Мемлекетіміздің нарықтық экономикаға орнығып келе жатқан тұста банк және банктік қызмет экономиканы қалыптастырудың басты іргетасы болып саналады. Бүгінгі уақыттарға дейін банк қызметі күрделі құқықтық институт болып есептелді. Ал қазіргі кезде жағдай өзгерді. Нарықтық экономиканың нығаюы, банк қызметінің дамуы, мемлекеттің қаржы-несие жүйесінің тұрақтануы бұл саланың маңызын арттыра түсуде. Қоғамдық қатынастармен терең ұштасқан сайын бұл саланы тек экономистер мен заңгерлер ғана емес әрбір кәсіпорындардың менеджерлері, салық органдарының қызметкерлері басқа да қызмет саласындағы мамандардың меңгеруіне тура келді.
Банк қызметінің тәжірибелік маңызының артуы бүгінде кәсіпкерлікпен миллиондаған адамдардың айналысып дамуымен тығыз байланысты. Оның қызметі банктік шоттар ашу, төлемдердің банк арқылы жүруі, белгілі бір несиелер беру, депозиттер қабылдау арқылы көрініс табады. Сондықтан да жеке және мемлекеттік секторда жұмыс істейтін жеке тұлғалар, заңды тұлғалар банк жүйесі мен банк қызметінің заңдылығына тәуелді болып келеді. Сондай-ақ қоғам үшін экономиканың дамуы үшін банктің несиемен қамтамасыз ету қызметі өзіндік ерекше орынға ие. Өндірістің дамуы, шағын кәсіпкерліктің жандануы, мемлекеттің осы саланы қолдауы барысында банктерге үлкен жүк артылып келеді. Осы мақсаттағы банк қызметтерінің бірі банктік несиелеу.
Менің курстық жұмысым осы несие және оның экономиканың дамуындағы ролі жайлы болып отыр.
1. НЕСИЕНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САНАТ РЕТІНДЕ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
1.1. Несиенің қажеттілігі және оның маңызы
Тарихтың қай кезеңінде болса да, несие, алуан түрлі экономикалық және қоғамдық ойшылардың назарын аударатын. Экономика ғылымы, өзінің пайда болған күнінен бастап несиенің проблемасымен шұғылданып келеді. Ал, қазіргі нарық кезеңінде несиеге, экономикалық санат ретінде, аса көп көңіл бөлініп отыр. Өйткені, нарық кезінде несиелік қарым-қатынас ең жоғарғы ресімделуіне жетеді, сөйтіп несие, төңірегіндегі алуан-түрлі практикалық және теориялық сауалдардың шиеленіскен түйініне айналады.
Несиенің түпкі тамыры тауарлық өндірістің пайда болған кезінде жатыр. Содан кейінгі экономикалық даму сатыларының әрқайсысында да несиенің маңызы зор болды. Тарихтың өткен дәуірлерінің бәрінде де дамытпалы несие, барлық қоғамдық қарым-қатынасты жаңартудың және түрлендірудің революциялық қозғаушы күші болды. Ол жеке тауар өндірушілердің арасында мүлде ақиқат байланыс орнатты, олардың мүдделерін қосып бекітті және қоғамдық өндіргіш күштерін қайта бөлудің ұтымды әдісі болды.
Осыған байланысты болашақ экономистерге несиенің арғы негізін, қазіргі жағдайда оны пайдаланудың керегі неде екенін түсіну керек, Оның үстіне, әр түрлі деректерде несиенің экономикадағы маңызы, әр түрлі түсіндіріледі Мысалы, кейбір экономистер, несие өнімсіз шығынды көбейтіп (әңгіме төленетін процент жөнінде), өндіргіш күштердің дамуына кедергі келтіреді, нарықтық экономикаға тән қарама-қайшылықтарды шиеленістіре түседі, сондықтан экономикалық дағдарысты жоймайды, керісінше, оны тереңдетеді, оған тікелей себепші болады деген пікір айтады. Басқалары, керісінше, несие экономиканың тұрақты, үздіксіз дамуына мүмкіншілік береді дейді. Осындай қарама-қарсы пікірлер орын алған жағдайда істің жәйін түсіну үшін алдымен несиенің қажеттілігі қайдан шығады деген сауалға жауап беруіміз керек.
Жоғарыда айтылғандай, несиенің түбірін тауарлы өндірістің пайда болған кезінен іздеу керек, тікелей айтқанда, тауар айырбастау, оның бір қолдан екінші қолға ауысуы, несиелік қатынастың дәл шыққан жері деуге болады.
Қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, несиелік қатынастың пайда болып және өркенделуінің, нақты экономикалық негізін, капиталдың айналымы мен ауыспалы айналымы құрайды.
Өндіріс құрал-жабдықтары, құндық тұлғасында дәл бір уақытта ақшалық, өндіргіш күштері және тауарлық нысанында бола алады. Өндіріс пен айналым процесінде, олар бір нысаннан екінші нысанға ауысып отырады, яғни үзбей ауыспалы айналымда жүреді.
Сонымен қатар, осындай ақшаның материалдық нысанға ауысып, одан қайтадан ақшаға айналуы әрбір шаруашылықта бір кезде өтпейді. Бір шаруашылық-өндіріс кезеңін (циклін) жаңа бастап жатса, екіншісі оның орта шеңінде жүреді, ал үшіншісі, оны аяқтап, енді өнімдерін сата бастайды. Әрине, іс жүзінде әр өндіріс кезеңдерінің, тап осындай шектелуін байқау қиын. Өйткені, өндіру мен өткізу кезеңдері үздіксіз, күнбе-күн жүріп жатады. Дегенмең өндірістің осындай кезеңділігінің салдарынан кез келген шаруашылықта ақшаның құйылу мен тартылу сәттері болып тұрады. Өйткені, өндіріс пен айналым кезеңінің ұзақтылығы әр шаруашылықта әр түрлі. Оған себеп, әр шаруашылықтың әртүрлі табиғи жағдайлары, техникалық жабдықтану деңгейі, шикізаттар мен отын жеткізушілердің, және дайын өнімді тұтынушылардың, алыс-жақындығы, жұмысшы-қызметкерлердің мамандық дәрежесі мен өндірісті ұйымдастыру қабілетінің деңгейі т.с.с. Кейде мүлде бірдей жағдайда істейтін екі кәсіпорнының айналым мерзімі бірдей болмайды. Өйткені, өндірісті ұйымдастыру оны керекті заттармен қамтамасыз етіп, шыққан өнімді өткізу деңгейлері оларда мүлде бірдей бола алмайды.
Сонымен қатар, өндіру мен өткізу процесінде баска да, айналымды жеделдететін немесе бәсеңдететін кездейсоқ қозғаушы күштер пайда болады. Мысалы:
- Шикізаттар мен материалдардың түсуінің бір қалыпты болмауы;
- Тасымалдау жағдайының қиындылығынан (Мысалы, темір жол вагондарының болмай қалуы) дайын өнімді өткізудің кідіруі;
- өткізілген өнім үшін немесе, көрсетілген қызмет үшін уақытында төленбеушілік т.с.с.
Осы сияқты күштердің салдарынан пайда болатын өндіру мен өткізу процесінің, әр шаруашылықта бір кезде басталып, бір кезде аяқталмайтындығынан олардың кейбіреуінде уақытша бос қаржы пайда болады, ал кейбіреулеріне өндірісті үздіксіз жалғастыру үшін қосымша қаржы керек болады.
