Алматы. 27 тамыз. 7kun.kz – Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады.
«Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1 пайыз деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7%-ға жетеді», - деді ол Үкімет отырысында.
Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасын 55 доллар көлемінде көздейді.
«Әлемдік қаржы ұйымдарының мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы мұнай бағасының консенсус-болжамы барреліне 65 долларды құрайды. 2020 жылы ол барреліне 63 долларға дейін төмендейді. Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийі қаралды», - деп түсіндірді ол.
Сонымен бірге инвестициялар экономикалық өсуді ұстап тұрудың маңызды факторына айналады. Салалық бөліністе негізгі өсім шикізаттық емес секторға келетін болады.Бұл өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және құрылыс саласы. Осы салалардың орташа өсімі 4,7% деңгейінде болады. ЖІӨ өсіміне салым 3,5 п. п. құрайды.
«Мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннаға, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндірудің өсуі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ Теңіздегі кен орындарын пайдалануға беру есебінен болады», - деді Руслан Дәленов.
Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы - 106 триллион теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2020 жылы 10,5 мың долларды құраса, 2024 жылы ол 14,3 мың долларына дейін ұлғаяды.
2020-2021 жылдары жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4,0-6,0% шегінде сақталады. 2022-2024 жылдары 3,0-5,0% болады Жұмыссыздық 2024 жылы 4,7%-ға дейін төмендейді.
Макроэкономикалық болжам негізінде бюджеттік параметрлердің және Ұлттық қордың 2020-2022 жылдарға арналған болжамы әзірленді.
«Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) болжам бойынша 2020 жылы 8 трлн теңгені, 2021 жылы 8,6 трлн теңгені, 2022 жылы 9,4 трлн теңгені құрайды. 2020 жылы бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,1% деңгейінде анықтау ұсынылады, кейіннен 2021 жылы ЖІӨ-нің 1,5%-ына дейін және 2022 жылы ЖІӨ-нің 1,0%-ына дейін төмендейді. Мұнайға жатпайтын тапшылық 2020 жылы ЖІӨ-нің 7%-ына дейін (2019 жылы ЖІӨ-нің 8,5%-ына), кейін 2022 жылы 5,1%-ына дейін төмендейді. Осы параметрлер негізінде республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы – 12,7 трлн теңге, 2021 жылы – 13,2 трлн теңге, 2022 жылы – 13,6 трлн теңге көлемінде болжанады», - деп түсіндірді ол.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024