Луис Альбертини - америкалық қазақ. Шын есімі -Азамат. Балалық шағында шетелдіктер асырап алған. Ержеткен соң Қазақстанға келіп, алматылық ЖОО-дың бірінде жұмыс істеп жүр. Жастайынан бері америкалық үлгіде өмір сүрген қазақ баласының бүгінгі Қазақстан туралы ойы қандай? Назарларыңызға Луистің Еsquire журналына берген сұхбатын ұсынамыз.
Мені Қазақстан немесе ресейліктер асырап алған жоқ. Үш жасымда Воренеж қаласында америкалықтар асырап алды. Өзімнің биологиялық ата-анам туралы еш нәрсе білмеймін. Бар білетінім әкем - электр жөндеуші, анам - мұғалім болған. Шамамен жиырма жасқа келгенде жағдайларын жақсарту үшін Ресейге көшіп келген. Бірақ қолдарынан келмеген сияқты. Осылайша мен балалар үйіне тап болыппын. Альбертини әулеті, яғни әкем мен анам Ресейге келеді. Себебі олардың достары осы жақтан бала асырап алған. 1991 жыл. Кеңес Одағы тараған. Ата-анам алғаш рет бәрі құлдырап жатқан кезде келеді. Олар мені Воренеж қаласындағы балалар үйінен алып, қарындасым Жаннаны да асырап алу үшін Санкт-Петербургке аттанады. Ол кезде Жанна екі жаста болған. Неліктен бізді таңдап алғанын білмеймін. Балалар үйінде түсірілген видео болған. Агенттік оны Штатқа жібереді. Ата -анам сол видеодан мені көреді. Мен ол кезде екі жаста едім. Шамасы сүйкімді бала болған шығармын. Баланы асырап алу ісі қиын болмаған. Видеоны көріп, таңдайсың, құжаттарды толтырасың, содан кейін оны асырап алуға аттанасың. Кейінірек ол видеоны көру маған өте қызық болды: жүгіріп ойнап, орыс тілінде еркін сөйлеп жүрмін. Ал қазір орысша жақсы сөйлей алмаймын. Бастапқыда ата-анам репетитор жалдап, орыс тілін сақтап қалуды ұйғарады. Алайда өздері білмегендіктен бұл өте қиын болады. Сол себепті орысшаны қойып, тек ағылшынша сөйлеу керек деп шешеді. Тілді жаз кезінде меңгергенмін. Ешқандай акцент болмаған. Туылған кездегі атым Азамат болған. Бұл қазір менің екінші есімім. Ата-анам Штатта мұндай ат ыңғайсыз болатынын және шетелдік ат екенін ескереді. Өздеріңіз білесіздер, Америка мектептерінде мұндай есімді аса жылы қабылдай бермейді. Сондықтан ата-анам бұл есім арқылы мазаққа қалуы мүмкін деп мені атамның құрметіне Луис деп атайды. Ал қарындасымның аты сол күйінде қалды. Себебі оның есімі әдемі естілетін еді. Оның үстіне Жанна"тәңір берген" деген мағынаны береді. Қарындасымның да екінші есімі бар - Женевьева. Ол менің туған қарындасым емес екені түсінікті. Бірақ америкалықтар азиаттықтардың түр-келбеті тым ұқсас деп есептейді. Мичиган штатындағы Гранд-Рапидс қаласы маңында өстім.Ол жақта ақ нәсілді америкалықтар өмір сүреді. Менің не айтқым келгенін түсінген боларсыз. Бұл жерде өзге ұлт өкілдері көп емес, сондықтан азиаттықтарды тез тани алады. Мені орыс не қазақ ретінде емес қытай немесе жапондық ретінде қабылдады. Қазақстан туралы көп ешкім білген жоқ. Кемсітушілік те болмады. Бір қызығы азиаттықтарға байланысты кемсіту стереотипі қалыптаспаған. Керісінше, олар бізді оқымысты, математик ретінде көреді. Мен үнемі көзілдірік тағып жүретінмін. Сені ақылды ретінде таныса, ол жақсы емес пе? Балалық шағым керемет өтті. Менің ата-анамның жағдайы жақсы. Анам - компания директоры, әкем- жылжымайтын мүлік ісімен айналысты. Қарындасым екеуміз қарапайым америкалық үйде тұрдық. Екі мысық, екі итіміз болды. Мектепте көп жүгіретінмін, тіпті кросстық жарыстарға қатысып жүрдім. Мені асырап алғаны туралы қалай білдім? Фильмдерде балаларын шақырып алып: "Біз сендерді асырап алдық" деп айтып жататын эпизодтар бар. Ал бізде ондай мүлде болған емес. Қарындасым екеуміз бір бірімізге ұқсамайтынымызды білетінбіз. Отбасылық суретті алып қарасаңыз үлкен италияндық-америкалық