Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыдағы қаржы полициясының экс-басшысы Әмірхан Аманбаев қамауға алынды

Алматыдағы қаржы полициясының экс-басшысы  Әмірхан Аманбаев қамауға алынды

Алматы қаласының қаржы полициясының экс-басшысы генерал Әмірхан Аманбаев қамауға алынды деп хабарлайды ҚазТАГ Астанадағы құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап.

"2 наурыз күні Алматыда кешкі 20:00-дер шамасында қылмыстық топ ұйымдастырды деген күдікпен генерал-майор Әмірхан Аманбаев тұтқындалды",-деді дереккөз ақпарат агенттігіне. Оның айтуынша, тұтқындау кезінде 55-жасар Ә.Аманбаевтың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға тура келген.
"Осы жылдың ақпан айында Алматыдағы жемқорлық және экономикалық қылмыспен күрес департаментінің бұрынғы қызметкерлерін қылмыстық топ ұйымдастырды, жалған кәсіпкерлік жасады деген күдікпен тұтқындаған соң, кейбір жағымсыз фактілер анықталды. Әмірхан Тапашұлына жақын адамдар оның өзіне қарсы куәгерлікке тартылды. Аманбаев бас прокуратурадағы жоғары лауазымынан айырылуға тура келді",-дейді дереккөз.
Осыған дейін Ә.Аманбаев Қостанай және Қарағанды облыстарының прокуроры болып қызмет атқарды, юстиция министрлігінің құқықтық көмек көрсету және тіркеу қызметі комитетінің төрағасы, министрдің орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді. 2012 жылдың ақпанында Алматы қаласы бойынша жемқорлық және экономикалық қылмыспен күрес департаментінің басшысы болды. 2014 жылдың күзінде департаменттік қайта құрылымдауына байланысты бас прокуратураға жұмысқа ауысты.
Еске салайық, 2015 жылдың ақпанында Алматы қаласында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар, оның ішінде қаржы полициясының бұрынғы қызметкерлерінің қолдау көрсетуі арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті анықталды. Олар 2012-2014 жыл аралығында 20 кәсіпорын құрып, төленбеген салық түрінде 14 млрд көлемінде шығын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу шарасы бойынша Алматы ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына С.Ильин, В.Федотов, Б.Баудинов, Т.Каримов, А.Зубарев, Д.Абдиев, Р.Есенжанов және Н.Шаукеров есімді қылмыстық топтың 8 қатысушысы қамалды.

Похожие материалы