Ливия: қашан, қалай, не үшін?

Ливиядағы саяси жағдайды Муамар Каддафидің билігіне дейінгі және кейінгі деген екі кезеңмен қарастыруға болады. Мемлекеттің 40 жылдық ресми билігі жарты жылдан асатын азамат соғысының нәтижесінде тақтан тайдырылып, ел ішінде хаос басталды. Ливия азаматтық соғыстың тереңіне еніп, елін тастаған босқындар саны күн сайын мыңдап көбеюде. Гуманитарлық ұйымдардың сөзінше, тіпті елдің кейбір аудандарындағы тұрғындарға барып,  медициналық көмек беру мүмкін емес.

Каддафи режимін құлатқаннан кейін елдегі саяси күштер алғашында антикаддафилік топтың айналасына жиналды. Бірақ елдегі билікті құлатуға жиналған жергілікті элита өкілдерін ортақ жеңіс біріктіре алмады. Өзара мүдделері тоғыспаған топтарды негізгі үш бағыттауға болады:

• сепаратистер – Ливияны федералдандыруға тырысып, аймақтарға тәуелсіздік статусын беруге тырысқан Киренаики мен Феццана элиталарының мүддесін қорғайтын топтар.  Каддафиге қарсы күштер осы Киренаики және Феццанадағы жергілікті билік маңына жиналған еді.
• радикалды исламшылдар – персиялық монархиялар арқылы қолдау тауып отырған халықаралық экстремистік ұйымдар. Олар Ливия және көрші араб елдерінің құрылымын шариғат заңының негізінде өзгертуге тырысады.
• либералдар – елдегі еуропалық мазмұндағы қалалардың мүддесін көрсетеді. Негізгі мақсат — құқық және еркіндік негізінде бірыңғай, орталықтандырылған басқару үлгісін құру.

2014 жылы соңғы либералдар тобының мүшесі ретінде танылған, Каддафи үкіметінің бұрынғы генералы Халиф Хафтар Жалпы ұлттық конгреске (ЖҰК) қарсы шығып, елдің сол кездегі заңды үкіметі Али Зейдан билігіне сенімсіздігін білдірді.  Оның орнына қайтадан заңды парламент құрылмайынша Ат -Тани премьер-министр міндетін мойнына алды.

Ал жаз айында елдің бүкіл аумағында жаңа күшпен әскери қақтығыстар басталды. Кландық, өзара жергілікті топтар арасындағы шиеленіс кең масштабқа ұласты. Бұған ЖҰК-ның орнына қайта құрылған 200 орындық Өкілдер палатасындағы сайлау себеп болды. Саяси шараға қатысқан радикалды исламшылдар тобының өкілдері жеңіліске ұшырап сайлау нәижелерін мойындаудан бас тартады. Осыған байланысты «Орталық шейіт», «Әл-Каида» және «Мұсылман бауырлар» тәрізді ислам топтарының құрамындағы жауынгерлер Катар мен Сауд Арабиясының әскери-техникалық қолдауы арқылы Хафтардың «антиүкіметтік» құрылымымен әскери қақтығыс ұйымдастырады. Шілде айында Триполиға шабуылдап, үкіметтік ғимараттарды басып алды.  Олар Хафтардың жаңа парламентінің заңдылығына бағынбай, Триполи, Бенғазы, Дерну қалаларын бақылауға алып  отыр.

Халықаралық қауымдастық мойындаған ресми үкімет елдің шығысындағы Тобрук қаласында орналасқан. Ол солтүстіктегі соғысқа қандай-да бір тұрғыдан әсер ете алатын емес.

Депутаттар палатасы, ЖҰК және Бенғазы исламшылардарының арасындағы қақтығыстардан кейін көптеген сарапшылар Ливияны «failed state» қалыптаспаған мемлекет деп таныды. The Wall Street Journal-дың жазуынша, ішкі билік «мұнайлы аймақтар үшін қырылысып жатқанда, Ислам мемлекеті (ИМ) елдегі хаосты өзінің позицияларын нығайту үшін» пайдаланып жатыр.

large_detailed_administrative_and_political_map_of_libya_with_all_cities_roads_and_airports_for_free

Сахнадағы жаңа ойыншы 

ИМ- Ливияның егемендігіне қауіп төндіруші негізгі сыртқы күш. New York Magazine-нің жазуынша, өткен жылдың сәуірінен бастап «ИМ» жауынгерлері шығыстағы Дерне қаласына кіріп, күзге қарай бүкіл қала мен жақын аймақты басып алды. 2015 жылдың қысында Сирт жне Нофалия қалаларын бақылауларына алды.