отбасы мен оның ортасында күліп отырған екі кішкентай азиаттық баланы көресіз. Бірде отбасылық кездесуде мен танымайтын бір туысқанымыз мені оқуға келген студент деп ойлаған. Ал мен: "Жоқ, менің тегім Альбертини, мен сіздің жиеніңізбін" дедім. Ол таңырқап, кейін кешірім сұрағаны есімде. Мен өзімнің қазақ екенімді колледжде оқып жүргенде түсіне бастадым. Кейінірек университетте Central Asian Studies курсын қолға алдым. Сол кезде Қазақстанға қызығып, оны көріп қайту ойымда болды. Оқуымды аяқтаған соң, екі жыл корпоративті маркетинг саласында жұмыс істедім. Бірақ Қазақстан туралы ой маза бермеді. Содан жас кезімде барып алу керек деп шештім. Мемлекеттер арасында шәкіртақы тағайындалған Princeton in Asia бағдарламасын тауып алдым. Арасында Қазақстан да бар екен. Бағдарлама бойынша өтініш жіберіп, маусым айында Алматыға келдім. KIMEP-те жұмыс істей бастадым. Мұнда бір жылға келдім, бірақ келісімді екі жылға ұзартуыма болады. Алғашқы айда қазақы отбасымен бірге тұрдым. Бұл өте керемет болды. Қазақстандықтардың қонақжайлығын толық сезіне алдым. Бұл жерге қалай келдім? Штатта жүрген кезімде KSA – Kazakh Student Association ұйымы бар екенін білдім. Мичиганда болған кездесуде Америкада білім алып жатқан "Болашақ" бағдарламасының студенттерін кездестірдім. Мен ол жердегі жалғыз американдық едім. Көпшілігі менімен танысқаннан кейін сеніңкіремей, таңғала бастады. «Сен біз бен америкалықтарды байланыстырушы топ боласың», – деді олар. Олардың арасында Азамат Маулшариф атты жігітпен достасып кеттім. Ал Қазақстанға келетін кезде оның ата-анасы бірге тұруға ұсыныс жасады. Барлығы керемет болды. Қазақстан мен қазақтар туралы көп білдім. Азаматтың анасы маған үнемі дәмді қазақ тағамдарын дайындап беріп жүрді. Маған адамдардың "Сені жергілікті екен десем" деп айтқандары, дүкенге кірген кезде қазақша немесе орысша сөйлегендері ұнайды. Мен жай ғана басымды изеймін. Кейбіреуі ағылшындармен араласып, орысшаның өзін акцентпен сөйлеп тұрған кезде тәкаппар қазақ екен деп ойлап қалуы мүмкін. Такси жүргізушілері жиі таң қалады. Мысалы мен "Сейфуллин - Қабанбай батыр" деп жағымсыз акцентпен айтсам, олар бірден: "Қазақсың ба?" дейді. Мен өзімнің америкалық екенімді айтсам олар "жоқ, сен біздің елденсің" деп жатады. Өзімнің өмірім жайлы көп айтқым келмегендіктен, көбінесе кәріспін деймін. Жергілікті адамдар мен шетелдіктерге байланысты өзіме деген қарым-қатынаста айырмашылықтарды байқаймын. Менің көршім - америкалық. Ол да Princeton in Asia бағдарламасы бойынша келген. Кәдімгі америкалықтар сияқты. Одан көпшілігі қайдан келдіңіз, жағдайыңыз қалай, осы жер сізге ұнайды ма деп мейірімділікпен сұрайды. Ал маған келген кезде: "Сен қайдансың? Ақтөбеден келді бе?", - деп дөрекі сұрап жатады. Қарым-қатынас кезінде осындай айырмашылықтарды жиі байқаймын. Бұл өте күлкілі. Бірде мейрамханаға досымыз екеуміз бірге келдік. Даяшы болса оған ағылшын тіліндегі ас мәзірін беріп, маған орысшасын берді. Біз сол жерде алмастырып алдық. Себебі досымның орысшасы менікінен тәуір. Ата-анам Қазақстанға келу туралы ойымды құптады. Олар өзімнің жеке өмірімде мұны да сезініп көруімді қалады. Өйткені бұл менің өмірімді өзгертеді. Олар өте қобалжып, тіпті осы жерге көшіп келуді жоспарлап жүр. Достарымда қолдады. "Үйіңе барасың ба", - дейді. Олай емес, мұнда тек маған қатысты нәрселер бар. Төлқұжатымда орыс деп жазылған, себебі мен Кеңес Одағы кезінде дүниеге келгем. Мен Ресейде екі рет болдым. Үш ай Питерде, үш ай Мәскеуде өмір сүрдім. Ол жерді мен туған жерім сияқты сезіне алмадым. Бірде Мәскеуді аралап жүріп, жеміс-жидек дүкеніне келдім. Сатушы