Кәрім Мәсімовте Венгрия азаматтығы болған ба? – Мәжіліс депутаты ресми сауал жолдайды
Астана. 11 қараша. 7kun.kz – Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовте «Венгрия азаматтығы болған» деген ақпаратты тексеру қажетттігін және соған қатысты құзырлы органдарға тиісті сауал жолдайтынын айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«К. Мәсімовтың «Венгрия азаматтығы болған» деседі. Бұл фактіні «Венгрия Премьер Министрі В.Орбант растаған» деген ақпарат бар. Жоғары лауазым иелері-министрлер, вице-министрлер, Құқық қорғау жүйесінің басшылығын «қос азаматтылық фактілері» бойынша тексеруден өткізу қажет. Елімізде, жалпы «қос азаматтылыққа» қатысты жаппай тексеру өткізу өте маңызды. Бұл жөнінде ресми орындарға сауал жолдайтын боламын», – деп жазды депутат.
Еске салайық, Кәрім Мәсімов 2016 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін ҰҚК басшысы қызметін атқарды. Биыл қаңтар айының басында қамауға алынды. Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған.
25 тамызда Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағалғаны белгілі болды.