Дәлірек айтқанда уақытша бос ақша, мынандай жағдайлардан шығады:
- Әрбір шаруашылық, жұмысшы-қызметкерлерге еңбек ақыны айына екі рет (қазіргі жағдайда, көбінесе бір-ақ рет), өткен 15(30) күнге төлейді, ал жұмысшы-қызметкерлер материалды құндылықты күн сайын жасайды. Сондықтан соңғы еңбек ақы төлеген күннен бастап, келесі төлем күніне дейін шаруашылықта 15(30) күннің ішінде күн сайын өсіп отыратын қаржы резерві пайда болады;
- Шаруашылық, өткізген өнімнен түскен таза пайдасын бір сәтте жұмсап жібермейді. Ол керекті кезіне дейін уақытша бос қаржы болады;
- Өткізілген өнімнен түскен түсімнің ішінде, өндірістің негізгі құрал-жабдықтарының тозығының орнын толықтыру үшін жұмсауға арналған ақша бар (амортизация). Сол ақша да күрделі өндеу жұмыстарын жүргізетін кезге дейін бос қаржы болып, шаруашылықтың есеп шотында қалады.
Бұл себептер өндіру мен өткізу процесінің ішінен шығады. Сондықтан олардың шығуы объективтік жағдай және барлық шаруашылық жүргізетін субъектілерге тән.
Шаруашылыққа қосымша ақшаның (капиталдың) қажеттілігі де әр түрлі себептермен байланысты, оның ішінде аса күрделілері, өндіріс процесінің маусымдылығы мен өткізілген өнім үшін түсетін түсімнің түсу мерзімі мен өндіріске ақша керек мерзімінің сәйкес келмеуі.
Сонымең әрбір шаруашылықта, жоғарыда айтылған себептерге байланысты, уақытша бос ақшаның пайда болу кезі мен оны өндіру мен өткізу процесін үздіксіз жүргізу мақсатына жұмсау кезінің арасында салыстырмалы қарама-қайшылықтар туып тұрады. Осындай қарама-қайшылықты жөндеу (реттеу) үшін пайдаланатын бірден-бір экономикалық құрал несие болып табылады. Ол үшін барлық шаруашылық жүргізетін субъектілердің, бюджеттің, жеке тұлғалардың, уақытша бос қаржыларын бір жерге, банкідегі есеп шоттарына, шоғырландырылады, ал банктер осы ақшаларды пайдалануға, уақытша қосымша қаржыға мұқтаж болған шаруашылық жүргізу субъектілерге, жеке тұлғаларға, және керек болған кезінде, басқа елдердің фирмаларына, қайтарымдық және ақылық жағдайларға несие береді.
Сөйтіп, несие тауарлы өндірістің сөзсіз атрибутына айналады. Кез келген қоғам біріншіден босаған ақшаның бостан босқа, пайда түсірмей "өлі капитал" болып жатқанына құмар емес, екінші жағынан экономиканың ұдайы және кеңейтілген ауқымда дамуына ынталы.
Осының бәрін қорытындылай келіп, несиені экономикалық санат ретінде "құнның, қайтарымдылығы мен ақылығы негізінде, қоғамның қажеттерін қамтамасыз етуге лайықты қозғалысы" - деген жөн. Осындай анықтамада несиенің құнның ауыспалы айналымнан шығатындығы да, оның кейбір мағыналы қасиеттері де, әлеуметтік экономикалық жағы да қамтылады.
Несиенің қажеттілігі мен оның мазмұнын сипаттай келіп, оның ақшадан қандай айырмашылығы бар екенін де айта кету жөн. Өйткені, несиеге ақшалай қаражат беріледі, сондықтаң осы екі ұғымның бір-біріне ұқсастығы көзге түседі. Бірақ, олар әр түрлі экономикалық санат және олардың құратын экономикалық қарым-қатынастары да әр түрлі.
Ақша да, несие де төлемнің мерзімін ұзартуға қатынасады, екеуі де төлем ретінде. Бірақ, ақша өзінің мазмұнын төлем төлеу әрекетімен және сол шақта көрсетеді, ал несие өзінің мазмұнын ұзартылған мерзімі өткеннен кейінгі төлеммен емес, ал сол төлемнің ұзартылу фактісімен көрсетеді.
Ақша мен несиенің тағы бір айырмашылығы, олардың тұтыну құнына байланысты. Біздің білетініміздей, ақшаның тұтыну құны оның кез келген басқа өнімге айналу мүмкіншілігінде болса, несиенің тұтыну құны несие беруші (несиелеу) мен алушының (несие алу) қажеттерін қанағаттандыруда.
Несие құнның ақшалай нысанында да, тауарлы нысанында да беріле алады, ал ақшалай қатынас тек құнның ақшалай нысанында іске асырылады.
Сөйтіп, ақша мен несиенің бір қарағанда байқалатын ұқсастығына қарамастан олардың арасында елеулі айырмашылықтар бар. Солай бола тұра, ақша мен несие бірімен-бірі қатар істейді.
Несиенің мазмұнын ашып көрсету жолында кейбір экономист авторлар оның сенімділігіне көбірек көңіл бөледі. Өйткені, "несие" деген сөздің орысшасы, "кредит", латынның "credere" деген сөзінен шыққан. Оны, егер, орысшаға аударса "верить" деген сөз, қазақша "сену" болады. Бірақ, мәселені бұл тұрғыдан қараған дұрыс емес. Несие еш уақытта құр сеніммен берілмейді. Несие алу үшін алдымен оның кезінде қайтарылуын қамтамасыз ететін кепілдемелер беру керек. Әрине, банктер кейде өзінің өте сенімді, көп жылдан бері қарым-қатынастары нығайған, қаржы жағынан тапшылық көрмейтін клиенттеріне сенім көрсетеді. Оларға несие кепілдемесі берілуі мүмкін. Ондай несие "сенім несиесі" деп аталады. Бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі, әсіресе экономикалық дағдарыс, нарықтық қарым-қатынастың жетілмеген кезеңінде.
Сондықтан несиелік қатынаста "сенім" деген түсінік тек тапсырылған құжаттарға сенуге болады деген сөз.
1.2. несиелеудің негізгі қағидалары
Бұрынғы Кеңестік банк жүйесінің жұмысында несиені тиімді пайдалануда шешуші жағдайлардың бірі, несиенің белгіленген қағидаларын мүлтіксіз орындау болатын. Басқаша айтқанда, шаруашылықтарды несиелегенде, банктердің барлық әрекеті сол қағидалардың орындалуына бағытталатын.
Сондай қағидалар-төртеу болатын:
- несиенің жоспарлы-мақсатты түрі;
- несиенің қайтарымдылығы;
- несиенің мерзімділігі;
- несиенің материалдық құндылықтар мен өндіріс шығындарымен қамтамасыз етілуі (қамтамасыздығы).
