысқаша тарихы» атты әлемдік бестселлерлерінің авторы Юваль Ной Харари Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйлеген болатын. Ол келешекте жұртқа жұмыс істеуге тура келе ме және тұрақты технологиялық революциялар жағдайында адам қандай өзгеріске ұшырайтыны туралы өз көзқарастарымен бөліскен болатын.

Жұмыстың болашағы туралы

Тарихта жұмыс туралы түсінік бірнеше рет өзгеріске ұшыраған. Ұзақ уақыт бойы (тарихтың басым бөлігінде) адамдар мүлдем жұмыс істемеді - бірақ олар аман қалды. Яғни күнделікті қағида бойынша: ұйқыдан тұрып таңғы 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін жұмыс істеу - қазіргі заманның талабы болып отыр. Біздің бабаларымыз, аңшылар мен жинаушылар жүз мыңдаған жылдар бойы жұмыссыз күн кешкен. Жұмысынан айырылғанына күйзелу де салыстырмалы жаңа феномен болып табылады. Өнеркәсіптік революцияның етек жаюына байналысты адамдардың санасын үрей билейтін болған. Адамдар машиналар барынша дамығанда керексіз болып қаламыз деп қорыққан. Дегенмен, қазіргі уақытта, бұл ойдың шындыққа айналуы әбден мүмкін. «Қасқырлар!» деп айқайлаған баланың хикаясында сияқты, ақыр аяғында қасқырлар келді ғой.

Қазіргі уақытта адамдарды эксплуатациядан да қатты алаңдататыны – өздерінің керексіз болып қалу мүмкіндігі. Сені жұмыста пайдаланған кезде, кем дегенде өзіңнің керек екеніңді, сенен басқа жұмыс істейтін ешкім жоқ екенін білесің ғой. Осыдан-ақ қорқыныштың алғашқы белгілері пайда болады. Мен әлі де жаңа кәсіптің түрлері пайда болады деп ойлаймын. Бұдан: бұл бос орындарға ие болу үшін адамдар «өзін-өзі қайта жасап шығара алады ма?» деген сұрақ туындайды. Және біз әрбір 10 жыл сайын өзімізді жаңартып отыруымыз керек, өйткені біз технологиялық революцияның бір ғана түрін емес, сарқылмас түрін бастан кешіріп жатырмыз. Өзіңізді 20 жаста өзгерту - бір нәрсе, бірақ одан әрі - 30, 40, 50 жаста өзгеру -  өте қиын болады, бұл да біздің алаңдаушылығымызды айтарлықтай арттырады.

Негізінде адамдар жұмыс деп саналмайтын істерді көп істейді. Мысалы, балалар тәрбиесі сияқты. Адамдар соңғы бірнеше ғасырлар бойы істеп жатқан жұмыстың көпшілігі оларға сай келмейді. Тіпті  «адам табиғатына сай» бірде-бір жұмысты әлі күнге дейін атай алмаймыз.

Біз еңбек нарығының болашағы туралы сөйлескен кезде робототехникаға тым көп көңіл бөлеміз. Біз биотехнологияға көп көңіл бөлуіміз керек. Көптеген жаңа мамандықтар адам эмоцияларын түсінуге байланысты болады. Тіпті ұшқышсыз көлік құралдары жаяу жүргіншілердің қалай әрекет ететінін түсінуі керек. Сонымен қатар машиналар банкирлерге немесе әлеуметтік қызметкерлерге ауыстырылса, маңызды тақырыптардың бірі болар еді.

Егер сіз ір нірсеге сәл басқаша қарасаңыз, анық болады: біз мамандықты емес, адамзатты қорғауымыз керек. Айналамызда тіпті мүлде қажетсіз мамандықтар толып жатыр. Кім өмір бойы кассир болып өткісі келеді дейсіз? Біз мамандық туралы емес, адамдар туралы ойлауымыз керек. Дәл қазіргі уақытта бізде жұмыссыздық дағдарысы емес, жұмыс мағынасының дағдарысы етек жайып отыр.

