Алматы. 10 шілде. 7kun.kz – Маусымда жылдық инфляция 5,9%-ға дейін баяулады. Бұл – 2015 жылғы қазаннан бастап ең төмен деңгей. Инфляция деңгейі өткен жылғы бірінші жартыжылдықпен (3,7%) салыстырғанда 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта барынша төмен көрсеткіштер (2,6%) аясында төмендеді, деп мәлімдейді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев.
Ол ауыл шаруашылығы өнімі нарығы инфляция көрсеткіштеріне жағымды әсер ететінін атап өтті. Жыл басынан бастап көкөніс пен жеміс-жидек бойынша өсу небәрі 4,9% болды. Ал өткен жылғы осындай кезеңде өсу 18,9% болды.
«Ішкі өндірушілердің тұтыну тауарларына баға өсуінің баяулауы байқалып отыр. Қаңтар-маусымда өсу (жылдық көрсетуде) 3,4%-дан 1,9%-ға дейін баяулады. Біз жыл соңына дейін жылдық инфляция көрсеткішінің көп баяулауын күтпейміз. Бұл өткен жылдың төмен статистикалық базасына байланысты. Өткен жылғы үшінші тоқсанда инфляция деңгейі шамалы (0,5%) болды», - деп түсініктеме берді Д. Ақышев.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы мамыр-маусымдағы тау-кен өндіру саласындағы өнімнің қымбаттауы аясында өңдеуші өнеркәсіптегі баға өсуінен инфляцияның өсу тәуекелі өзекті болатынын атап өтті. Тау-кен өнеркәсібінің өндірушілері бағасының индексі жылдық көрсетуде сәуірдегі 22,7%-дан маусымда 36,2%-ға дейін өсті. Екі айда, мамыр мен маусымда бағалар 9,4%-ға өсті.
Д. Ақышевтың айтуынша, инфляциялық күтулер салыстырмалы түрде орнықты. Бір жыл бұрын күтілетін инфляцияны сандық бағалау маусымда ақпан мен мамырдағы 6,0% деңгейінде және нақты инфляция деңгейінде болды.
«Пікіртерім нәтижесі халықтың инфляцияны қабылдауы жақсарғанын көрсетті. «Тауарлар мен қызметтердің өткен 12 айдағы бағасы бұрынғыға қарағанда, жылдамырақ өсті» деп санайтын респонденттер үлесі төмендеп, маусымда 44,2% болды. Бұл соңғы бір жарым жылда ең төмен мән болып табылады. Ең жоғары тарихи мән 22,5% өткен 12 айда инфляцияның барынша төмен деңгейін немесе алдыңғы кезеңмен салыстырғанда тұтыну бағасының төмендеп отырған серпінін атап өткен респонденттердің үлесін көрсетіп отыр», - деді Д. Ақышев.
«Теңгемен депозиттердің өсуі жинақтау валютасын таңдаған кезде айырбастау бағамының айқындаушы фактор ретінде рөлінің төмендегенін куәландырады. Соңғы екі айда теңгенің әлсірегеніне қарамастан теңгемен салымдар мамырда 0,2%-ға, маусымда алдын ала деректер бойынша – 2,4%-ға өсті. Осы кезеңде бағамдық айырманы ескермегенде валютамен салымдар тиісінше 2,3%-ға және 1,2%-ға қысқарды», - деп қорытындылады Д. Ақышев.