Қазіргі нарықтық экономикада әр банк, тәуелсіз несие саясатын жүргізетін болғандықтан олардан қандай да болса, қағидаларды орындауды талап етудің қажеттілігі болмай қалды. Оның үстіне жаңа экономикалық жағдайда кейбір қағидалар өзінен өзі мағынасын жойды. Мысалы, бұрын несиенің жоспарлы-мақсатты түріне сәйкес, несие тек жоспардың орындалуына бағытталған әрекеттерге, тек жоспардың орындалу дәрежесіне сәйкес берілуге тиіс болатын. Енді, жоспарлау болмағандықтан бұл қағида өзінен өзі қолданылмай қалды. Қазір әр банк, қандай мақсатқа қанша несие беру керек екенін қолда бар ресурсқа байланысты, және банктің пайдасын көбейту мақсатына қарай анықтайды. Осыған байланысты несие берудің жағдайларын әр банк өзі белгілейді және олар барынша толық, несие алушымен жасалатын шартта көрсетіледі. Басқаша айтқанда, қазіргі жағдайда банктердің барлық несиелік саясаты осы шарттың бетіне сияды.
Дегенмен, қазіргі нарық кезінде де, жоғарыда келтірілген несие қағидаларының кейбіреулерінің елеулі маңызы бар және оларды барлық банктер несие бергенде басшылыққа алады. Мысалы, банк ешкімге, ешқашан да несие бермейді, егер оның мезгілінде қайтарылуына сенімі болмаса (несиенің қайтарымдылығы мен мерзімділігі). Несиенің қамтамасыз етілу қағидасы бұрынғыдан да қатаң түрде қолданылып жүр. Қазір банктен несие алу үшін бұрынғыдай, жеткілікті сомада тауарлы-материалдық құндылықтардың барлығын және оларды өндіріс процесінен өткізгеннен кейін несиені қайтаруға толық мүмкінділік туатынын дәлелдейтін мәліметтер беру жеткіліксіз. Қазір банктерге басқа құжаттармен қатар, жоғарғы өтімді кепілзат, болмаса бірінші сыныпты компаниядан (фирмадан) кепілдік хат тапсыру керек. Оның үстіне кепілзаттың құны, сұралып отырған несиенің сомасынан әлдеқайда көп болуы шарт.
Сонымен, қайтарымдылық, мерзімділік және қамтамасыздық несие берудің негізгі талабы болып келеді. Олар, екі жақтың шартында көрсетіледі. Сондықтан оларды несиенің негізгі қағидалары деп қабылдау керек. Осыған байланысты, кейбір беделді экономистердің, соңғы жылдары шыққан басылымдарында, өңдіріс шығындары кейін өткізілген өнім үшін түсетін түсімдермен табылды.
1.3. Несиенің нысандары мен түрлері
Несиенің нысандары
а) Қарызға берілдетін құнның түріне қарай несиенің тауарлық, ақшалай және тауарлы-ақшалай (араласқан) нысандары бар.
Және де несиенің тауарлық нысаны ақшалай нысаннан бұрын пайда болды. Ол - тауарлы өндірістің пайда бола бастаған кезінде, қолында артық тұтыну бұйымдары барлар оларды басқаларға қарызға бере бастағанда шықты. Мысалы, егінші басқа дихандарға, келесі егін жинағанға дейін қарызға тұқым беретін болған.
Ақша шыққаннан кейің несиенің тауарлық нысанын қолдану бара-бара азайды.
Қазіргі нарықтық экономикада несиенің тауарлы санаты қайтадан өріс алды. Кез келген тауар өндіруші, өзінің тауарын сатып алушыға, төлем мерзімін кейіндетіп, консиганаторлық сатуға беруге құқықты. Сонымен қатар, банктер, шаруашылықтарды лизингілік қаржыландырғанда, тауарлық несие пайда болады. Өйткені, жалдауға (арендаға) берілген жабдықтарды, жалдап алушы, белгілі бір мерзім өткеннен кейін сатып ала алады. Сөйтіп, жабдықты жалдауға берген күннен бастап, оны сатып алған күнге дейін ол тауарлы несие болады.
Іс жүзінде тауарлы несиені пайдаланудың зиянды екенін байқауға болады. Ол капиталдың (ақшаның) айналымын баяулатады, төлем тәртібін әлсіретеді, несиегер (қарыз беруші), өзінің өндірісін тоқтатпау үшін қосымша қаржыға мұқтаж болады. Осының бәрі айналымда артық ақшаның пайда болуына апарып соғады. Соңдықтан, өркениетті экономикада несиенің тауарлы нысанын қолдану керек емес.
Несиенің ақшалай нысаны. Бұл нысан қазіргі уақытта көп тараған және экономиканың өсуі мақсатына сәйкес келетін нысан. Ақша, тауар ауыстырудың жалпыға бірдей баламасы болғандықтан, айналымның және төлемнің әмбебап қаруы болғандықтан оған қажеттілік, өндіріс көлемінің, өнімді өткізудің, ауыстырудың, тұтынудың өсуіне сәйкес өседі. Осындай қажеттілік несиенің ақшалай нысанымен қамтамасыз етіледі. Және де, оны мемлекеттің өзі де, әрбір шаруашылық жүргізуші субъектілер де, әрбір жеке тұлғалар да, және мемлекеттің ішінде де, сыртқы экономикалық қарым-қатынастарда да пайдаланады.
Несиенің тауарлы-ақшалай (араласқан) нысаны.
Несиенің бұл нысаны тауарлық нысанда, ұзартылған мерзімге берілген несиені, ақшамен қайтарғанда, немесе, ақшалай берілген несиені тауармен қайтарғанда пайда болады. Мұндай нысан көбінесе мемлекетаралық несиелік қарым-қатынаста қолданылады: бір мемлекет, екінші мемлекеттен ақшалай алған несиесін тауармен қайтарғанда. Мұндай ахуал көбінесе экономикасы нашар дамыған елдермен қарым-қатынаста кездеседі. Өйткені, олардың ақшалай ресурстары жетпегендіктен алған несиесін шикі зат ресурстарымен, ауыл шаруашылық өнімдерімен қайтарады, және де дүние жүзілік бағадан әлде-қайда кем бағамен. Олай істемеген күнде, ол мерзімі өтіп кеткен несиелер үшін одан да артық төлем (процент) төлеуге тиісті болады.
б) Несиелік мәміледе, кімнің несиегер (кредитор) болып қатынасқанына байланысты, несие нысандары: банк несиесі, коммерциялық несие, мемлекеттік, халықаралық, азаматтық несиелері болып бөлінеді.
Несиенің банктік нысаны. Барлық несие нысандарының ішінде ең көп тараған нысан. Бұл түсінікті де. Өйткені, біріншіден, банктердің операцияларының ішінде, несие беру (несиелеу) ең бастысы. Екіншіден, шаруашылықтардың, жеке тұлғалардың уақытша бос ақшаларын бір жерге шоғырландырып, оларды басқаларға несиеге беру, банкіден басқа ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан, банктердің несиелік қызметтен түсетін табысы, барлық табыстың 70% - нен асады. Жоғарыда айтылғаннан несиенің банктік нысанының мынандай ерекшелігін байқауға болады:
- Несие беру үшін банктер, өзінің қаржысы емес, банкке шоғырландырған шаруашылықтардың, жеке тұлғалардың, уақытша бос қаржылары мен жұмылдырылған депозиттерді, салымдарды пайдаланады;
- Несие алушы (қарызгер), қарызға алған ақшадан тапқан табысы сол несиенің өзін және оның өсімін өтеуге жеткілікті болатындай етіп пайдалануы керек. Сөйтіп, төлемділік, несиенің банкілік нысанының ажырағысыз қасиеті (атрибуты).
