Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

АҚШ республикашылдарын фискалдық шындықпен тексеру

АҚШ республикашылдарын фискалдық шындықпен тексеру
 

АҚШ президенті Дональд Трамптың алғашқы ірі заңнамалық мақсаты 2010 жылғы Қолжетімді күтім Заңының («Obamacare») «күшін жою және оны ауыстыру» болған. Ал бұл бастама Трамп және Конгрестегі республикашылдардың денсаулық сақтау реформасының күрделілігін түсінбеуінен сәтсіз болды.

Олардың кемшіліктері болса да танымал заңды жалған бір реформамен ауыстыру 24 миллионнан астам америкалық тұрғындарды негізгі денсаулық сақтау қызметтерінен айырып, басынан бастап сәтсіз іс болатыны белгілі болған, ал ол іске асқан сәтте де, 2018 жылы орын алатын Конгрестің орта мерзімді сайлауында республикашылдар жойқын жеңіліске ұшырар еді.

Енді, Трамп және Конгрестегі республикашылдар салық реформасымен айналысып жатыр, олар корпоративтік салықтардан бастап және одан кейін жеке табыс салығына көшпек. Олар бұл істі оңай деп қарағанмен, шын мәнінде олай болмайды. Себептердің ішінде, республикашылдардың бастапқы ұсыныстары бюджет тапшылығын триллиондаған долларға көбейту мүмкіндігі бар және осы реформадан түскен пайданың 99 пайызын ең жоғарғы табысы бар 1% адам ғана көре алады.

АҚШ өкілдер палатасының республикашылдары ұсынған корпоративтік салық мөлшерін 35% -дан 15% -ға дейін азайтып, шекаралық реттеу салығы (BAT) арқылы жоғалған түсімді толықтыру жоспары басынан өлі болды. Бұл BAT идеясы тіпті республикашылдар арасында жеткілікті қолдауға ие болмады, және ол Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелерін бұзады. Республикашылдар ұсынған салық қысқартуы алдағы онжылдықта 2 трлн доллар құрайтын кірісті жоғалтуға апарады, және олар денсаулық сақтау реформасында үнемдеу арқылы немесе BAT арқылы күтілетін 1,2 трлн доллар арқылы бұл тапшылықты жаба алмайды.

Республикашылдар қазір өздерінің салықтық жеңілдіктерді ұсынған жоспары (мемлекеттік борышты 2 трлн долларға көбейтетін) және әлдеқайда қарапайым реформаларды жүргізу арасында таңдау жасауы тиіс. Бірінші сценарийдің орын алуы үш себептер бойынша екіталай. Біріншіден, бюджет мәселелері бойынша консервативті Конгрестегі республикашылдар мемлекеттік қарызды ойсыз арттыруға қарсы болады. Екіншіден, Конгрестің бюджеттік ережелері бойынша, кез-келген салық қысқартуын қажет ететін заңдар егер толық басқа кірістерді арттыру немесе шығындарды қысқарту есебінен қаржыландырылмайтын болса, олардың мерзімі он жылмен шектеледі. Сондықтан, республикашылдардың жоспары экономикаға тек шектеулі оң әсерін тигізеді.

Ал үшіншіден, егер салық қысқартуы мен әскери және инфрақұрылымдық шығыстар бюджет тапшылығын және мемлекеттік қарызды өсіретін болса, пайыздық мөлшерлемелер де өсетін болады. Бұл тұрғын үй шығындары тәрізді пайыздық төлемдерге сезімтал шығыстарға кері әсер етеді, және долларды нығайтады, ал ол Трамптың негізгі сайлаушылары, ақ нәсілді жұмысшы таптарына қиындық туғызып, миллиондаған жұмыс орындарын жояды.

Сонымен қатар, егер республикашылдар мемлекеттік қарызды көбейте бастаса, нарықтар кері жауап ретінде АҚШ экономикасын құлдыратуы мүмкін. Мұндай тәуекелдер арқасында республикашылдар мемлекеттік борышты көбейтудің орнына, жаңа кірістер іздеу арқылы кез келген салықтық қысқартуларды қаржыландыру жолдарын іздейтін болады. Нәтижесінде, олардың ақырған салық реформасының арыстаны кішкентай тышқанға айналуы мүмкін.