Қырғызстаннан екен. Ол кезде менің орысшам жақсы болды. Аздап абыржығанмен, ілтипат танытты. Ол менің жақсы өмір тапқанымды айтты. Үйге келгеннен кейін оның айтқан сөздері ойымнан шықпай қойды. Егер мені асырап алмағанда сол дүкендегі жігіт сияқты менде сатушы болып тұрар едім деген ойлар маза бермеді. Содан маған жақсы ата-ана жолыққанына қуандым. Өзімнің биологиялық ата-анамды іздемеймін. Әрине, мен оларға қарап, ұқсаймын ба, жоқ па соны білгім келеді. Бірақ өмірім басқаша өзгеріп кетеді ме деп қорқамын. Ал қарындасым оған қатты қызығады. Жанна маған қарағанда тәуелсіз. Бұл оған өзін-өзі түсінудің тәсілі сияқты. Мен өз ата-анамның кім екенін білемін, болды, осы жетеді. Қазақстандық балалар америкалықтарға еліктейді. American Corner-де болған кезде күтпеген жерден FLEX бағдарламасы бойынша келген оқушылардың залына кіріп кеттім. Мені қазақстандық балалардың Штатқа небәрі бір жылға ғана келіп, таза америкалық болып кеткендері таңқалдырды. Бір бала Нью-Йоркте өмір сүріп, ход-докты жақсы көретінін және сүйікті бейсбол командасы туралы айтып отыр. Ал бір қыз бала Калифорнияда тұрған. Калифорниялық акцентпен сөйлеп отыр. Мінездері америкалықтарға қатты ұқсап кеткен. Ашық, өз ойларын айтуда, дауласуда еш ұялмайды. Америкалық студенттермен тез тіл табысады. Қазақстанда қарама-қайшылықтар өте көп. Мысалы үкімет мүгедектер үшін мүмкіндік көп дейді. Мен бес ай ішінде бұл жерден ешбір арбада отырған мүгедекті көрген жоқпын. Қарапайым пандустар бойынша ешқандай жағдай жасалмаған. Америкада арбада отырған мүгедектерді көресің. Бірақ олар өмір сүріп жатыр. Ал Қазақстанда денің сау болмаса, бар мүмкіндіктен айырыласың. Қазақстанда өмір сүру үшін жас әрі денсаулығың мықты болу керек. Параметрлер қалыпты болғаны дұрыс. Сәулет өнерінде де қайшылықтар бар. Кеңес кезіндегі ғимараттар Нұрлы тау ғимараттарымен араласып кеткен. Өте қызық. Көпшілігі өздерін көрсеткісі келеді. Мұны көкіректік деуге бола ма? Штаттан гөрі Алматыда үлкен жол талғамайтын қара көліктер көп жүреді. Қазақстанда есепсіз шығындар өте көп. Өз деңгейін көтеру үшін әдемілікті қолданады. Бақылауым бойынша мені көпшілігі мұсылман деп ойлайды. Кениядан келген досым бар. Ораза тұтып, намаз оқиды. Ал мұндағы жергілікті мұсылмандар мұсылмандықты керек кезде ғана өздеріне қабылдайды. Мүмкін мәдени ерекшелік шығар. Егер қазақ болсаң мұсылман болу керек деп ойлайды. Бұл мен үшін қызық. Діни сенім әркімнің жеке мәселесі ғой. Осы жерде өзімді бір-екі жыл өмір сүріп жатқандай сезінемін. Бойымдағы американдық болмаысты шығарып тастадым. Күн сайын осы елдің жергілікті азаматы сияқты сезінемін. Осы жерге келген кезде Қазақстандағы америкалық ретінде танылатыныма күмәнім болмаған. Ал қазір таза қазақ-америкалық болып кеттім. Енді бес айдан кейін не болатынын кім білсін? Орысшам жақсарып келеді. Көбін түсіне бастадым. Осы жерден достар таптым. Олар - мықты, белсенді, әр нәрсеге құштар. Қызметтері жаңа стартаптармен технологияға қатысты. Шетелде оқып, Кремний алқабында жұмыс істеген, жеке компанияларын құрған достарым бар. Комьюни стартапы дамып келеді. Кішігірім болсада көп жастар соның ортасында жүр, үйге келген кезде мемлекетті өзгертіп, жаңа қоғам құрғылары келетінін ойлайды. Болашақта Қазақстан мен АҚШ арасында бір істі жүзеге асырғым келеді. Мысалы инвестиция саласына, америка бизнесімен қоса қазақстандықтардың бизнесіне көмектескім келеді. Егер орыс тілін үйреніп алсам, барлығы қолымнан келеді деп ойлаймын. Себебі барлығы мені өзіміздікі деп есептейді. Материал Esquire рұқсатымен аударылды.Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024