Несиенің коммерциялық нысаны. Несиенің бұл нысанында несие беруші (несиегер) шаруашылық жүргізуші субъектілер болады. Өткенде, талай рет айтылғандай, мұндай несиенің негізінде төлемнің мерзімін ұзарту жатыр.
яғни, тауарды сату үшін беріп, ақшасын тауар сатылып болғаннан кейін алу (консигнация). Болмаса, сатып алушы сатушыға тауардың құнын белгілі мерзім өткеннен кейін төлеу жөнінде, вексель-борышқорлық міндеттеме береді. Сондықтан кейде несиенің бұл нысанын вексельдік нысан деп атайды.
Коммерциялық несие, қазіргі нарық кезінде, тауарлық нысанда да, ақшалай нысанда да кездеседі. Өйткені, қазіргі жағдайда бос ақшасы бар шаруашылық жүргізуші субъектілер, өз өнімін басқа шаруашылық жүргізуші субъектілерге, төлем мерзімін ұзартып берумен қатар, ақшалай несие де бере алады. Бұл несие ісінде банктің монополиясы болмайтын нарықтық экономикаға тән қасиет.
Коммерциялық несиенің, ақшалай нысанының өзіне тән ерекшелігі, оны құрайтын көздер уақытша шаруашылық айналымынан босаған қаржылар, ал осы несие тауарлық нысанда болса, оған төлем мерзімін ұзарту, тауарды өткізу процесінің жалғасы болып саналады.
Сейтіп, қарызға айналымнан босаған қаражат емес, сол процесте жүрген кәдімгі тауар беріледі
Коммерциялық несиенің нысандарының ерекшеліктері мынандай:
Коммерциялық несие тауарлық нысанда | Коммерциялық несие ақшалай нысанда |
Несиеге берілетін тауарға меншіктік сатушыдан сатып алушыға ауысады | Несиеге берілген құнға меншіктік несие берушіде қала береді. Несие алушы оны уақытша пайдалана алады. |
Төлем мезгілін ұзартқаны үшін төлем, тауардың құнына кіреді. | Несиені пайдаланғаны үшін төлем, процент ретінде төленеді |
Несиенің мемлекеттік нысаны. Несиенің бұл нысаны жөнінде екі түрлі біріне-бірі қарама қарсы пікір бар. Кеңес қоғамының тұсында шыққан экономикалық басымдардың бәрінде де, мемлекет борышкер болып, ал заңды, немесе жеке тұлғалар, несиегер болып қатынасатын несиелік қарым-қатынас, несиенің мемлекеттік нысаны деген түсінік болған.
Сонымен қатар, мемлекет, қазіргі нарықтық экономика жағдайында да, нарықтан қарызға қаржы алады. Тек ол капитал-нарығы емес, бағалы қағаздар нарығы деп аталады. Және де мемлекет бұл әрекетті бұрынғыдай қаржы-несиелік мекемелер, Қаржы Министрлігі мен Орталық (ұлттық) банктер арқылы іске асырады. Ол үшін олар, әр түрлі бағалы қағаздар шығарады, оларды мемлекет атынан ішкі нарықта таратады, бірақ, негізінде солай болса да, оны мемлекеттік қарыз деп атамайды.
Қортындылай келіп, несиенің мемлекеттік нысаны мемлекет немесе оның жергілікті органдары, қарызгер немесе несиегер болып қатынасатын несиелік қарым-қатынастың жиынтығы деген жөн.
Бұл жерде "қарызгер", "несиегер" деген сөздер тікелей мемлекетпен байланысты емес. Жоғарыда айтылғандай, мемлекет тікелей ешкімге несие бермейді. Ол екінші дәрежелі банктердің атқарымы. Сондықтан бұл сөздер, тек мемлекеттің және оның жергілікті органдарының несиелік қарым-қатынаста, сондай дәрежелерде қатынаса алатындарын дәлелдеу үшін келтірілген.
Несиенің халықаралық нысаны. Несиенің бұл нысаны, несиелік мәмлеге қатынасушының бір жағы шетелдің субъектісі болған кезде пайда болады. Несиенің бұл нысаны жөнінде келесі тарауда кеңірек айтылады.
Несиенің азаматтық нысаны. Бұл нысан нарықтық экономикаға тән. Өйткені, нарықтық экономиканың тұсында халық бай мен кедей болып жіктеледі. Байлар өзінің артық ақшаларын кедейлерге несиеге бере алады. Несие тауарлық, не ақшалай нысанда беріле алады. Несиенің бұл нысанының бір ерекшелігі — мұнда сенімділік, дос жарандық көбірек орын алады: несиелік шарт жасалмауы мүмкін, қайтару мерзімі де жағдайға байланысты белгіленеді, оны мерзімді өткізіп қайтаруға да болады, қосымша төлемі (процент) де символдық болуы мүмкін, ал, кей жағдайларда несие қосымша төлемсіз берілуі мүмкін. Бірақ, мұндай несиеде ешқандай құжат жасалмайды екен деп түсінуге болмайды. Керек болған жағдайда, барлық қажетті құжаттар жасалады, оларды нотариус куәландырады, несие беру жағдайлары да қатаң болуы мүмкін. Бәрі де несие беруші мен оны сұраушының өзара қатынастарына байланысты.
в) Несиенің қандай мақсатқа алынуына байланысты ол, өндірісгік және тұтынымдық нысандарға бөлінеді.
Несиенің өндірістік нысаны: Өзінің атынан көрінгендей, несиенің өндірістік нысаны өндірісті ұйымдастыру және оны кеңейту, жаңадан жабдықтар, жаңа техникалар алу, жетілдірілген технология енгізу сияқты, өнімнің жалпы көлемін өсіретін және оның сапасын арттыратын шараларға пайдаланылады.
Нарықтық экономикаға ауысу кезіңде несиенің осы нысаны үлкен өріс алды. Өйткені, мемлекеттік өндіріс жаппай қысқартылды. Осыған байланысты жұмыссыздық өріс алды. Осындай жағдайда, әркім өзіне іс ұйымдастыруға мәжбүр болды, яғни, олар мемлекеттің қолдауымен кіші және орта табыскерлікпен шұғылданатын болды, ал ол үшін несие керек.
Сонымен қатар, жекешелендірген өндіріс орындары да (фабрикалар, зауыттар) өзінің бұрынғы қуатын қалпына келтіру үшін оны одан әрі дамыту үшін несие алуға мәжбүр болды. Өндірістік несие, қарызгерді, алған қарызын үнемді және тиімді пайдаланып, соның нәтижесінде, несиенің өзін және оның өсімін төлеуге, оның үстіне, керекті мөлшерде, таза пайда қалатындай табыс табуға ынталандырады.
Басқаша жағдай тұтыну несиесінде. Бұл несие ешқандай қосымша пайда әкелмейді. Тарихқа сүйенсек, тұтыну несиесі, оның өндірістік нысанынан бұрын несиелік қарым-қатынастардың жаңа ғана пайда бола бастаған кезінде шыққан. Қазіргі жағдайда тұтыну несиесі көбінесе тұрғын үйлер салуға (сатып алуға), ұзақ уақыт пайдаланылатын бұйымдар сатып алуға, және басқа да, тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған шараларға пайдалынады.