Тарихшы ретінде айтсам, орта ғасырмен салыстырғанда қазіргі адамдар жұмақта өмір сүріп жатыр, бірақ олар өздерін бұлай сезінбейді. Біз тапжылмай жұмыс істей де аламыз, тиімді бола да аламыз, алайда өзіміздің өмірімізді жеңілдетуді білмейміз. Егер мәселені жұмыс мағынасының дағдарысымен шешетін болсақ, біз оны бос уақытпен шеше аламыз.

Менің айтар ең жақсы кеңесім – жеке бейімделуіңізге қарап еңбек етіңіз. Сіздің барлық инвестицияларыңыз - нақты дағдыларды үйрету, мысалы, бағдарламалау – бұл лотерея. Сіз бұл дағдылардың керек, керек емес екенін нақты біле алмайсыз, бірақ хаос кезінде сізге эмоционалдық тұрақтылық міндетті түрде қажет болады. Дегенмен, бұл өте қиын. Бұған үйрететін оқу орнын әлі білмейді екенмін.

Адамзаттың болашағы туралы

Дәл кімнің айтқаны есімде жоқ, бір адам былай айтып еді: егер сізге 2050 жыл туралы айтып және бұл ғылыми-фантастикалық көрініс сияқты болса, онда бұл шынайы емес. Бірақ егер 2050-дің сипаттамасы ғылыми фантастика сияқты айтылмаса, онда бұл сөзсіз өтірік.

Бәлкім, біз Homo sapiens соңғы ұрпақтарының бірі шығармыз. Бір немесе екі ғасырдан кейін жер бетін біз неандертальдардан немесе шимпанзелерден қалай ерекшеленсек, бізден де дәл солай ерекшеленетін организмдер жаулайды. Өйткені, келесі ұрпақтардан біздің денемізді және ақыл-ойымызды өзгертуге үйренетін боламыз және бұл ХХІ ғасыр экономикасының басты өнімі болады.

Планетаның болашақ иелері қандай болады? Бұл сұраққа жауапты ақпаратты иеленетіндерден біле аламыз. Оны бақылайтын адамдардың қолында планетаның өмірін бақылайтын кілті болады. Ақпарат - әлемдегі ең маңызды актив. Тым көп ақпарат саны фавориттердің кішігірім топтарына шоғырланған болса не болады? Адамзат бөлініп кетеді. Бірақ сыныпқа емес, алуан түрлерге бөлінеді.

Бүгінгі таңда ақпараттың маңыздығы соншалық, біз тек компьютерлерді ғана емес, адам ағзасын да "бұза алатын" деңгейге жеттік. Бұл үшін екі нәрсе: үлкен есептеуіш қуаты және деректердің биометриялық үлкен көлемі қажет. Бүгінгі күнге дейін ешкімде азамзатты бұзатындай ингредиент болмады. Тіпті тәулік бойы адамдарды бақылауға мүмкіндігі болған "КГБ" немесе "испан инквизициясы" да бұны жүзеге асыра алмады.

Қазір жағдай бір мезгілде екі революцияның арқасында өзгеріп отыр: компьютерлік ғылымды дамыту (машина жасау, жасанды интеллект) және биологияны дамыту (соның ішінде, нейробиология). Бұл адам миының қалай жұмыс істейтіні туралы қажетті түсінік береді. Бір жарым ғасыр бойы жиналған биологиялық зерттеулерді үш сөзбен жинақтауға болады: организмдер алгоритмдер болып саналады. Қазір біз бұл алгоритмдерді қалай шешуге болатынын үйреніп жатырмыз.