Тіпті корпоративтік табыс салығының мөлшерін 35%-дан 30%-ға азайту қиын болар еді. Қазіргі уақытта көп салық төлемейтін фармацевтика және сандық технология салаларын көбірек салық төлету үшін республикашылдарға салық базасын кеңейту қажет болады. Ал корпоративтік табыс салық мөлшерін 30 пайыздан төмендету үшін республикашылдар бұл фирмалардың шетелде тапқан табыстарына үлкен минималды салық салуы керек. Бұл АҚШ-қа аударылмаған жағдайда, шетелде табылған триллиондаған долларларға салық салынбайтын ағымдағы жүйеден бас тартуды білдірер еді.

Президенттік сайлау науқаны барысында, Трамп американдық компанияларды Америка Құрама Штаттарына өз шетелдік табыстарын қайтаруға ынталандыру үшін бір реттік 10% репатриация салығы салынатын «демалысты» ұсынды. Бірақ бұл тек 150-200 млрд долларға тең жаңа түсімді әкелер еді, ал ол республикашылдар жоспарындағы 2 трлн долларлық фискалдық тапшылықтың тек 10%-ына тең. Кез келген жағдайда, репатриациялау салықтан түскен табыс инфрақұрылым шығыстарына немесе инфрақұрылымдық банк құруды қаржыландыру үшін пайдаланылуы тиіс.

Қазірдің өзінде BAT іске аспайтынын түсінген кейбір конгресс республикашылдары корпоративтік табыс салығын ДСҰ ережелеріне сай келетін қосылған құн салығымен (ҚҚС) ауыстыруды ұсынады. Бірақ бұл ұсыныстың қабылдануы екіталай. Республикашылдардың өздері әрқашан ҚҚС-ға қатты қарсы болған және тіпті Конгресте ҚҚС-ға қарсы республикашылдар тобы да бар.

Дәстүрлі республикашылдар көзқарасы бойынша, мұндай «тиімді» салықты өсіру өте оңай, ал бұл «ысырапқорлыққа» толы мемлекеттік шығыстармен күресті қиындата түседі. Республикашылдар мысал ретінде ҚҚС мөлшерлемесі басында төмен болып және біртіндеп көтеріліп, 20% -дан асқан Еуропа және көптеген елдерді келтіреді.

Салық салудың жоғары регрессивті нысаны болып табылады деп демократтар да ҚҚС-ға әрқашан қарсы болған. Әрине, азық-түлік және басқа да негізгі тауарларға салық салмай немесе мөлшерін қысқарту арқылы ҚҚС регрессивтігін азайтуға болады, бірақ ондай кезде оның республикашылдар үшін тартымдылығы азаяды. Осы екі партиядан оппозицияны ескере отырсақ, ҚҚС BAT сияқты сәтсіз болатындай.

Жеке табыс салығынан реформалау одан да қиынға соғары анық. Трамп және республикалық басшылықтың бастапқы ұсыныстары алдағы онжылдықта 5-9 трлн долларға тең бюджет кірістерін жоғалтуға апарар еді, және осы реформалардың пайдасының 75%-ы жоғарғы табысты 1% адамдарға ғана тиер еді. Саяси тұрғыдан бұл суицидтік идея. Енді, бастапқы жоспардан бас тартып, республикашылдар 1% байлар үшін де ешқандай жеңілдіктерді ескермейтін табыс-бейтарап салық қысқартуын жүзеге асырғысы келеді.

Бірақ бұл жоспар орындалуы мүмкін емес миссияға ұқсайды. Барлық дерлік тұрғындар үшін табыс-бейтарап салықтық қысқартуларды жүзеге асыру республиканшылдардың көптеген салықтық жеңілдіктерінің күшін жойып, саяси дәрменсіз жолмен салық базасын кеңейту керектігін білдіреді. Мысалы, егер, республикашылдар ипотекалық пайыздық жеңілдіктерді жойса, онда АҚШ-тың тұрғын үй нарығының құлдырауы болады.

Сайып келгенде, орташа және төменгі табысты жұмысшылар үшін салықтық жеңілдіктерді жүзеге асырудың саналы жолы байларға салынатын салықтарды көтеру болып табылады. Бірақ мұндай әлеуметтік прогрессивті, популистік идеямен Трамп сияқты жалған популистік плутократ ешқашан келіспейді. Сондықтан, республикашылдар өздерін әрі қарай нарықтық ұсыныс жағындағы салықтық реформалардың тиімді деп алдауын жалғастырып, кері дәлелдемелердің басымдығына қарамастан, байлықтың біртіндеп “жоғарыдан төмен” ағып келетініне сенімін де жалғастыра береді.

Автор туралы: Нуриэль Рубини - Roubini Macro Associates бас директоры және Нью-Йорк университетінің Stern бизнес мектебінде экономика профессоры болып жұмыс атқарады.

Похожие материалы