Несиенің түрлері
Жекелей ұйымдастыру — экономикалық белгілеріне байланысты несиенің түрлері мынандай:
- Шаруашылықтың салаларына байланысты - өндірістік, ауыл шаруашылық, коммерциялық;
-Несиенің объектілеріне байланысты:
а) Шикізаттардың қалдығын жабатын;
б) Негізгі және көмекші материалдардың қалдығын жабатын;
в) Отынның қалдығын жабатын;
г) Ыдыстың қалдығын жабатын;
д) Бітпеген өндіріс өнімінің қалдығын жабатын;
ж) Дайын өнімдердің қалдығын жабатын;
з) Өндірістің мерзімді шығындарын жабатын тағы басқа да несиеге қарсы қойылатын немесе, оны қамтамасыз ететін құндылықтардың қалдықтарын жабу үшін берілетін несиелер, болып бөлінеді. Бұл, таза теориялық жағдай. Іс жүзінде қазіргі нарық жағдайында, несие объектілерін мұндай, егжей-тегжейлеп белудің қажеті болмай қалды. банктер қазіргі жағдайда, несие беру үшін ең алдымен кепіл зат, немесе кепілдеме хат талап етеді. Жоғарыда келтірілген объектілердің қолда барлығы мен несие беру байланыстырылмайды. Ал, шындыққа келсек, түбінде несиенің қайтарымдылығын қамтамасыз ететін тек, осы объектілер. Тек осы объектілер тиісті өңдеуден өткеннен кейін сатылады, олардың құны ақшаға айналады. Тек, соның арқасында, несие қайтарылады. Ал, кепіл зат, кепілдеме хат дегендер, қосымша сақтандырма. Басқа жағдайлар дұрыс болса, ондай кепілдемелер кейін қайтарылады.
Мерзіміне байланысты несие қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Сонымен қатар, қысқа мерзімді болып 12 айға (бір жылға) дейін берілетін несие есептеледі; бір жылдан 5-6 жылға дейін берілетін несие - орта мерзімді, ал, одан ұзақ мерзімге берілетін несие - ұзақ мерзімді болып есептеледі. Ерекше көңіл бөлетін нәрсе, несиенің қайтару мерзімін сол шаруашылықтың (қарызгердің) қаржысының жеке ауыспалы айналымының аяқталу кезімен байланыстырудың, несиенің тиімді болуы үшін де, оның белгіленген мерзімде қайтарылуы үшін де үлкен маңызы бар. Осыған байланысты, қазіргі банктердің (әсіресе, нарықтық экономикаға ауыса бастаған кезде) несиенің мерзімін қаржы айналымының аяқталуымен есептеспей, бет алды, 3-6 айға беретіндігі үлкен қателік, тіпті, зиянды. Осының салдарынан шаруашылық жүргізушілер өнімдерін өткізіп үлгермей жатып несиенің қайтару мерзімі келеді. Кезінде қайтарылмаған несие үшін банктер төлемді (процентті) екі есе көбейтеді. Сөйтіп, қарызгерлер, көпшілік жағдайда, тақырға отырып қалады.
Міне, тап осы жағдай Қазақстанда ауыл шаруашылығын (басқа салаларды айтпағанда) терең дағдарысқа әкелді.
Дәл осыған байланысты Қазақстанда көпке дейін ұзақ мерзімді несие жоққа жақын болып келді. Тек соңғы жылдары ғана мұндай несие көбейіп келеді. Мысалы, 2001 жылдың басында, бүкіл халық шаруашылығына берілген несиенің 48% ұзақ мерзімді несие екен.
Ұзақ мерзімді несиенің көп жылдар бойы өте аз болып келгенінің объективтік себебі де болды. Ол инфляция. Инфляцияның өсуі кезінде ұзақ мерзімді несие беру өте қауіпті. Өйткені, 5-6 жылдан кейін ол ақшадан не қалатынын ешкім біле алмайды.
Дегенмен де, несиенің қайтару мерзімін қарызгердің өнімін өткізіп, түсімін алу мерзімімен байланыстыру әр кезде де көкейкесті жағдай.
1.4. Ұлттық Банктің және екінші деңгейдегі банктердің несиелері
Аукциондық – Ұлттық Банктің ақша несиелік саясатының уақытша құралы болып табылатын және екінші деңгейдегі банктерге республика банктерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында аукциондық негізде бір айдан үш айға дейінгі қысқа мерзімді несиеге берілетін несие болып табылады.
Ломбардтық – Ұлттық Банкпен мемлекеттік бағалы қағаздарды көтерілген процентпен кепілге салудағы шектеулерсіз берілетін қысқа мерзімді несиенің түрі.
Бюджеттік – Ұлттық Банкпен Қазақстан Республикасының Министрлігіне қайтарымды (нарықтық) жағдаймен берілетін несие.
Ұлттық Банкпен Республикалық бюджетті несиелеу 1998 жылдан бастап қысқартылуда және бюджеттік дефицитті инфляциясыз жабуға көшумен тоқтатылады.
Екінші деңгейдегі банктердің несиелері:
Өзіндік айналымдық құралдардың жеткіліксіздіктерін уақытша орнын толтыру;
Қаржылық салымдарды қаржылауға арналған;
Импорттық, импорт бойынша контрактіні төлеу үшін берілетін несие;
Несиелік сызық негізінде – заемшы алдындағы банктің оған бірінші талабы бойынша және келісілген лимит шегінде несиенің белгілі бір уақыты ішінде беруінің заңды түрде рәсімделген міндеттемесі;
Консорциялық – несиелік, кепілдік немесе өзге де банкілік операцияларды, осы операцияларды бір банктің қандай да бір себептермен жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған жағдайда, оны бірігіп жүзеге асыру үшін бір ірі банктің қол астына уақытша бірігетін екі немесе одан да көп банктермен берілетін несие;
Тұтынушылық мақсаттарға арналған;
банкаралық.
Банкаралық несиелердің негізгі көлемі ұйымдастырылған банк аралық нарығында аукциондық сату арқылы беріледі. Негізгі несие берушілер ретінде ірі банктер (Халық Банкі, Казкоммерцбанк) шығады.
Ссудалық портфельдің топтастырылуы туралы ережеге сәйкес және екінші деңгейдегі банктердің несиелік қызметінің шығындарын жабу үшін резервтерді (провизия) қалыптастыру тәртібімен Ұлттық Банк ссудаларды олардың сапасы бойынша келесідей түрде бөледі:
Стандарттық - қайтару мерзімі келмеген және сапасына күмән тумайтын несие;
Стандарттық емес – несиені 30 күнге кідіртумен қайтарумен байланысты елеулі емес қауіпті және бір реттен артық емес променгацияланған түрде болатын несие.
Қанағаттандырылмайтын – төлем мерзімін ұзартудың ұзақтығы мерзімін ұзартқан ссуда есебінен берешекті шығару күнінен бастап 30-дан 60 күннен тұратын және бір реттен артық емес пролонгацияланған несие;
Күмәнді – мерзімді өткізудің ұзақтығы мерзімі өткізіліп алынған ссуданың есебіне берешекті шығарған күннен 60-тан 90 күнді құрайтын несие.
