Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері Талдықорғанда ет өңдеу комбинатының құрылысын бастады
Талдықорған. 29 наурыз. 7kun.kz - Бүгін Талдықорғанның индустриалдық аймағында «LONGYUAN JETYSU» атты ет комбинатының алғашқы кірпіші қаланып, жергілікті әкімдік пен шетелдік компания арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ет комбинатын қытайлық «НТК Лунюань» компаниясы мен қазақстандық «ДОС-Жетісу» серіктестігі бірлесіп құрып отыр. «Лунюань Жетісу» деп аталатын ет өңдеу комбинатының құрылтайшысы белгілі кәсіпкер – Болат Әбілов. Айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінде 15 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Ал, кластер толық іске қосылғанда, инвестиция көлемі 80-100 млн АҚШ долларына жететін болады. «Бүгінде «Лунюань Жетісу» компаниясы ресми түрде Талдықорғанға тіркеліп, есепшотын ашты. Алдағы уақытта мұнда тек жергілікті азаматтар жұмыс істейтін болады» деп атап өтті кәсіпкер өз сөзінде.
«Лунюань» компаниясының жетекшісі Ян Гуань Хуа атап өткендей, бұл ет комбинаты ғылыми жетістіктерге негізделген, экологиялық сапалы, стандартқа сай өнім шығаратын болады. «Біз тек пайда табу үшін келіп отырғанымыз жоқ. Екі мемлекет басшыларының келісімін орындау үшін және қоғам алдындағы жаупкершілігімізді сезіне келіп отырмыз. Алдағы уақытта осы сөзіміздің дәлелі ретінде өңірге балабақша ғимаратын салып беретін боламыз» деп атап өтті қытайлық инвестор.