Экономика
Зарина Дияс алғашқы миллион долларын тапты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс спорттық карьерасындағы алғашқы миллион долларын тапты деп жазады Vesti.kz.
Үлкен көлемдегі қаржыны спортшы "Ролан Гарростағы" ойынынан кейін алған. Дияс жарыстың бірінші айналымынан өтіп, екіншісінде бельгиялық Элисон ван Эйтванктен жеңілді. Турнирдің екінші айналымында берілетін сыйақы көлемі - 60 мың доллар. Қазіргі уақытта теннисшінің тапқан табысы 1 млн 46 мың долларды құрайды.
Айта кетейік, қазақстандық теннисшілердің арасында карьерасында ең көп сыйақыға ие болған - Ярослова Шведова (4,3 млн доллар). Бұл көрсеткіш бойынша, Шведова спорттық ғұмырында қомақты қаржыға ие болған ТОП-100 ойыншының тізімінде 79-орында тұр. Рейтинг көшбасшысы - әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямс (70 млн доллар).
Еске салайық, 2014 жылы Зарина Дияс уимблдондық турнирдің төртінші айналымына дейін жетіп, осы жылғы маусымда Australian Open-нің екі кезеңінен өтті.