ПРИНСТОН – Экономикасы дамыған елдерде популизм кең тарап, саяси истеблишмент кері шегіне бастады. Жүйені шайқаймын, не тіпті құлатамын деп уәде берген сырттың адамдары саясатта ірі жеңіске жетіп жатыр. Популистердің жаулары – ұлттық құндылықтарды сатып кеткен «ғаламдық элитаның» мүшелері, және олардың АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп «глобализм» деп атаған бұл үдеріске қарсы күресі әлемдік құбылысқа айналатын тәрізді, әрі ол интернационализмнің өз брендіне тәуелді болмақ.
«Қаржылық зақымдау» - қаржы саласындағы белгілі процесс. Тіпті араларында қаржылық байланыс болмаса да, бір жерде болған дүмпу басқа жерлерде де сілкініс туғызады, себебі үлгіге сүйенетін нарық қатысушылары негізгі күштерді тез анықтайды.
Қазіргі популистік бүліктің динамикасы да соған ұқсас. Трамп күні бұрын «менің жеңісім Брекзиттің көкесі болады» деп уәде берді. Шындығында, ол жеңгенде голландтар мен француздардың әсіре оңшыл саяси күштері мұны алдағы үлкен өзгерістің басы деп қабылдады. Италиядағы конституцияға байланысты референдумда да «жоқ» деп дауыс беруге үгіттегендер осы көзқарасты ұстанды, ал премьер-министр Маттео Ренци өзінің саясаттағы болашағын осы референдуммен байланыстырады.
Бүгінгі жағдайды жиырмасыншы ғасырдағы екі соғыстың ортасындағы кезеңмен салыстыруға болады. Сол кезде Владимир Ленин кеңестік коммунизмді әлемдік бренд ретінде ұсынып, «Коминтернді» құрған. Лениннің қозғалысына жауап ретінде құрылған Бенито Муссолинидің италиялық фашизмі де халықаралық аренаға шықты: Еуропада, Латын Америкасында және Азияда Муссолинидің «Қара жейделеріне» еліктеп, түрлі түсті жейде кигендердің қозғалыстары құрылды, сөйтіп авторитаризм либерализмге балама модель дәрежесіне көтерілді.
Муссолинидің фашистері, Адольф Гитлердің нацистері сияқты әсіре ұлтшыл қозғалыстар «нағыз фашист кім?» деп өзара тайталасып жүріп, ақыр соңында либералдық тәртіпке қарсы күресте бас біріктірді. Дәл сол сияқты бүгінгі саяси бүлік тоқтату мүмкін емес қарсылыққа ұласып, әр мемлекет сауда, миграция және капитал ағындарына есігін тарс жабуы мүмкін, ал бұл нөлдік сомалы ойын сияқты жаппай жеңіліске апарады.
Осыдан туындайтын негізгі сұрақ: мұндай «саяси зақымдануға жол бермейтін» қорғаныс жүйесін құруға бола ма?
Қаржы дағдарысы мен қаржылық зақымданудан құтылу үшін көбіне халықаралық құтқару пакеті мен қаржылық реформа сияқты екі түрлі шара қолданылады. Дәл сол сияқты мұндай интервенциялардың саяси баламаларын да қарастырып, мәселен, ғаламдық басқару институттары мен қазіргі демократиялық ережелерге реформа жасауға болады. Осы күні жекелеген елдерге әсер етіп жатқан проблемалар – еларалық мәселелер, оларды жалғыз-жарым мемлекеттер өз бетімен шеше алмайды. Мұның ең бір айқын мысалы – климаттың өзгеруі, соның кесірінен құрғақшылық болып, егін өспей қалады, ал бұл халықты жаппай көшуге мәжбүрлейді.
Бірақ бүгінгінің популистері ұжымдық тұрғыдан ойлауға, халықаралық ауқымдағы аралас-құраластыққа қарсы үгіттейді. Еларалық мәселе деп санауға болатын кез келген жайт ұлттық ұстанымға жат болып шығады, немесе бірлесіп істелген кез келген халықаралық шаруа келемежге айналып, «сәтсіз» деп бағаланады.
