Алматы. 26 қараша. 7kun.kz – Қазақстан алма экспорты бойынша әлемде 76-орында тұр. Бұл туралы World's Top Exports хабарлады.
Жыл сайын әлемдік нарыққа жеткізілетін алма көлемі орташа есеппен 1,6% артып келеді.
World's Top Exports дерегі бойынша, 2017 жылы экспорттың 40% Еуропа елдеріне тиесілі болған, 25% - азиялық экспортшылар, 13% астамын - Солтүстік Америка, 10% Латын Америкасы жеткізген. Экспорт бойынша Қытай көш бастап тұр. Аспан асты елі былтыр 1,5 млрд долларға алма сатқан. АҚШ пен Италия 900 млн доллар пайда түсірген. Алғашқы бестікті Франция мен Чили тұйықтап отыр.
Ал, ТМД елдері арасында ең үздік көрсеткіш Әзербайжанға тиесілі. Бұл мемлекет әлемдік нарыққа 29 миллион доллардың өнімін жеткізген. Бұл тізімде Беларусь, Украина, Ресей және Өзбекстан алдыңғы орындарды иеленсе, Қырғызстан алма саудасы бойынша 52-орында тұр. Еліміз бұл тізімде 76-орынға жайғасқан. Қазақстандық алмалар әлемдік экспорттың мыңнан бір үлесін ғана қамтып отыр.