СТЭНФОРД – Өсім, жұмыссыздық және инфляция сияқты барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша 2017 АҚШ экономикасы үшін соңғы он жылдағы ең табысты жыл болмақ. Оның үстіне, әлем экономикасы кең ауқымда, үйлесімді түрде, көпшілік күткендегіден де қарқынды дамып келеді. Ендігі мәселе: бұл қарқын 2018 жылы да жалғаса ма?
Мұның жауабы, әрине, АҚШ-тағы және бүкіл әлемдегі ақша-несие, сауда, фискалдық және басқа да саясатқа байланысты болмақ. Әзірге 2018 жылы қандай жаңа саяси ұсыныстар боалтынын білмейміз. АҚШ, Франция және Ұлыбританияда салыстырмалы түрде жаңа басшылар билікке келді, Германия басшылары қыркүйектегі жалпыұлттық сайлаудан бері әлі күнге басқарушы коалиция құра алмай келеді, ал АҚШ Федералдық резервіне жаңа төраға тағайындалып, кандидатурасын мақұлдауды күтіп отыр. Оның үстіне, Аргентина, Сауд Арабиясы, Бразилия сияқты шешуші рөл ойнайтын дамушы экономикаларда болып жатқан үлкен өзгерістер болашақты тіпті бұлдыр етіп жіберді.
Сонда да жақсылықтан үміт етуіміз керек. Ең алдымен біз қазан айында Халықаралық валюта қоры болжағандай, 4 пайызға жетеқабыл болатын үйлесімді ғаламдық өсім 2018 жылы да жалғасатынына сенуіміз қажет. Өсім табысты ұлғайтып қана қоймай, банктердің нашар несиелері және бюджет дефициті сияқты жағымсыз жайттарды жеңілірек реттеуге мүмкіндік береді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннеди 1963 жылғы қазандағы корпоративтік және жеке салықтарды азайтуды ұсынған әйгілі сөзінде айтқанындай, «биік толқын барлық қайықтарды жоғары көтереді».
Ал менің болжамым мойынша, әлемдік өсім біршама баяу қарқында жалғасып, 3,5 пайыз төңірегінде болады. Ерекше назар аударуды талап ететін екі қатердің бірі – Еуропа, онда циклдық өсім тоқтап қалу қаупі бар. Екіншісі – мұнайға бай Таяу Шығыс аймағы, мұнда шиеленіс оты тағы бұрқ етуі ықтимал.
Екіншіден, жаңа төраға Джером «Джей» Пауэлдың қатаң басшылығының арқасында Федералдық резерв федералдық қорлардың негізгі ставкасын арттырып, шектен асып кеткен баланс көлемін азайту арқылы қаржы-несие саясатын тұрақтандыруды жалғастырады, тіпті жеделдетеді деп үміттенейік. Сондай-ақ біз экономикалық ахуал басқа негізгі орталық банктерді, соның ішінде әсіресе Еуропа орталық банкін солардан үлгі алуға мәжбүрлейді деп сенеміз.
Бұл тұрғыда, меніңше негізгі орталық банктер қаржы-несие саясатын бұрынғыдан да қарқынды реттей бастайды. Мұндағы ең басты қатер – нарықтар инфляция болжанғаннан жылдам өсе бастады ма деп, Федералдық резервтің жаңа басшылығын сынап көруге тырысуы мүмкін.
Үшіншіден, қабылданған жағдайда, Республикалық партияның салық пакеті діттелген мақсатқа жетіп, алдағы он жыл ішінде инвестицияны, өнім көлемін, өнімділікті және жалақыны арттырады деп үміттенеміз. Менің болжамым бойынша, заң қабылданады және алдағы бірер жыл ішінде инвестиция көлемі салыстырмалы түрде жоғары болады.
Әрине, инвестиция көлемі қазіргі төмен деңгейден жоғары көтеріле ме, жоқ па, бұл корпоративтік салыққа емес, басқа факторларға байланысты. Бірақ, салық пакеті өнім көлемінің, өнімділіктің және жалақының өсуіне ықпал етуі мүмкін. Мәселе ықпал ететінінде емес, оның қашан болатынында.
Егер бұл заңның әсері 2018 я 2020 жылғы сайлауларға дейін байқалмаса, онда бұл кешеуілдеудің саяси салдары болуы мүмкін. Ең басты қауіп – оның игілігі кешігіп жетеді, ал егер билікке демократтар қайтып келсе, оның басты жетістіктері кейінге ысырылады.