Бүгінгі жұқпалы популизм оның өзін жойып жіберетіндей орта қалыптастырады. Онымен ілесе келетін белгісіздік инвестицияны тежейді, әрі онсыз да әлсіз елдерде экономикалық өсімді тоқтатады. Дегенмен, автократтық, популистік ойлаудың өзі бұл үрейді зорайта түседі. Сол үшін де жалған атақты «иллиберал-демократтар» тұрақтылық пен үздіксіздікті айтып уәде береді және соған кепілдік беру үшін бизнестің бір бөлігімен келісімге келеді.
Қазіргі сәтте Ұлыбритания Біріккен Корольдігі постпопулистік экономиканың жарқын бір мысалы бола алады. Маусым айындағы «брекзит» референдумының нәтижесі одақта қалуды жақтап жүргендер болжағандай ірі экономикалық апатқа алып келген жоқ. Алайда, «брекзиттің» салдары едәуір белгісіздік тудырып, елдің болашағына мүлде қатысы жоқ ұсыныстар жасалды. Ал бұл Парламент пен премьер-министр Тереза Мейдің үкіметінде саяси тартыстарға себеп болды.
Экономикалық үрей мен саяси шиеленісін ала келген «брекзит» - Еуропаның басқа елдері еліктей қоятын керемет модель емес. Оның үстіне, референдумнан кейін өткізілген сауалнама нәтижелері одаққа мүше елдердің барлығында болмаса да, көпшілігінде Еуроодақты қолдаушылар санының артқанын көрсетті.
Трамп президент болған тұста осыған ұқсас проблемалар туындауы кәдік, ал сайланған президенттің «болжауға келмейтін саясат жүргіземін» деген уәдесі әсіресе сауда соғысының үрейі, кеңқолтық фискалдық саясат пен қатаң қаржылық саясаттың кесірінен доллар құнының аспандауы экономикадағы белгісіздікті арттырып, популистік модельге одан сайын көлеңке түсіреді.
Бірақ экономикалық белгісіздік кездерінде «қауіпсіз аймақ» рөлін тарихи түрде атқарып келе жатқан АҚШ бұған төтеп беретін жалғыз ел болуы мүмкін, сондықтан басқалармен салыстырғанда бұл ел саяси белгісіздіктен азырақ жапа шегеді. АҚШ-тың өзінде басталған 2008 жылғы қаржы дағдарысынан соң «қауіпсіз аймақ» эффектісінің арқасында Америкаға капитал ағылып, бұл доллардың күшеюіне әсер еткен. Трамптың жеңісінен кейінгі апталарда осы көрініс тағы байқалды.
Сондықтан, АҚШ-тың популистік экономикасы бірден құрдымға кете қоймайды, ол Трампты әріптесі санап, үлгі тұтып келген автократ және ұлтшыл лидерлердің көңіліне жаға түсуі мүмкін. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Трамппен кездескенде бекер уақыт өткізбегені анық.
АҚШ сияқты ірі елдер белгісіздік кесірінен болған шығындарды басқа елдердің, әсіресе дамушы нарықтардың мойнына іле алады. Ал Ұлыбритания сияқты кішірек елдер ірі мемлекеттердің популистік саясатынан жапа шегіп қана қоймай, тікелей қаржы шығындарына да ұшырайды.
Мемлекеттер бұдан сабақ алып, өздерін популистік зақымдаудан қорғау үшін аймақтық қорғаныш блоктарын құра бастауы мүмкін. Мәселен, Қытай бүкіл Азияның атынан сөйлесе, Еуропа одағы оны бөлшектегісі келетіндерге қарсы күш біріктіреді. Ең пессимистік болжам бойынша, бұл жаңа аймақтық оқшаулану геосаяси жаушылдықты қоздырып, 1930-жылдардағы кикілжіңдерді еске түсіреді. Ал оптимистік болжам бойынша, аймақтық интеграция басқару саласындағы көптен күткен реформаларға жол ашып, ол жолды популистерден тазартады.
Автор туралы: Гарольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынастар бойынша профессоры, Халықаралық басқарудағы инновация орталығының аға ғылыми қызметкері.
Copyright: Project Syndicate, 2016. www.project-syndicate.org