Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz - «1С-Битрикс Казахстан» компаниясы "Битрикс24" сервисінің жаңарған нұсқасын ұсынды. Жаңа нұсқаның негізгі ерекшелігі нейронды желі және сауда көлемін арттыру үшін адамды тани алуы.
Компания CRM жүйесіне (тұтынушылармен қарым-қатынасты басқаратын жүйе) нейрон желісін орналастырып, қолданушыларға сауда көлемін арттыру мақсатында 2 сценарий ұсынады. Олар: face-трекер және visit-трекер.
Face-трекер сценарийі – дүкендегі немесе офистегі келушілерді анықтап санай алады. Және жаңа тұтынушылар мен қайталап келген клиенттерді есептеп береді. Барлық ақпарат клиенттің CRM карточкасында сақталып қалады. Face-трекер арқылы тұтынушымен бұған дейінгі құрылған қарым-қатынас тарихын зерттей алады.
Алынған ақпараттар арқылы, қызметкерлер тұтынушыларға сараптамадан өткен ұсыныстар жасай алады. Бұл сатылым деңгейінің көбеюіне әсер етеді.
Сонымен қатар, face-трекер фотосуреті арқылы келушілерді ВКонтакте желісінен тауып алуға мүмкіндік береді. Ол арқылы компанияның маркетингтік белсенділігін арттыруға болады.
Ал visit-трекер тұтынушылармен кездесулерде, консультация беруде немесе келісімге келуде қажетті сценарий. Клиентті анықтағаннан кейін менеджерге тұтынушының компаниямен бұған дейінгі қарым-қатынасы туралы мәлімет беріледі. Visit-трекер сөйлесуді автоматты түрде жазып алады және тұтынушының CRM-дегі карточкасына бекітіп қояды. Бұл клиентпен болған келісімдерді оңай ақытауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, аудиожазба арқылы сауда бөліміндегі менеджердің жұмысын бақылауға болады.
«Онлайн және офлайн ресурстарды біріктіру компанияға шексіз мүмкіндіктер береді. Мысалы, клиенттермен жұмыс істеу бөлімі тұтынушының сату бөліміне қаншалықты жиі кіретінін және сатып алатынын біледі. Сонымен бірге, оның қызығушылығы мен қаржылық жағдайын да анықтай алады. Алынған ақпарат арқылы қызметкерлер сатып алушыға бірегей ұсыныстар жасап, сұрақтарына барынша толық жауап бере алады», - деп атап өтті «1С-Битрикс Казахстан» компаниясының директоры Сармантай Қасенов
Жалпы face-трекер мен visit-трекер сату менеджерлерінің жұмысын жеңілдетеді әрі автоматтандырады. Клиентпен жақсы қарым-қатынас орнатуға және сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай құралды дайындау үшін NTechLab компаниясының технологиясы қолданылды.
«1С-Битрикс Казахстан» компаниясының мәліметінше, жүйе адамды 0,5 секундта фотосуреті арқылы 99 пайыз дәлдікпен тауып береді. Ал ВКонтакте арқылы табу NTechLab жобасындағы FindFace сервисі арқылы жүзеге асады.