МЕДЕЛЛИН – O Freunde, nicht diese Töne! (Оу, достарым! Бұл дыбыстың керегі жоқ!) Өткен жұманың кешінде Гамбургтегі «Үлкен жиырмалық» басшыларының алдында Бетховеннің «Тоғызыншы симфониясындағы» сөзді баритон дауыс тебірене айтты. «Шаттық одасының» шымылдығын ашатын, Бетховеннің әлемді бауырластыққа шақыратын бұл жан толқытар сөзі концерт залының балконында отырған жаһанның басшыларына ерекше ой тастап тұрғандай. G20 басшысы, Германия канцлері Ангела Меркель Бетховеннің бұл рухын жеткізуге ерекше күш салды.
Бұл – Дональд Трамп АҚШ президенті атанғаннан бергі «үлкен жиырманың» алғашқы саммиті. Бетховен симфониясының екпінді тұстарын еске салатын жоғары дәрежедегі кездесудегі дүрдараздықтың барлығы Америка Құрама Штаттарының кесірінен болды. Трамп бауырластыққа шақырған үндеулерге құлақ аспады. Ол этностық және діни бөлшектенуді, көршілер арасындағы жаушылдықты (саммит кезінде ол Мексикамен шекараға дуал тұрғызатынын және мұның ақшасын Мексика төлейтінін тағы қайталады), шексіз байлық пен технологиялық шеберліктің емес, радикал Исламның кесірінен «құруға шақ тұрған» Батыс өркениетінің манихейлік образын саудаға салумен болды.
Әсерлі қойылым кезінде оркестрді дирижер басқарып тұрса, бұл кештің нағыз маэстросы Меркель еді. G20 басшыларын Гамбургтың архитектураның озық үлгісі болар, жаңа сән-салтанатты Elbphilharmonie концерт залына жинап, әлемдік гармонияға шақыратын адамзат мәдениетінің ең ұлы музыкалық туындысынан шабыт алуға шақыруы – өте ақылды шешім болды.
Концерттің өзі маңыздылығы жөнінен бірнеше қабатқа бөлінген. Бетховеннің Германиясы - Гитлерлік Германияның күл-қоқысынан қайта түлеген ел. Бүгінгі Германия – әлем сүйсінетін, бейбітшілік сүйгіш, соғысты қаламайтын, демократиялық, гүлденген, инновациялық және ынтымақшыл мемлекет.
Оның үстіне Бетховеннің таланты тек оның отаны – Германияға да, тіпті Батысқа да емес, бүкіл адамзатқа тиесілі. Оның Шиллердің поэтикалық одасын бағалауының өзі Қайта өркендеу дәуірінің ғаламдық сипатын паш етіп тұрғандай. Рас, Қайта өркендеу – Еуропалық феномен болды, бірақ ол бүкіл әлемнен, партикуляризм мен шовинизмнің қаупінен толық хабардар болды. Германияда бұл әлдебіреулердің жеке пікірі мен мүддесіне емес, жалпыға ортақ заңға айналдыруға болатын «категориялық императивке» негізделген Имманнуил Канттың «мәңгілік бейбітшілік» көзқарасынан көрініс тапты.
Трамптың «Алдымен Америка» ұстанымы Кант этикасын өрескел бұзады әрі бейбітшілікке қауіп төндіреді. Оның Париж климат келісімінен шығып, қалған әлемнен араны шорт үзуі – жеке мүддесін ойлаудың ең үрейлі шарасы деуге болады. Оның түп негізі Кох өнеркәсібі, Continental Resources, Peabody Energy, ExxonMobil, Chevron және басқа да америкалық компаниялардың мұнай мен газ өндіруден, теңіздің терең табанын қазудан, көмір өндіруден түсетін пайданы еселеп арттыру, ал климаттың бұзылуы тақырыбын тоқтата тұру деген мүдделерімен сәйкес келеді.
Жерасты қуат көздеріне сүйенетін бұл компаниялар Республикалық партия атынан сенат пен өкілдер палатасына сайлауға түскен кандидаттардың сайлау науқандарын қаржыландырды, ал олар қазір Трампты Париж келісімінен шығуға үгіттеп жатыр. Осылар және бұл компаниялардан ақша алатын басқа да саясаткерлер басқа әлемді және келер буынды былай қойғанда, америкалықтардың, тіпті өз отбасыларының әл-ауқатын құрбандыққа шалуға әзір. Барып тұрған сараңдық.