Төртіншіден, әлем елдерінің үкіметтері зейнетақы және денсаулық сақтау салаларында ондаған жылдар бойы өсіп жатқан шығын көлеміне көңіл бөледі деп үміттенеміз. Әлеуметтік бағдарламалардың шығыны артқан сайын үкімет қорғаныс сияқты ең басты салаларға қол салуға мәжбүр, мұның соңы салықтардың артуына, өсімнің төмендеуіне алып келмек.
Ал циклдық даму жолына түскен Еуропа масайрап қалмауы керек. Еуропа одағының көп мүшелері үкімет қарыздарын азайтуы керек, ал еуроаймақ «зомби банк» дағдарысынан шығуы тиіс. Сонымен бірге Франция президенті Эммануэль Макрон ұсынып жатқан еңбек нарығының құрылымдық реформасы сияқты өзгерістер ауадай қажет.
Өкінішке қарай, құрылымдық реформалардың нәтижесі өткінші бола ма деп қауіптенемін. Себебі, баяу өсім көп елдердегі жастар арасындағы жоғары жұмыссыздықтың «тықылдаған сағат бомбасын» тоқтатып, жалақыны жоғарылатып, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бере алмайды. Тағы бір қауіп – реформа жасауға талпыныс жаңа саяси қарсылық тудыруы мүмкін, ал бұл ұзақ мерзімдік инвестицияға кесірін тигізеді.
Бесіншіден, еуроаймақ валюта дағдарысына ұшырмайды деп үміттенейік. Бұл көбіне-көп Германия канцлері Ангела Меркельдің коалициялық үкімет құрып, Еуропаның ең ірі экономикасында саяси тұрақтылық орната алуына байланысты болмақ.
Алтыншыдан, Еуроодақ пен Ұлыбритания лайықты Брекзит келісіміне қол жеткізіп, сауда-саттықтағы күшті байланыстарды сақтап қалады деп үміттеміз. Мұндағы ең басты қауіп – жекелеген елдермен арадағы сауда көлемінің төмендеуі кең ауқымды алып, көп кесірін тигізуі мүмкін.
Ал, Еуропаның сыртында, АҚШ, Канада және Мексика арасындағы Солтүстік Америка Еркін сауда келісімі (НАФТА) төңірегінде жүріп жатқан келіссөздер құрлықтағы сауданы ынталандыратын уағдаластыққа алып келеді деп үміттенейік. Жалпы сауда саласы үшін ең қауіптісі – Трамп әкімшілігі Америкадағы өндірушілерге көмектесу ниетіне сүйеніп, ешкімге де жақсылық әкелмейтін сауда дауын бастай ма деген үрей бар.
Жетіншіден, ақпараттық және коммуникациялық технологияларға қатысты жаңа саясат барлық мүдделі тараптардың өзара қайшы, бірақ заңды талаптарының арасынан лайықты тепе-теңдік таба алады деп үміттенейік. Бір жағынан кейбір Интернет компанияларының нарықтағы билікті, әсіресе онлайн контент пен оның таралуын қолына шоғырландырып отырғаны, жаңа технологиялардың адамдардың жеке өміріне, олардың құқықтарын қорғауға және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер ететіні алаңдатады.
Тым қатаң реттеу мен тым босаң реттеу сценарийлерін жасау қиын емес. Оның үстіне, ірі технологиялық компаниялардың ішкі саясаттарын реттемеуі, құқық қорғау органдарымен дұрыс әріптестік орнатпауы ауыр жағдайларға алып келетін болса, мұның арты халықтың наразылығына ұласуы ықтимал деп болжауға да болады.
Менің болжамым - саясатта белгілі бір тепе-теңдікке қол жеткізу үшін көп жыл қажет болады. Ал келешектегі оқиғалардың бірі эмоциялық бұлқыныс тудырған жағдайда халықтың көңіл-күйі күрт өзгеруі мүмкін. Менің пайымдауымша, түптеп келгенде жаңа ережелер бәсеке мен инновацияны жоя алмайды.
Ақыр соңында, ең бастысы – бүкіл әлемде терроризм ауыздықталып, конфликт азайып, демократия мен капитализм қанат жаяды, өркениетті қарым-қатынас пен ашық диалог дәстүрі қайтып оралады деп үміттенейік. 2018 жылы осының бәрі жүзеге асса, онда бұл жылдың шынымен жақсы жыл болғаны.
Автор туралы: Майкл Боскин - Стэнфорд университетінің Экономика профессоры және Хувер институтының аға ғылыми қызметкері, 1989-1993 жылдар аралығында үлкен Джордж Буш әкімшілігінде Экономика сарапшылары кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Copyright: Project Syndicate, 2018. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024