Шығынды – мерзімді өткізу мерзімі 90 күннен аспайтын несие. Проценттерді есепке алу мерзімі өткізілген ссуда есебінен берешекті шығарған күннен 90 күн ішінде тоқтатылады. Проценттерді есепке алудың тоқтатылуы банк балансындағы есептелінген проенттердің өсуін тоқтатуды білдіреді.20
Ссудалық портфельдің топтастырылуы оның сапасын жоғарылату және несиелік қызметтен келетін мүмкін шығындарды жабу үшін резервтерді (провизияны) құру мақсатын көздейді жене банкілік жүйенің тұрақты дамуының мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
2. Экономиканың дамуындағы БАНКТІК несиенің ролі және оның шектері
2.1. Несиенің маңызын көрсететін негізгі салалар
Экономикалық санаттың маңызың оның экономикалық процеске қатынасы мен қол жеткен жетістіктер арқылы бағалайды. Және де ондай жетістіктерге, тек сол санаттарды пайдаланғанда біліктілікпен мейлінше тиімді әдістерді қолданса ғана жетуге болады. Басқа жағдайда істелген іс, күтілген пайда жоққа шығады. Осы сияқты, несиенің де маңызын, оны пайдаланған шаруашылық жүргізуші субъектілер, табыскерлікпен шұғылданатын жеке тұлғалар, тіпті, бүкіл мемлекеттің өзі, тапқан пайдасымен байланыстырып анықтайды. Жалпы алғанда, несиеге ең жоғарғы дәрежеде пайда түсуге мүмкіншілік туғызу тән. Бірақ, оның барлық қағидаларын сақтағанда (орындағанда) ғана, яғни, оны шаруашылықтың мақсатына сәйкес, тиімді пайдаланғанда ғана тиісті пайда алуға болады.
Іс жүзінде, кейбір шаруашылық жүргізуші субъектілер жеке тұлғалар, несиені өндіріс қажеттігіне алып, оған қымбат автокөліктер, тағы басқа да тұтыну бұйымдарын сатып алады, немесе бұрыннан келе жатқан қарыздарын өтейді. Мұндай жағдайда несиеден қандай пайда күтуге болады? Пайда жоқ, ал төлемін (процентін) төлеу керек.
Сонымен несиенің бойында бар қасиетті іске асыру үшін оны дұрыс пайдалану керек. Тек осындай жағдайда ғана несиенің пайдалы маңызы туралы айтуға болады.
Несиенің экономикадағы маңызын төмендегідей негізгі салалардан көруге болады:
1) Жоғарыда айтылғандай, көпшілік жағдайда шаруашылық жүргізуші субъектілердің, табыскерлердің өндіру мен өткізу процесінен түсетін түсімінің түсуі мен өндіріске керекті материалдық құндылықтарды сатып алатын, еңбек ақы төлейтін мерзімдері сәйкес келмейді. Осындай шараларды өз кезінде істемесе, өндіріс процесі тоқтап қалуы мүмкін. Сөйтіп, шаруашылықта уақытша, қаржының барлығы мен оның қажеттілігінің арасында қайшылық туады. Осындай қайшылықтар несиенің қатынасуымен шешіледі. Шаруашылықта, уақытша қаржы мұқтаждығы пайда болуы, оның мерзімділігімен де байланысты. Егер өндіріс көлемі жылдың әр тоқсанында қатты өзгеретін болса, мұндай өндірісті мерзімді өндіріс дейді. Мысалы: өндіріс орны І-тоқсанда 2,0 млн. теңгеге, ІІ-тоқсанда 1,5 млн. теңгеге, ІІІ-тоқсанда 2,5 млн. теңгеге, ал ІV-тоқсанда 10,0 млн. теңгеге өнім шығарады дейік. Сонда өнімнің жылдық көлемінің 62,5%-тін ІV-тоқсанда шығарады екен, ал ІІ-тоқсанда тек 9,4%.
Өндіріс көлемінің жыл ішінде осы сияқты болып бөлінуі, мысалы, қант өндіретін зауыттардың жұмысында кездеседі. Қызылша өндірушілер оны III-тоқсанның аяғында ғана қант зауыттарына тапсыра бастайды. Қант өндірудің технологиясы бойынша қызылшаны тез өңдеп шығару керек. Қоймада көп жатқан қызылшадан қант аз шығады. Сондықтан барлық қант зауыттары қабылданған қызылшаны тез, ІV-тоқсанның ішінде өңдеуден өткізуге тырысады. Жылдың басқа тоқсандарында олар аздаған шеттен келген қызылшаны өңдейді, және жабдықтарға күрделі жөндеу жасайды. Міне осындай жағдайда, қант зауыттарында І-ІІ-Ш-тоқсандарда мерзімдік косымша қаржы мұқтаждығы туады. Өйткені, сол тоқсандарда өткізілген тауардан түскен түсім, зауыттың керекті шығынына жетпейді. Осындай, қаржыға мерзімдік керекшілікті несиенің қатынасуымен қамтамасыз етіледі. Несие, ІV-тоқсанда, өнімнен түсетін түсім, өндіріс шығынынан артық болған кезде қайтарылады.
Ауыл шаруашылық өндірісі де қатты мерзімдігімен ерекшеленеді. Мысалы, биылғы жылдың егінін жинап алған кезден бастап шаруашылықтар, келесі жылдың өніміне арналған шығындар шығара бастайды (күзгі жер жырту, тұқым себу, жазғы егіске тұқым дайындау, қыста қар тоқтату, жазғытұрым жер жыртып тұқым себу, егінді күтіп оны қору т.б. шаралар). Бұл шараларды жүргізуге шаруашылыққа қаржы керек. Өйткені, биылғы жылдың өнімінен түскен түсім, оны өндіруге жұмсалған шығындарды жабуға кетіп (алынған несие қайтарылды). Сондықтан шаруашылықтардың кезекті шығындарға қажетті қаржысы жоқ. Міне, осы жағдайда да банктің мерзімді несиесі жәрдемге келуге тиіс. Өкінішке орай, жаңа нарық кезінде, осындай өндірістің ерекшеліктерін ескеріп, уақытында олардың мұқтажына несие беріп отыратын Қазақстанда банк жоқ. Арнаулы Агропромбанк тақырға отырып, артынша Наурыз банкке айналып кетті.
Кейбір материалдық құндылықтың мерзімді жұмсалатындығын дәлелдейтін отын жұмсау тәртібін келтіруге болады. Отынды, негізінде, қысқы мерзімде пайдаланады, бірақ керек отын қорын жазда дайындау керек. Сондықтан жазды күні отын сатып алу үшін қосымша қаржы керек. Ол үшін де несие беру керек. Жылыту мерзімі басталғаннан кейін оның құны жұмсалуына сәйкес, шығарылатын өнімнің өзіндік құнына ауысады. Сол өнімді сатқаннан кейін түскен түсімнен есептелген мөлшер бойынша несие қайтарылып отырады.
Сонымен, басқа жағдайлардың бәрі бірдей болған күнде, несиенің өнімді өндіру мен өткізу процесін үздіксіз жалғастыруда үлкен манызы бар.
