Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жұмыс істемейтін қарыздардың көлемі шамамен 20%-ға төмендеді

Жұмыс істемейтін қарыздардың көлемі шамамен 20%-ға төмендеді

Алматы. 6 маусым. 7kun.kz  — Қазақстанның банк секторында "сапалы өзгерістер"жүріп жатыр. Жұмыс істемейтін қарыздардың көлемі шамамен 20%-ға төмендеді. Бұл туралы Сенатта Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді.

"Ағымдағы жылы банк секторын сауықтыру үдерісі жалғасуда. Банктер жұмыс істемейтін қарыздарды тануды, сондай-ақ әлеуетті кредиттік шығындарға арналған провизияларды ұлғайтуды жалғастырып жатыр. Құрылған провизиялар 30,6%-ға 2,3 трлн теңгеге дейін өсті", - деді төраға орынбасары.

Олег Смоляковтың айтуынша, жаңа несиелер беру 2019 жылдың 4 айының нәтижесінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға артты.

"Базалық ставканың төмендеуі қаржы нарығындағы, оның ішінде кредит беру бойынша ставкалардың төмендеуіне ықпал етеді. Ағымдағы жылдың сәуір айында заңды тұлғаларға теңгемен берілетін несие мөлшерлемесі 12,0% деңгейінде қалыптасты", - деді Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ол еліміздің төлем балансы жағдайының жақсарғанын айтты.

"Алдын ала бағалау бойынша, 2019 жылдың 1 тоқсанында ағымдағы операциялар шотының профициті сауда балансын 14,4%-ға 7,1 млрд долларға дейін ұлғайтудың нәтижесінде 0,8 млрд долларды құрады. Елдің сыртқы борышы төмендеген. 2018 жылдың соңында ол 158,8 млрд долларды құрады. Оның құрылымында 63,6%-ын фирмааралық қарыз алады", - деп толықтырды Олег Смоляков

Олег Смоляков хабарлағандай, 2018 жылы сыртқы мемлекеттік қарыз 5,1%-ға 12,3 млрд долларға дейін, банк секторының қарызы 11,5%-ға 5,8 млрд долларға дейін төмендеді. Елдің халықаралық резервтері 2018 жылдың соңында 88,6 млрд доллар сомасында қалыптасты, бұл ЖІӨ-нің 52%-ын құрайды. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері 30,9 млрд долларды, Ұлттық қордың валюталық активтері 57,7 млрд долларды құрады.

"Шетел валютасындағы салымдарды теңгелік салымдармен алмастыру үрдісі жалғасуда. Теңге депозиттері өткен жылы 4,5%-ға, ал ағымдағы жылдың 4 айында тағы 5,8%-ға 10,1 трлн теңгеге дейін өсті. Долларлық баламадағы валюталық салымдар, яғни бағамдық айырманың әсерін ескермегенде, тиісінше 6,9% және 21,1%-ға қысқарды. Нәтижесінде депозиттердің жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетті, ал депозиттерді долларландыру деңгейі 2019 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша 41,0%-ға дейін төмендеді", - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Похожие материалы