2016 жылы «популизм» сөзі көп жерде айтылды. Еуропа мен Азияда және Дональд Трамп сайланған соң Америка Құрама Штаттарында елдің атынан сөйлеймін деген саяси тұлғалар жеңіске жетті.
«Популизм» алғаш рет 19 ғасырдың соңында Америка фермерлерінің банктер мен теміржол монополияларына наразылығын сипаттау үшін қолданылған. Бүгінде бұл термин мемлекеттік және жекеменшік секторлардағы ықпалды әрі ерекше артықшылықтарға ие элитаға деген ашу мен ренішті суреттеу мақсатында пайдаланылады. Италияда Беппе Гриллоның «Бес жұлдызды қозғалысы» журналистерден бастап өнеркәсіп басшылары мен саясаткерлерге дейінгі кең ауқымдағы «истеблишментті» қарастырады. Сол сияқты АҚШ-та да Трамп «батпақты тазартамын» деп уәде берген.
19 ғасырдағы популизмге қарағанда бұл жаңа популизмнің мақсаты бұлыңғыр әрі ол негізсіз айыптауға бейіл. Қазіргінің популистері жек көруге құмар, ал нақты саясатқа келгенде сөзге сараң. Олар бірде оңшылдардың, бірде солшылдардың жағына өтіп кетеді, кейде тіпті екі жақта бір мезетте жүреді. Мәселен, Трамп бала күтіміне байланысты жәрдемақы беруге және төменгі жалақыны көтеруге уәде берді, солай дей тұра байларға салынатын салықтарды азайтып, қаржылық және экологиялық реттеуді қолға алатынын айтты. Популизмде саяси бағыт маңызды емес, себебі ол еш дәлелге не тиянақтап жасалған өзгеріс туралы жоспарға емес, харизматик лидерлердің сезімге ойнаған әрекеттеріне арқа сүйейді.
Дәстүрлі консервативтік не социалистік партиялардан айырмашылығы – жаңа популизм белгілі бір класқа емес, бірегейлік пен мәдениетке бағытталады. Популистердің көздеген аудиториясы – жаһанданудан қорқатын, «иммигранттар біздің жұмыстарымыздың бәрін тартып алып, қоғамның құрамын өзгертіп жатыр» деп уайымдайтын, немесе «өз статусымызды жоғалтып алдық» деген жалған ойдың жетегінде жүрген кез келген адам (бұл сезім әсіресе ақ нәсілді ерлердің арасындағы жаушылдықтан көрінеді).
Экономистер «дамыған елдердің көбінде өмір стандарттары жақсарды, бай мен кедей арасындағы айырма ұлғайған жоқ» деуі мүмкін. Бірақ олар өздерін маргиналданған, қадірі түскен және сүйкімі кеткен адам сезінетін бақытсыз жандардың санына жете алмайды.
Суфражисткалар немесе алғашқы социалистер сияқты бұрынғы наразылық қозғалыстары көбіне негізгі саясаттың бір бөлігіне айналатын идеялар мен лидерлерді алға шығаратын. Ал жаңа популизм мүлде басқа, себебі олар истеблишменттің легитимділігін үзілді-кесілді жоққа шығарады және ойын ережелерін қабылдамайды. Ұлыбританиядағы Тәуелсіздік партиясының басшысы Найджел Фарадж – нағыз популист, ал Демократиялық партия атынан сайлауға түспек болып, жеңіліс тапқан соң Хиллари Клинтонды қолдаған АҚШ президенттігіне экс-кандидат, сенатор Берни Сандерс популист емес.
Жаңа популизмнің моральдық таным-түсінігі бойынша, дұрыс «адамдар» азғындаған «элитаға» қарсы күресіп жатыр. Бірақ кімнің қай топқа жататыны толық анықталмаған, себебі популистердің тілі тым эмоционалды әрі тиянақсыз. Олар үшін халық – «үндемейтін көпшілік»: Трамп оларды «жақсы, қарапайым америкалықтар» десе, Фарадж бен Францияның әсіреұлтшыл «Ұлттық майдан» партиясының басшысы Марин Ле Пен оларды «кішкентай адамдар» деп атайды. Менің туған қалам Торонтода халық – марқұм мэрі Роб Фордтың есірткі шегетін бұзақы шовинист болғанына ренжімейтін, қаланың сүт бетіндегі қаймағы, яғни «Форд ұлты».
«Халық» ұғымына анықтама бергенде популистер тізімнен шығарып тастау тәсілін қолданады. Халықтың мұқтаждықтарына қатысы жоқ «элита» әдетте популистердің сиқырлы шеңберінің сыртында қалып қояды. Бірақ, ол қатарға көзқарастары халықтың пікіріне қайшы келетін кез келген адам қосылуы мүмкін. Соның ішінде Хиллари Клинтонды таңдаған америкалықтардың жартысы мен Ұлыбританияның Еуропа одағында қалуын жақтаған британдықтардың 48 пайызы бар.