2) Несиеге алған қаржыға әртүрлі өндірістік әлеуметтік ғимараттар, үйлер салуға болады, жаңа жабдықтар сатып алуға, жетілдірілген өндіріс технологиясын енгізуге болады. Мемлекеттік меншіктегі өндіріс орындарын кеңейту үшін бюджеттен қаржы бөлуден гөрі несие алған пайдалы. Өйткені, бюджеттен алынған қаржы қайтарылмайтын болған соң, тіпті сол шараға, қажетті қаржының мөлшерін анықтағанның өзінде артықшылық жіберілуі мүмкін. Оның үстіне ондай қаржы үнемделіп және тиімді жұмсалуы да үлкен күмән туғызады. Ал несиенің қайтарымдылығы мен төлемділігі шаруашылықты алған несиені мейлінше тиімді пайдалануға мәжбүр етеді. Сондықтан несие, өндірістің көлемін кеңейтуде де үлкен маңыз атқарады.
3) Несиелік операциялар мен қолма-қол ақшаның орнын басу атқарымы арқылы несие айналымда жүрген ақша жиынынын азайтуға мүмкіншілік жасайды, ал, бұл өз кезегінде ақша айналымына жағымды әсер етеді. Оның үстіне қолма-қол ақшаның айналымға шығуы да және айналымнан қайтарылып алынуы да, несие негізінде іске асырылады. Өйткені, банкіден клиенттерге ақша беруде, банкіге ақша түсіру де несиелік операция болып табылады. Бұл екі жағдайдың екеуінде де операция есеп шоттармен байланысты, ал ондағы ақша, өзінен өзі несиелік қатынастың барлығын дәлелдейді.
Жалпы айтқанда, клиенттің есеп шотына ең бірінші ақша несие берудің нәтижесінде түседі.
Айналымдағы ақша жинағының оған қажеттілігі мен сәйкестенуі өндіру өткізу процесін үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді. Егер, айналымдағы ақша қажеттіліктен аз болса, өндірген өнімді өткізу қиындыққа ұшырайды:
өткізілмеген өнімнің қоры шектен асып кетеді, шаруашылықтардың арасында өзара төлемеушілік өріс алады, жұмысшы, қызметкерлерге еңбекақы төлеу тоқталады. Сонымен қатар, егер айналымдағы ақша жинағы оған қажеттіліктен артық болса, ақшаның құны төмендейді, тұтыну тауарларына және халыққа көрсетілетін қызметтерге баға өседі, инфляциялық ахуал туады.
Осының бәрі несиенің ақша айналымын ұйымдастыруда да үлкен маңызы бар екенін дәлелдейді.
2.2. Елдің экономикасының жағдайының өзгеруіне байланысты, несиенің маңызының өзгеруі
Несиенің маңызы және оны қолданатын салалар, елдің экономикалық өсу жылындағы болып жатқан өзгерістерге байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, мемлекеттің бір орталықтан басқарған экономикадан нарықтық экономикаға ауысу кезінде, несиелік қарым-қатынас анағұрлым кеңейеді. Сөйтіп, несиенің экономиканы дамытудағы маңызы өседі.
Экономиканы бір орталықтан басқару кезінде несие ресурстары КСРО министрлер Кеңесінің бекіткен жобасына сәйкес, әр тоқсанға, нақты несиегерге арналып орталықтан бөлінетін. Егер, тоқсанның ортасында, объективтік себептермен қосымша несиеге қажеттілік туса, жергілікті банктердің оны қамтамасыз етуте ешқандай ресурстары болмайтын, сондықтан мұндай сауалдарды қарауға да олар құқықсыз болатын. Осындай жағдай несиенің, қолданылатын салаларын анағұрлым тарылтып, экономиканың өсуіне бағытталған шараларды тезірек іске асыруда, оның маңызын төмендететін.
Нарық жағдайында керісінше, барлық несие берумен байланысты мәселелерді әрбір банк, өзінің жеке саясатына байланысты, өз бетінше шешеді. Оның үстіне, Кеңестік қоғамның тұсында қолданылуға тыйым салынған коммерциялық несие, ипотека несиесі, есеп айырысудың вексельдік нысаны, және басқа да, түрлі-түрлі, акциялар, бағалы қағаздар, пайда болды. Осының бәрі, нарық кезінде, несиені пайдаланудың мүмкіншілігі молайып, оның экономиканы дамытудағы маңызының өскенін көрсетеді.
Нарық кезеңінде несиелік қарым-қатынастың кеңеюіне, сонымен бірге, оның экономикадағы маңызының көтерілуіне, бұрын орын алып келген көптеген төрешілдік кедергілердің жойылуы, несие берудің жетілдірілген әдістерін енгізу үлкен әсер етті. Мысалы, жаңадан өріс алып келе жатқан жобалау несиесі банктерге, ұзақ мерзімді несиені көбірек берумен қатар, сол жобаның іске асырылуын тиімділігін басынан аяғына дейін бақылап отыруға мүмкіншілік береді.
Несиенің маңызы өзгеруі, инфляция жағдайында да орын алады. Мұндай жағдайда, айналымдағы ақша жиыны несиенің жәрдемімен реттелінеді, соның көмегімен ақша бірлігінің сатып алу қабілеттігі бір қалыпта ұсталады. Екінші жағынан инфляция жағдайында негізгі қорларды ұзақ мерзімге несиелеу айтарлықтай қысқарады. Өйткені, құнсызданып бара жатқан ақшаның ұзақ уақыттан кейін нақты құнының қандай болатынын ешкім болжай алмайды. Сөйтіп, бұл салада несиенің маңызы төмендейді. Жалпы алғанда, экономиканың нарықтық үлгісінде кеңейтілген ұдайы өндірісті басқаруда несиенің мағынасы айтарлықтай өседі.
2.3. Несиенің оңтайлы шегі
айналымның қажеттілігін несиемен жеткіліксіз қамтамасыз еткен күнде, әсіресе банкілік несиемен, шаруашылықтар қаржы тапшылығына ұшырайды. Сөйтіп, олар сатып алған шикізаттармен өндіріс жабдықтары үшін көрсетілген қызметтер үшін уақытында төлей алмайды. Өзінің жұмысшы-қызметкерлеріне еңбек ақы бере алмайды. Бір жаманы, егер бір шаруашылық жүргізуші, өзінің тауар жөнелтушілерімен кезінде есеп айырыса алмаса, қаржы тапшылығы соларға да (тауар жөнелтушілерге) тарайды, ал, олар, өз кезегінде, өздерінің тауар жөнелушілерімен есеп айырыса алмайды. Сейтіп, бүкіл халық шаруашылығында, өтелмеген төлемдердің тізбегі пайда болады, ал, бұл экономиканың дамуына өте жағымсыз әсер етеді.
Сонымен, несие экономикаға жағымды әсерін тек оның шаруашылық айналымдағы деңгейі оңтайлы болса ғана тигізеді.
Айта кететін нәрсе, шаруашылық жүргізетін субъектілердің несиемен жабатын негізгі объектілері, өндірісті үздіксіз жүзеге асыруға қажетті тауарлы-материалдық құндылықтардың босалқы қоры болып табылады. Оның ішінде шикізат, негізгі және көмекші материалдар, отын ыдыс, өндіріс жабдықтарының бөлшектері, дайын өнім т.б. Және де осы құндылықтардың босалқы қоры, дәстүр бойынша босалқы қордың ең төменгі шамасы (тұрақты) және уақытша босалқы қор болып екі топқа бөлінеді.
