Алматыда күн суық. Бірақ саяси жағынан ыстық болып тұр. Қалада бес бірдей үкіметтің басшысы жүр. Бүгін журналистер жарыса жазған жаңалықтың бірі де осы бестіктің басқосуы болды.
Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Арменияның үкіметбасылары Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын өткізу үшін әдетте жылына бір мәрте кездеседі. Бұл жолғы отырыс Алматыда өтті. Қазақстанның премьер-министрі Б. Сағынтаев, Ресейдің премьер-министрі Д. Медведев, Беларусь премьер-министрі С. Румас, Қырғызстан премьер-министрі М. Әбілғазиев, Арменияның вице-Премьер-министрі М. Григорян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т. Саркисян қатысты.
[su_quote]Анықтама үшін айта кетейік, Еуразиялық үкіметаралық кеңес аталған одақтың үкіметбасшыларынан құралған басқарушы органы. Мұнда одақ жұмысына қатысты ең өзекті мәселелер талқыға түседі, шешімге келеді, жоспар ұсынады, ортақ құжаттарға қол қояды.[/su_quote]
Бүгін не айтылды? Қандай құжатқа қол қойылды?
Жиынды Қазақстанның Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев ашты. Сосын кезегімен Беларусь премьері Сергей Румас, Ресейдің премьері Дмитрий Медведев, Қырғыздың үкіметбасы Мұқаммедқалый Әбілғазиев сөйледі.
Қандай мәселе айтылды?
Отырыс дәстүрлі түрде шағын және кеңейтілген форматта өтті. Шағыны түсінікті. Тек үкімет басшылары қатысады, көпшілікке әлі жарияланбайтын ақпараттар айтылады. Әйтсе де ондағы жалпы тақырыптар былай тізбектелді: Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымын одан әрі кеңейту құралдары, соның ішінде сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, салық және кеден саясаты салаларындағы заңнамалық нормаларды біріздендіру талқыланды. Сонымен қатар, білім беру саласындағы бірқатар құжаттарды өзара тану жүйесін жетілдіру перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ, ЕАЭО сандық күн тәртібі аясында жобаларды іске асыру тетіктеріне назар аударылды.
Кеңейтілген құрамда, яғни биліктің бірқатар тармағының өкілдері қатысқан жиында үкіметаралық кеңес мүшелері 2018 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауданы дамыту қорытындысын шығарды, Одақ елдеріндегі макроэкономикалық жағдайды қарады және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының тұрақты экономикалық дамуды одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарын тыңдады.
Былтыр Одаққа Ресей төраға болған. Сөзін қазақша амандасудан бастаған Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев өткен жылға шолу жасап өтті.
Биыл одақ туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Бұл да тақырыптан тыс қалмады. Жалпы отырыстағы күн тәртібінде барлығы 16 мәселе талқыланды.
Не шешті?
-
- Кездесу қорытындысы бойынша импорттық баждарды бөлу стандарттарына, қазақстандық көмір экспорттаушылардың Ресей Федерациясының теңіз порттарының қызметтеріне қол жеткізуге қатысты бірқатар құжаттар қабылданды.
-
- Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жобаларды іске асыру тетіктері бекітілді және алкогольді реттеу туралы келісім жобасы мақұлданды.
-
- Өзара сауда жағдайында, ЕАЭО-ға мүше елдердегі макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар, сондай-ақ Одаққа мүше елдер арасында жүйелі консультация өткізу туралы шешім қабылданды.
- Одақ мүше мемлекеттердің кемелері үшін тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуге және ЕАЭО елдерінің ішкі су жолдарымен кемелердің жүзуі кезінде туындайтын қатынастарды реттеу бойынша бірыңғай құқықтық алаң құруға арналған кеме қатынасы туралы келісімге қол қойылды. [su_quote]Бұл келісімге қол қою Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екен. Өйткені экспортқа жіберілген өнім қысқа мерзімде Ресейдің ішкі су жолдарымен өтуге, Қара және Балтық теңізіне жетуге мүмкіндік береді. Сондықтан болар соңғы күндері жиыннан көз ашпаған Сағынтаевтың жүзінен шаршау білінбеді. Келісімге қол қойып отырғанда күлімдеді.[/su_quote]
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы сәуір айының аяғында - мамыр айының басында Армения астанасы Ереванда өтеді. Өйткені биыл Одақ «билігін» Армения қолға алады. Түсінікті болу үшін айта кетейік, Одаққа мүше мемлекеттер кезекпен төраға болады. Мысалы: 2015 жылы Беларусь, 2016 Қазақстан, 2017 жылы Қырғызстан, 2018 жылы Ресей төраға болды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысынан фотошолуды мына жерден оқысаңыз болады.Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024