Оңшыл және солшыл популистердің бір-бірінен айырмашылығы – олардың қай «жауларын» өз шеңберлерінен шығарып, шабуылдайтынында ғана. Біріншісі ірі корпорациялар мен олигархтарды нысанаға алса, екіншісі этностық және діни азшылыққа тиісуі мүмкін. Жауларын анықтап алған соң олар «халықтың» мүддесі аяққа тапталды деп байбалам салады. Трамптың мексикалықтар мен мұсылмандарды нысанаға алғаны сияқты Венесуэланың бұрынғы президенті Уго Чавестің епсіз әрі дарынсыз ізбасары Николас Мадуро елдегі дағдарыстың тереңдеуіне сыртқы күштер мен АҚШ кінәлі дейді.
Аттаншыл ұлтшылдық және егемендікті қайтару туралы әңгімелер - популистік байбаламның ең басты компоненттері. Тарих, нақтырақ айтсақ, тым идеалдандырылған өткен өмірді аңсау да соның бір бөлігі. Трамп «Американы қайтадан ұлы ел етеміз» дейді. Еуропада Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан мен Даниядағы «Азаттық үшін» партиясының басшысы Герт Вилдерс сияқты популист лидерлер шіркеуге баратын еуропалықтардың саны азайып жатқанына қарамастан, «христиандардың Еуропасы мұсылман ордасының құрсауында қалды» деп суреттейді. Брекзит науқаны кезінде одақтан шығуды жақтаған топ Германия бастаған фашистік коалицияға қарсы Британия жалғыз соғысқан 1940 жылғы Дюнкерк ұрысын алға тартты.
Шындығына келсек, халықтың басым көпшілігі үшін көп нәрсе бұрыс болып жатыр. Жаһандану мен автоматтандыру дамыған елдердегі жұмыс орындарын жалмап жатыр; көп елдердегі алпауыт корпорациялар мен бақуатты адамдардың байлығы еселеніп, төлейтін салығы азайып жатыр. АҚШ-тың өнеркәсіп белдеуінде және Солтүстік-шығыс Англия мен Уэльсте тұратын халықтың тұрмыс жағдайы күннен күнге нашарлап барады.
Бірақ популист лидерлер ақылға қонбайтын, қияли шешімдер ұсынады. Трамптың «Мексикамен шекарада «үлкен де әдемі» дуал тұрғызамын», «мұсылман иммигранттардың келуіне тыйым саламын», «көмір шахталарын қайта ашамын», «Қытайға тариф енгіземін» дегендері - жүзеге аспайтын ұсыныстар ғана емес, сауда соғысын тұтандырып, экономикалық қиындық көріп жатқан қолдаушыларының жағдайын одан сайын нашарлата түсетін жайттар.
Саяси және экономикалық жүйелер күйреді деген тұста популистердің салмағы артады. Француз революциясының алғашқы кезеңіндегі якобиншілердің, 19 ғасырдың ортасындағы Америкада «дымбілместер» партиясының, Муссолини басқарған Италияда фашистердің, Гитлер басқарған Германияда нацистердің бас көтеруін осымен түсіндіруге болады. Бұл топтардың барлығы «моральдық тұрғыда пәкпіз, «халық» үшін жемқорлыққа батқан ескі жүйені қиратамыз» деп уәде берген.
Ақиқатқа жеке-дара монополиялы құқығымыз бар дейтін бүгінгінің популистік саясаты бір жағынан демократиядан мүлде алшақ жатыр. Венгрия, Польша және Түркиядағы жағдайдан қазірдің өзінде байқағанымыз – популистер билікке қол жеткізсе, олар қолдарында бар құралдарды, соның ішінде мемлекетті пайдалану арқылы демократиялық институттарды талқандай бастайды.
Популизмнің бұл формасы 2017 жылы ел ішінде де, халықаралық дәрежеде де үлкен қауіп төндіреді. Біз ең жаманына дайын болуымыз керек. Бірақ біз бұл сырттан келген саяси күштер тоқмейілсіген дәстүрлі партияларды аса қажет реформаларды жүзеге асыруға көндіреді деп сенеміз. Демократиялық партияның праймеризі кезінде Сандерс осыны орындауға тырысқан. Бәлкім сонда қазіргі құрылымдардың әлемді құтқарамыз деп уәде беріп алып, хаос әкелетіндердің тегеурініне төтеп бере алатындай қауқары болатын шығар.
Автор туралы: Маргарет Макмиллан – Оксфорд университеті Сент-Энтони колледжінің уордені.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024