Қордың ең төменгі шамасы (тұрақтысы) өндірісті әдеттегідей үздіксіз жүзеге асыруға арналады және де әр шаруашылықтың оның құнын жабуға жеткілікті меншікті айналым қаражаты болуы керек.
Уақытша босалқы қорға келсек, ол әр түрлі объективтік және субъективтік себептермен жиналады. Егер босалқы қор объективтік, шаруашылықтың өз кемшілігімен байланыссыз себептермен жиналып қалған болса (мысалы, мерзімдік өндірісте) оны жабу үшін несие берілуі керек. Өйткені, несие керек кезінде шаруашылық айналымға еніп, ал, керегі болмай қалған кезде, оралымдылықпен айналымнан шығарылып жіберуге болатын ең икемді экономикалық құрал. Егер босалқы қор шаруашылықтың жіберген кемшіліктерінің салдарынан жиналып қалған болса, оны жабуға ешқандай несие берілуге тиіс емес. Шаруашылықтың нашар жұмысын қолдауға болмайды.
Қорытып айтқанда, несиенің шаруашылық айналымындағы оңтайлы шегі дегеніміз, қай шаруашылықта объективтік себептермен қашан және қанша тауарлы-материалдық құндылықтың несиемен жабатын уақытша қоры жиналады деген сөз.
Қазақстан экономикасының дағдарыс жағдайында, көпшілік шаруашылықтардың (қандай меншікте болса да) тиісті мөлшерде өзіне меншікті айналым қорын құра алмаған кезде, және де шарттық міндеттемелердің орындалмағаны үшін ешқандай жауапкершіліктің жоқ кезінде, несиенің оңтайлы мөлшерін анықтау үлкен экономика түгіл, кіші экономика (шаруашылық жүргізуші субъектілер) деңгейінде де қиын. Өйткені, қазіргі жағдайда клиенттерге несие бергенде банктер несиеге қажеттілік объективтік себеппен байланысты ма, жоқ па, оның сол сомада пайдаланғандығы шаруашылыққа тиімді ме, жоқ па, берілген несиенің сомасы айналымдағы төлем құралдары мен несие арасындағы теңгерімді бұзбай ма деген сауалдарды еске де алмайды. Олардың несие берудегі ең басты критериясы (өлшемі) несиенің қайтарымдылығы мен банктің табыстылығы.
Дей тұрғанмен, несиенің дәлелденген шегін анықтау, оны сақтау, кез келген несиелік қарым-қатынастың өркениеттік нысанына көкейкесті болып қалады. Бұл, әсіресе банктік несие үшін мағыналы. Өйткені, біріншіден, банктік несие, барлық несие нысандарының ішіндегі ең бастысы, екіншіден банктердің, басқа несие берушілерге қарағанда, мүмкіншіліктері шексіз дерлік. Мысалы, коммерциялық несие тек, сатушының қолындағы тауардың құнымен шектеледі, тек сол соманы ғана олар төлем мерзімін ұзартып сата алады, ал банктердің ресурстары анағұрлым көп (салыстыруға болмайды).
Жоғарыда айтылғанға байланысты, несиенің оңтайлы шегін үлкен экономика деңгейінде анықтау үшін төмендегілерді ескеру керек:
- Шаруашылықтың қаржыға қажеттілігінің қандайын несиемен жабуға болады, ал, қандайын жабуға болмайтындығы;
- Айналымдағы төлем құралдары, ақша айналымының арнасын кемерден асырып жібермеуі үшін айналымдағы несиенің жоғарғы шегінің қандай мөлшерде болу керектігі;
Кіші экономика деңгейінде несиенің шегі төмендегі қозғалғыш күштерді ескеріп анықталады:
- қарыз алушылардың объективтік себептерге байланысты несиге қажеттілігі және де сол қажеттіліктің шаруашылықтың экономикалық мүддесі мен үйлесімділігі;
- Банктің несиелік қарым-қатынасы кеңейтуге мүдделілігі және оның өзінің мүддесімен байланыстығы (пайда табу);
- Банкінің қызметін реттейтін Ұлттық банк белгілеген экономикалық мөлшерлерді (нормативтерді) бұзбау;
- Несиенің қайтарымдылығын қамтамасыз ететін жағдайлардың барлығы.
Қорытынды
Қазақстан Республикасында банкілік несиелеу соңғы кезде өзінің әмбебаптылығының негізінде үлкен маңызға ие болды, бұл әмбебаптылық банктер арқылы қайтарымдылық және ақылылық негізінде қайта бөлінетін ақша қаражаттары экономиканың барлық салаларында өз қолданысын табуынан көрінеді.
Банкілік несиелеудің міндетті субъектілері болып банк және заемшы табылады. Банк үшін несиелеу - бұл кәсіби кәсіпкерлік қызметтің бір түрі, пайданың қалыптасуының негізгі қайнар көзі болып табылады. Несиелеудің өзі өзімен бірге тұрақты жүзеге асырылатын қызметті, яғни пайда табу болып табылатын бір мақсатқа біріккен, кезекті және іске асырылып тұратын әрекеттердің жиынтығын білдіреді. Заемшылар ретінде заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері, азаматтар, мемлекет болуы мүмкін. Қазіргі күнде Қазақстан Республикасында потенциалды заемшылардың саны өте үлкен және көбінесе бұл өз ісін ұйымдастыру үшін қажетті болатын алғашқы капиталға деген қажеттілігі жоғары экономиканың дамуының өтпелі кезеңімен шартталады.
Әдебиеттер тізімі
- Я.Ә. Әубәкіров, Б.Б. Байжұмаев, Ф.Н. Жақыпова, Т.П. Табеев Экономикалық теория. Алматы, 1999, «Қазақ университеті»
- Саниев М.С. Ақша, несие банктер. Алматы, 2001 ж.
- Тасыбаева А. С. Банкілік құқық. Алматы, 2001 ж.
- Банки Казахстанана внутреннем финансовом рынке. Ред. Р.К.Жоламанов и др. Алматы. 1996.
- Волынский. Кредит в условиях современного капитализма. Алма-Ата. 1992.
- Геращенко, Ю. П. Савинский. Денежное обращение и кредит ССР. М., 1986.
- Қазақстан Республикасының банктермен банк қызмет туралы заңдары 05. 1995 ж.
- Бағалы қағаздар нарығы Б.А.Көшенов Алматы. Экономика. 1999 ж.
- Банковское дело. Г.С.Сейткасымов. Алматы. Қаржы-Қаражат. 1998 ж.
- Бухгалтерский учет и отчетность в банках. Г.С.Сейткасымов, К.О.Шаяхметов, Г.Т.Абдраимова. Алматы. Қаржы-Қаражат 1998 ж.
- Банктегі бухгалтерлік есеп және есеп беру. Н.А.Ғұмар, Р.Ж.Қалығұлова, Алматы. Арыс, 2000 ж.
- Ценные бумаги и их регулирование в РК. Ф.Карагусова, Алматы, Қаржы-Қаражат, 1995 ж.
- Банки Казахстана, журналы №5 2000 ж.
- Банк хабаршысы 2000 ж.
- Пансков Г.Г. Главное финансовое стабилизация. Финансы 1999 ж. №12.