Қазір бұл процесс үш бағыт бойынша жүргізіліп отыр. Біріншісі - биоинженерия, мұнда ғалымдар жаңа мүшелерді өсіріп, ескілерін жаңартады, генетикалық деңгейде денеге араластырады. Бірақ бұл ең консервативтік майдан, себебі ол организмдерден құралған дәстүрлі «кірпіштерді» пайдаланады. Екінші тәсіл – көбіне радикалды тәсіл - органикалық және бейорганикалық заттардың қосындысы. Бірақ тіпті бұл жағдайда да сіздің миыңыз әр түрлі құрылғылар, интернетпен байланысты болса да, органикалық түрде қала береді.

Үшінші және ең түбегейлі тәсіл - толық бейорганикалық өмір нысандарын құру. Мұны жасауға болар, болмасы әлі сұрақ тудырып жатыр. Бұның не екені және адаммен қалай байланыста болатыны санамызда әлі шешілмеген құпия болып қалып отыр. Жалпы консенсус – сана мида орналасқан және егер біз оны бұзып, тәжірибе мен эмоцияларды әкелетін миллиардтаған нейрондардың қалай жұмыс істейтінін білсек, онда оларды басқа «материалға» шығаруға кедергі болмайды. Мүмкін бейорганикалық тіршілік формаларымен жұмысымыз жүзеге аса қоймайды, дегенмен ғалымдар ерте ме, кеш пе  бұл болады деп сенеді.

Адамдар өздерін толықтай білмейді. Сондықтан алгоритмдер - өзіңді жақсы білудің нақты мүмкіндігі. Көптеген адамдар осы фактіні теріске шығарып, жай ғана өмір сүргенімен, өздерін әлі толықтай білмейді. 10-20 жылдан кейін алгоритм жасөспірімдерге тұрған жері туралы айтып отырғанын көз алдыңа елестетіп көрші. Алгоритм сіздің көз қозғалысыңызды, қысымыңызды, ми қызметін бақылайды және кім екеніңізді айқындайды. Тіпті достарыңыз бен әріптестеріңізден жасырғаныңызбен, Amazon, Google, Facebook деректерін біліп отырады.

Ақпаратты есте сақтауды қалай игеруге болады? Жер және өнеркәсіптік жабдықтардан айырмашылығы, ақпарат барлық жерде таралған, оны көшіруге болады және ол керемет жылдамдықпен таралады. Мен туралы ақпарат кімге тиесілі? Қазіргі уақытта деректердің көпшілігі корпорацияларға тиесілі болуы адамдарды қатты алаңдатады. Егер үкіметке ақпаратты ұлттандыруға рұқсат берсеңіз, бұл сандық диктатураға әкеліп соғады.

Жалған жаңалықтар туралы

Тарихшы ретінде мен жалған жаңалықтар төңірегіндегі истерияны түсінбеймін. Жалған жаңалық қашанда болған! Қандай дәуірді шыншыл деп айтуға болады? Өткен ғасырдың 80-жылдары, 30-жылдарында, орта ғасырда - жалған ақпарат болды, үкіметтер де жалған сөйледі, жалған насихат та етек алды. Меніңше, қазір жағдай біршама жақсарып қалған секілді. Медиевист ретінде мен барлық нәрсеге орта ғасырлық көзқараспен қарауға тырысамын: ол кезде жалған жаңалықтардың ауқымы әлдеқайда үлкен еді. Менің ойымша, ақпараттың ағынын аса маңызды мәселе деп санауға болады. Яғни, шынайы ақпараттың өзін тіпті ойда қорыту, логикалық түрде түсіну, әлемнің объективті бейнесін жасау қиындық туғызады.

Шындығында бізге ақиқатты өтіріктен ажырата алу емес, ақпаратты түсіне алу жетіспейді. Баспасөз проблемасы - жалған жаңалықтарды қалай беруінде емес, адамдардың санасына әлемнің ғаламдық бейнесін қалай жеткізуінде болып табылады.  Бұқаралық ақпарат құралдарының нақты мәселесі – ақпарат шын болсын, шынайы болмасын бастысы оқиғаны халыққа қалайша тезірек жеткізуді ойлайды.

Дереккөз: republic.ru

Похожие материалы