КЕМБРИДЖ – есей президенті Владимир Путин осы аптада Гамбургте өтетін G20 саммитінде өзінің американдық әріптесі Дональд Трамппен экономикалық күштірек тұрғыдан кездеспейді. Үш жыл бұрын басталған мұнай бағасының құлдырауына қарамастан, Ресейдің аса қатты қаржы дағдарысынан аман қалғаны рас. Екі жылғы терең рецессиядан кейін экономиканың қарапайым қарқынмен дамып келе жатса да, болашақ енді оның басшылығы бес жыл бұрын ойлағандай жарқын еместей көрінеді. Елеулі экономикалық және саяси реформалардың орын алмауы Путиннің Ресейге байланысты стратегиялық амбицияларын жүзеге асыруын қиындатып жатыр.
2012 жылы Путин Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Пол Кругманмен Мәскеуде банктер конференциясында бір сахнаға шыққанда, 1998 жылғы Ресейдің экономикалық дағдарысы ескі бір елестей болған. Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары болып, үкімет қазынасы лық толып жатқан. Сондықтан Путин Батыста экономикалық құлдырау салдарынан орын алған үлкен бюджет тапшылығын Ресейдің мемлекеттік бюджетінің профицитімен мақтанышпен салыстырды. Ол ресейлік тыңдаушылар алдында Кругманның Батыс демократиялық елдерінің жаһандық қаржы дағдарысын шешудегі сәтсіздіктері туралы тамсана тыңдаған.
Сол конференцияның басқа сессиясында ресейлік экономист Сергей Гуриев (кейінірек ол елден қашуға мәжбүр болған), сот сияқты институттар әлсіз бола тұра Ресей ресурстық экономикасын әртараптандыруға ешбір үміт жоқтығын айтып өткен. Тым көп маңызды шешімдер бір адамға байланған. Сол сессияда сөйлеген сөзімде, мен, іргелі реформаларсыз, жаһандық энергетика бағаларының күрт төмендеуі күрделі проблемаларды тудыратынын атап өткенмін.
Бұл баға құлдырауы сөзсіз орын алды, мұнай бағасы 2012 жылдың ақпанындағы 119 доллардан (Еуропадағы Брент маркалы мұнайға) 2016 жылы 27 долларға дейін төмендеді. Тіпті ағымдағы деңгейі (2017 жылдың шілде айының басында 50 доллар болған) 2011-2012 жылдардағы ең жоғары деңгейдің жартысынан аз. Мұнай мен табиғи газ экспорттан түсетін кірістердің өте үлкен үлесін құрайтын ел үшін бағаның құлдырауы бүкіл экономикаға түскен қатты соққы болды.
Ресейдің қаржы дағдарысынан аман қалуы Ресей Орталық банкінің күш-жігері арқылы орын алған ғажайып болды. Сонымен қатар, РОБ-нің басшысы Эльвира Набиуллина екі рет үздік орталық банк басшысы халықаралық атағын жеңіп алды.
Бірақ экономиканың реттеудің ауыртпалығы негізі тұтынушыларға түсті; долларға қатысты рубль құны шамамен 50%-ға төмендеп; нақты жалақы мен тұтыну күрт төмендеді. Бір ресейлік маған түсіндіріп бергендей, ол бұрын супермаркетке 1000 рубль алып барып, үйіне екі сөмкемен келсе, енді ол тек біреуімен келіп жүр.
Нақты экономикаға түскен соққылар да аса ауыр болды, Ресейде 2015 және 2016 жылдары өндірістің құлдырауы 2008-2009 жылдардағы АҚШ қаржы дағдарысына ұқсас болды, ал ЖІӨ 4% -ға азайды. Көптеген фирмалар банкротқа ұшырады, ал 2016 жылы Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, барлық банктік несиелердің 10% -ының мерзімі өтіп кеткен (сөзсіз жағдайдың күрделілігін азайтып тұрған сан).
Көптеген жағдайларда банктер өздерінің теңгерімдерінде шығыстарды белгілеудің, немесе саяси байланыстары бар фирмаларды банкротқа ұшыратудың орнына, қарыз алушыны қайта несиелеуді таңдады. Дегенмен, РОБ агрессивті түрде шағын банктерді капиталдандыруға және нашар несиелерді есептен шығарып тастауға мәжбүрледі (бұл еуропалық саясаткерлерде өте ұзақ уақыт алатын процесс). Және қуатты олигархтардың күшті лоббилендіруіне қарамастан, РОБ 15 пайыздан асып, бірақ кейін 4 пайызға дейін түскен инфляцияны игеру үшін жоғары пайыздық мөлшерлемелерді сақтады.
Әрине, батыстық санкциялар, әсіресе банктерге қатысты шектеулер, жағдайды ушықтырды. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары Ресейдің экономикалық қиыншылықтарының осы аспектісін асыра айтады. Энергия экспортына қатты тәуелді барлық елдер, әсіресе Ресей сияқты өз экономикаларын әртараптандырмағандар экономикасы қатты зардап шекті.
Батыс демократиялық мемлекетінде Ресей ауқымындағы экономикалық құлдырау саяси тұрғыдан өте қиынға соғар еді, мысал ретінде популизмнің жаһандық күшеюін атап өтуге болады. Дегенмен, Путин елді мықты басқаруын сақтап қалды және 2018 жылдың наурыз айында өтетін президенттік сайлауда тағы бір керемет жеңіске жетуі әбден мүмкін.
Ресейдің мемлекеттік БАҚ-ы Батыстың санкцияларын үкімет сәтсіздіктерінің себепшісі ретінде көрсетіп, Қырымды басып алу, Сирияға әскери араласу және АҚШ сайлауына араласу сияқты шетелдік авантюризміне қолдау таба алды. Ресейліктердің көбісі мектептер мен бұқаралық ақпарат құралдарының айла-шарғы жасауы салдарынан Батыста жағдайдың әлдеқайда нашар екеніне сенімді (бұл тіпті «жалған жаңалықтар» дәуіріндегі асырып айту).
Өкінішке орай, мұндай дезинформация реформа жасаудың жолы емес. Өте талантты және шығармашылығы зор халқына қарамастан, реформасыз, Ресейдің ұзақ мерзімді даму үрдісін оптимистік тұрғыдан қарастыра алмаймыз, себебі оның демографиялық профилі мен мекемелері де әлсіз, және экономикасын әртараптандыру жасауда сәтсіздікке ұшырады.
Болашақтағы өркендеу қайдан пайда болады? Егер әлем төмен көміртекті болашаққа қарай бет бұрса, онда Ресейдің мынадай таңдау алдында тұрары сөзсіз: экономикалық және саяси реформаларды бастау немесе Батыстың санкцияларымен, оларсыз да жалғасатын маргиналдануға тап болу. АҚШ пен Ресей президенттері арасындағы ешбір кездесу бұл шындықты өзгерте алмайды.
Автор туралы: Кеннет Рогофф - ХВҚ-ның бұрынғы бас экономисі, Гарвард университетінің экономика және қоғамдық саясат профессоры болып табылады.
Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024