Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5%-ға дейін көтерді

Нұр-Сұлтан. 25 шілде. 7kun.kz – Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 13,5% болады», – делінген ҰБ хабарламасында.

Нақты инфляция инфляциялық күтулердің жеделдеуі аясында болжамды көрсеткіштен едәуір асып түсті. Тұтынушылық бағалардың орнықты құрамдас бөліктері, сол сияқты бағаның жалпы деңгейі өсіп келеді. Биылғы мамырда және маусымда қалыптасқан инфляция шарықтау шегінен өтпегенін көрсетеді.

«Жоғары инфляциялық күтулер проинфляциялық қысымды күшейтуде. Ұлттық банктің бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция бұрынғы болжамнан асып түседі. Жаңа күтпеген өзгерістер орын алмаған жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, одан әрі баяулайды», – делінген хабарлмада.

Бұл шешім 2023 жылы инфляциялық процестер мен күтулерді тұрақтандырып, баяулатуға және инфляцияны орта мерзімді перспективада нысаналы көрсеткішке жақындатуға бағытталған. Қалыптасқан инфляциялық процестердің орнықтылығы, сұранысты фискалдық ынталандыру және сыртқы проинфляциялық ахуал халықтың қаражат жинақтау ниетін ынталандыру үшін ұзақ уақыт бойы базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруды талап етеді, бұл келесі жыл ішінде инфляцияға біртіндеп әсер ететін болады.