Сондықтан G20 саммитінің қарсаңында «басқа елдер АҚШ-тың ізінен еріп, өз мүдделерін ортақ игіліктен жоғары қоя бастай ма, жоқ па?» деген нақты сұрақ тұрды. Түрлі қаңқу сөз тарады. New York Times газеті «Париж келісімін құрдымға кетіру не әлсірету үшін Трамп Ресейді, Сауд Арабиясын, Түркияны, тіпті Индонезияны көндіріп, мұнайлы елдер коалициясын құрады» деп жазды.
Сол себептен Гамбургте әлемнің ынтымақтастығы бәске түсті. 1992 жылғы Риода өткен Дүниежүзілік саммиттен кейін Париж келісіміне келгенге дейін бүкіл бір буынның саналы ғұмыры өтті, ұзақ уақыт, үлкен қажыр-қайрат жұмсалды. Париж келісімі 2015 жылдың желтоқсан айында БҰҰ-ға мүше 193 елдің бірауыздан мақұлдауымен қабылданды. Саяси итаршыларды жетегіне алған АҚШ-тың мұнай лоббиі әлемді қайтадан кері кетіре ала ма?
Меркель тағы да даналық пен сабырлылық танытты. Ол байбалам салған да, дауыс көтерген де, ештеңені талап еткен де жоқ. Бірақ ол өзінің, Германияның, және Еуропаның ұстанымын анық көрсетті. Мамырдың соңында Италияда өткен G7 саммитінен соң ол Еуропаның бұдан әрі АҚШ-қа арқа сүйей алмайтынын айтқан. Ал сахна сыртында Меркель Германияның кәсіби деңгейі жоғары дипломатиялық корпусымен бірге G20 саммитінде Америкадан басқалардың арасында консенсусқа қол жеткізуге ерекше дайындық жасады.
«Үлкен жиырмалық» басшылары жұма күні концертке кеткенде олардың дипломаттары соңғы мәтінді талқылау үшін қалып қойды. Ресей, Сауд Арабиясы және басқалар Трамптың ойынын ойнай ма? Коммюникенің соңғы мәтіні жарияланған кезде дилпоматтар мен климатты қорғаушы белсенділер жеңілдеп сала берді. «Үлкен жиырмаға» кіретін басқа елдердің барлығы АҚШ-тың айла-шарғысына қарсылық білдірді. Коммюнике қарапайым да нақты, климат өзгерісі жөнінен үміт күттірерлік болып шыққан. «Үлкен жиырмалықтың» басқа мүшелері Париж келісімін кері қайтару мүмкін емес деп санайды... Біз Париж келісімін толық сақтайтынымызды, оның толық орындалуы жолында жедел әрекет ететімізді тағы да шегелеп айтамыз» делінген бірлескен коммюникеде.
Коммюникеде екі түрлі сөйлейтін Трамп туралы бір абзац бар. АҚШ «экономикалық өсімді қолдап, энергетикалық қауіпсіздіктің қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып табиғатқа тастайтын қалдықтарды азайтуды ерекше қолдайды» және «өзге елдердің жер астындағы энергоресурстарды бұрынғыдан таза әрі тиімді түрде қолдануына жәрдемдесу және қалпына келетін, таза энергия көздерін пайдалануына көмектесу үшін олармен бірлесе жұмыс істейді». Мұндайда жасөспірімдер «Не болса о болсын?» демей ме?
Әлемнің басқа бірнеше мәселесінде толық консенсусқа қол жетті. «Үлкен жиырмалық» «халықаралық сауда және инвестиция - өнімділікті, инновацияны арттыру, жұмыс орындарын көбейту және даму үшін басты қозғаушы күштер» деген ортақ ұйғарымға келді. G20 басшыларының барлығы денсаулық сақтау жүйесімен жұрттың бәрін қамтуға, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға ниетті екендіктерін айтты (бұл да Трампқа, сенаттағы көпшілік басшысы Митч Макконелге, Өкілдер палатасының спикері Пол Райанға ескерту болды). Олар тұрақты дамуға, Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарына адал екендіктерін тағы да қуаттады.
Концерт біткенде «Үлкен жиырмалық» басшылары мен басқа да көрермен аяқтарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қошаметпен қол соқты. Сахнаға шақырылуға тиіс кейіпкерлер Бетховен, Кант және Меркель болғаны анық.
Автор туралы: Джефри Сакс – тұрақты даму, денсаулық сақтау саясаты және менеджменті профессоры, Колумбия университеті Жер институтының директоры. Ол, сондай-ақ, Біріккен ұлттар ұйымы Тұрақты даму шешімдері желісінің директорАвторлық құқық: Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024