Несие картасы бойынша қарызым азаймайды. Не істесем болады?

несие
Фото: Demura.tv

Сәлеметсіз бе? Менің сұрайын дегенім, менде карточкамен алынған кредит болған. Айына 12 мың теңгеден төлеймін. Бірақ еш қысқармайды. Неліктен?

Бақбергенова Мереке, әлеуметтік желі арқылы жолданды

Қайырлы күн! Сіз кредиттік картадағы ақшаны банкоматтан алған шығарсыз. Бізде көп жағдайда банк клиенттері кредиттік картаны қолға алған соң, ақшаны банкоматтан шешіп алады. Ай сайынғы кредит сияқты бөліп төлеп құтыламын деп ойлайды. Кредиттік картаны дұрыс бағытта қолданбайды. Мұның пайызы, комиссиясы жоғары. Негізі белгілі бір затты алған соң кредиттік карта арқылы төлем жасаған соң, банк берген жеңілдік мерзімі (сіз айтқан банкте 52 күн) ішінде алған ақшаны картаға қайта салсаңыз, пайыз, комиссия болмайды. Картадағы ақшаны қайта қолдана аласыз. Мысалы: Сіздің картада 50 мың теңге болды. Сіз оның 20 мыңын дүкенде тауар алған кезде төледіңіз. Картада 30 мың қалды. Жаңағы жұмсаған 20 мың теңгені 52 күн ішінде картаға қайтарсаңыз, ешқандай пайыз, комиссия қосылмайды. Сіз ақшаны шешіп алғандықтан, пайыз, комиссия қосылып отыр. Ай сайын төлеген сомаңыз комиссия пен пайызға кетіп жатуы мүмкін. Оны банкке барып, анықтап беруді сұраңыз. Сіздің банктің бас кеңсесіне барсаңыз, арнайы менеджерлер отырады. Солар түсіндіріп береді. Енді сіз қанша қарызыңыз барын анықтап, мүмкіндігіңіз болса толық соманы төлеп тастағаныңыз жөн.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 700 973 8377 телефон нөміріне жолдауды сұраймыз.