Ақпан айынан бастап исламшылдардың Спирттің оңтүстігіндегі аль-Мабрук мұнай кен орнын бұғаулап тастағандығы туралы мәлімет түсті. Мұнай ұңғымасы француздық Total және ливиялық мемлекеттік National Oil Corporation компанияларымен бірігіп өндірілуі тиіс. Азаматтық соғысқа байланысты оның жұмысы желтоқсанда уақытша тоқтатылды. Кейінірек мұнай обьектілерін қорғау бойынша Гвардияның баспасөз хатшысы Али аль-Хази кен орнын ИМ жауынгерлері басып алғандығын растады.

Толассыз соғыстарға байланысты елдегі мұнай өндірісі бірнеше рет төмендеді. Елдегі шиеленіс басталмай тұрып, 2011 жылы елдегі мұнай өндірісі тәулігіне 1,6 млн баррельді құраған еді. 2015 жылдың басында бұл көрсеткіш тәулігіне 180 мың баррель деген көрсеткіште тіркелді.

Сарир, Месла кен орындарын жалғастыратын құбырлар жарылысы мен өрт те үлкен зардабын тигізді. Ұлттық мұнай корпорациясының (NOC) өкілі Мұхаммед Эль-Хариридің сөзінше, мұнай өндірісі толығымен тоқтатылуы мүмкін. Себебі үкіметтік күштер өндіріс орындарындағы күзетшілердің қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз ете алмайды.

Жағалаудың арғы жағында

Ел экономикасының негізгі табыс көзі мұнай болғандықтан аталған жағдай мемлекет бюджетіне тікелей әсер етеді. Ал күнделікті соғыстан Ливия халқы сыртқы ағылып жатыр. БҰҰ мәліметінше,29 қаладағы тұрғындар үйсіз-күйсіз қалды. Елдімекендер қирап, халық күнделікті тұрмысынан айырылды. 35 млн долларға жиналған гуманитарлық көмек әскери қимылдарға байланысты қажетті орнына жетпей жатыр.

Дегенмен ливиялықтар көмек келуін күтпестен бейбіт жерді іздеп,Жерортаға қарай ағылуда. Жыл басынан бері Африка елдерінен Еуропаға  50 мыңнан астам мигрант барған. Жағалауға жетпестен 2 мыңнан астам босқын қайтыс болды. Соңғы тасымал кезінде Италия жағалауларында 800 босқын суға кетті.

Еуроодақ босқындарға аяушылық білдіргенімен, алаңдаушылық танытқан емес. Италия, Грекия және Мальта одаққа мүше өзге елдерді босқындар мәселесімен күресте көмек танытпайды деп кінәлап отыр. Брюссельдің босқындарды барлық одақ елдеріне тарату үшін квота енгізу ұсынысы Шығыс Еуропа және Балтық елдері тарапынан қарсылыққа тап болды. Толассыз ағылған қашқындар мәселесімен өзге ешкім бас ауыртқысы келмейді.

Ливияның өзі контрабандашылар үшін де жұмаққа айналды. Ливиядан Италияға баратын бір рейс жөнелткені үшін олар 35,8 мың долларға дейін ақша табады. Аптасына 20-дан астам кеме жіберіледі. Билет құны 800- 2500 доллар аралығында. Ал Еуропа мемлекеттері  шекараларын босқындардың «заңсыз кіруінен» қорғау үшін арнай шаралар бастамақшы.

nzosq

Еуропалық көмек

2015 жылдың мамырында  WikiLeaks жаңа құжаттар жариялады. Онда Еуропаның Ливияға әскери операция жүргізуі мүмкін екендігі жазылған. Дереккөздің мәліметінше, әскер кіргізілуі босқындарға көмек көрсетуі тиіс «Тритон» операциясы аясында жүргізілмек. Бір ай бұрын бұл бағдарлама бюджеті 3 есе көбейтілген еді.

ЕО ғаламторға шыққан құжаттар туралы еш пікір білдірген жоқ. Брюссель»Тритон» операциясының аясын кеңейтіп, жаңа жоспардың мақсаты  миграциялық тасқынды реттеуде деп түсіндірді. 18 маусымда басталған шара аясында Ливия жағалауына әскери кемелер, әуе көліктері келіп, Африкадан Еуроодаққа баратын босқындар туралы ақпарат жинаумен айналысады.

Осыдан кейін Италия жағалауына келгендерді ЖІӨ-не байланысы ЕО елдеріне бөлмек. Италиядан жақын арада 40 мың адам көшіру жоспарланып отыр.

Ал Ливияның ішіндегі жағдайға қарсы әлі нақты шешім қабылданбады. Халықаралық қауымдастық «қантөгісті тоқтатып, бейбіт келісімге келуге» шақырудан әрі асқан жоқ.