Мемлекет депозиттерге қалай кепілдік береді?

Қазақстанның кез келген азаматы елдегі екінші деңгейді банктерден депозит ашқанда еш уайымдамаса болады. Себебі Қазақстанда 1999 жылдан бері депозиттерге кепілдік беру жүйесі бар. Ол – мемлекеттік кепілдік. Пайда болғалы 23 жылдың ішінде ол жүйе өзінің тиімділігін, сенімділігін дәлелдеді. Осы депозиттерге мемлекет қалай кепілдік береді? Соны толығырақ сипаттаймыз.

2022 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қазақстанда депозит ашуға болатын, жинақтар юойынша қызмет көрсететін, сол депозитке кепілдік беру жүйесіне қосылған 20 банк бар. Ал осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша қор 113,1 миллиард теңгені кепілдік бойынша қайтарып, өз міндетін орындаған.

Тапқан табыстың бір бөлігін жинап отыру – өте маңызды әрі қажетті әдеттердің бірі. Адам бойындағы бұл қасиеттің пайдасы да зор. Ал табысты сақтап, көбейтуге арналған ең танымал әрі кең тараған банктік қызметтің түрі – депозит. Ақшаны банкке сақтау арқылы сіз оны тек көбейтіп қана қоймай, қауіпсіздігіне де алаңсыз боласыз.

Депозитке кім кепілдік береді?

Бүгінде депозиттерге кепілдік беру жүйесі әлемнің 140 елінде бар. Ал Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру қоры 1999 жылы құрылған. Ол – «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» (ҚДКБ) деп аталады. Ол 2003 жылдан бастап IADI депозиттерді сақтандыру жүйесі халықаралық қауымдастығы құрамына кіреді. Бұл қауымдастық халықаралық қаржы ұйымдары, орталық банктер және депозиттерді сақтандыру сияқты 110 ұйымның басын бір жерге біріктерген. Біздің ҚДКБ сол қауымдастықтың екі бірдей беделді марапатына ие болған. Бұл – шетелдік депозиттерге кепілдік беру қорлары басшыларының сенімі. Демек, халықаралық ұйымдар қазақстандықтардың депозиті әлемдік стандарттар бойынша сақтаулы екенін мойындайды.

Екіншіден, Қазақстан Республикасының заңдары да депозиттегі ақшаның қауіпсіз болатынына кепілдік береді. Қарапайым азаматтар да, кәсіпкерлер де банктердегі салымдары немесе жинақ ақшалары теңгемен де, шетел валютасында да қауіпсіз сақталатынына алаңсыз болса болады. Егер банк сот шешімімен жабылатын болса, қызметін тоқтатар болса, салымшы белгіленген банк-агент арқылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан өз қаржысын ала алады. Бұл – мемлекет берген кепілдік.

Депозит иелері нені ескеруі керек?

  1. Банк салымшылары депозиттегі қаржысын қайтару туралы өтінішті бір жыл ішінде беруі керек. Яғни, төлем басталғаннан кейін 1 жыл өткенше ҚДКБ қорына немесе банк-агентке өтініш жазу қажет. Бір жыл өтіп кетсе, салымшының депозитіндегі қаражат БЖЗҚ-ға аударылады. Тіпті, кейбір рұқсат етілген жағдайларда салымшы ақшасын БЖЗҚ-ға өтіп кеткеннен кейін де ала алады. Ол жағдайлар тізімін қордың ресми сайтынына көруге болады.
  2. Егер сіз депозитке қомақты қаржы салған салымшы болсаңыз, қор кепілдік берген соманы ғана ала аласыз. 2022 жылғы кепілдік мөлшері теңге валютасы үшін 10 миллион теңге, шетел валютасы үшін 5 миллион теңге. Ал жалпы сомасы 20 миллион теңге салымға қор кепілдік береді. Бір банкте бірнеше депозит болса, барлық депозит үшін ортақ кепіл сумма беріледі.
  3. ҚДКБ қоры төлемді бастағанда ақшаны қолма-қол, аударым арқылы немесе жаңа депозитке аудару арқылы алса болады. Сізге төлем жасайтын банк-агент ақшаны алудың өзге де түрлерін ұсынуы мүмкін. Мысалы, жаңа төлем картасын жасатып, сол арқылы алу.
  4. Банк-агент және ҚДКБ қоры салымшылардың өзі келе алмаған жағдайда оның сенімді өкілдерінен сенімхат арқылы өтініш қабылдайды. Сенімхат нотариус арқылы куәландырылған болуы керек. Ал кәмелет жасқа толмаған балалардың депозитіндегі қаражатты ата-анасы ала алады. Олардың қолында туу туралы куәлік болуы шарт. Бұл тәртіп балаларды асырап алушыларға да жарамды.
  5. Ислам банктеріндегі депозиттерге ҚДКБ қоры кепілдік бермейді. Одан бөлек, азаматтардың банк ұяшықтарындағы құнды заттары мен ақшаларына, бағалы металлдар мен құнды заттарға, депозиттік сертификаттарға кепілдік бермейді.

ҚДКБ қоры банк қызметін тоқтатқан соң төлем басталғанын хабарлайды. Бір ескерер жайт – қор депозиттегі қаражатты иесіне 35 жұмыс күні ішінде қайтаруға уәде береді. Бұл туралы қор өзінің ресми сайтында да мәлімдеген.