Біраз уақыт бұрын Нұрсұлтан Назарбаев өз құзыреттілігін Парламент пен Үкіметке бөлу туралы ұсыныс жасаған еді. Бұл мәселені толық талдап, сараптау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына құқықтық және мемлекеттік басқару саласының мамандары енгізілді. 24 қаңтар күні аталмыш топтың отырысы өтіп, онда келіп түскен ұсыныстар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, бұл жиынға мемлекет басшысы да қатысты.
Мемлекет басшысының сөзінше, республиканың даму тарихында мұндай жағдайлар қалыпты құбылыс деп есептеледі. «Мен ұсынған 5 институционалдық реформалардың бірі - парламентке экономика саласында қосымша орындаушы өкілдік беру. Солай болса да, қорғаныс қабілеті туралы маңызды сауалдар, сыртқы саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау мен билік өкілдерінің тиімді жұмыс істеуін қадағалау президенттің құзыретінде қала бермек», - деді Н.Назарбаев.
Бағдарламаны мақұлдау, үкіметтегі кадрлық өзгерістер мен жаңа басқарушы органдарды құру өкілеттілігі Парламент пен Үкіметке ауысуы мүмкін.
Президенттің айтуынша, мемлекетті басқару жүйесіндегі парламенттің рөлін күшейтетін уақыт жетті. «Біздің талабымыз бойынша үкімет жеңген партиядан немесе фракциялардан құралады. Сондықтан, көптеген сауалдар бойынша үкіметке қатысты Парламент рөлі қайта қаралуы қажет», - деді президент.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өткізіліп жатқан реформалар мен оны жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне де тоқталды.
Жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков мемлекет басшысына билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу жайында алдын ала дайындалған ұсыныстар туралы баяндады.
Ол барлық ұсыныстарды үш бағытқа бөлдік дейді.
Біріншісі. Бұл – Конституцияға өзгеріс енгізуге тура келмейтін президеттің заң жүзіндегі құзіреттілігін бөлу туралы ұсыныс. Мұнда әлеуметтік-экономикалық саланың мәселелеріне қатысты мемлекеттік органдардың ұсыныстары жинақталды. Экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару және әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты сауалдар осы бөлімде қамтылды.
Екіншісі. Жоғары сот пен Бас прокуратура сот ісі мен құқық қорғау жүйелерін жетілдіру туралы өз ұсыныстарын білдірді. Бұл да Конституцияға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Бұл ұсыныс сот бақылауы мен азаматтық және әкімшілік процестерге прокурорлардың қатынасын азайтуға қатысты. Сот-құқықтық саласы бойынша конституцияға өзгеріс енгізуді қажет етпейтін 13 ұсыныс түскен.
Үшінші. Жұмыс тобына Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет ететін бас-аяғы қырыққа жуық ұсыныс түскен. Бұл мәселеде депутат корпусы мен ғылыми-сарапшылар қауымдастығы белсенділік танытты. Үкімет құрудағы парламент пен оның палатасының құзіреттілігін кеңейту де осы бөлімде қарастырылған. Сонымен қатар, Парламент алдында Үкіметтің есеп беруін өкілдігін күшейту ұсынылды.
Бұдан бөлек, Үкіметтің жауапкершілігі мен дербестігін күшейту туралы және конституциялық бақылауды жетілдіру жайында ұсыныстар түсті.
Осылайша, заңды тұрғыда билікті қайта бөлісу мәселесі Конституцияға айтарлықтай өзгертулер енгізілместен жүзеге асырылуы мүмкін.
Конституциялық нормада Парламент құзіреттілігін күшейту және Үкіметтің жауапкершілігі мен дербес жұмыс жасау қабілетін күшейту туралы аздаған өзгеріс енгізудің түрлі жолдары қарастырылды.
Жұмыс тобының мүшесі З. Федотова бұл түзетулердің сындарлы тұстарына тоқталды. «Біз үкімет жауапкершілігіне ұйымдастырушы-орындаушы функцияларын ғана береміз. Парламент қызметінде мәжіліс келісім арқылы ғана белгілі бір өкілеттілікке ие болатын», - деді Мемлекеттік басқару академиясының профессоры.
Сонымен қатар, жұмыс тобының тағы бір мүшесі Б.Бектаев үкімет жасаған сараптаманы таныстырды. «Барлығы 298 заң, 20 кодекс пен 11 конституциялық заң сарапталды. Президенттің құзіреттілігі 11 норма мен 80 заңда бекітілген. Үкімет пен жұмыс тобы бірігіп, мемлекет басшысының билігін қайта бөлетін 32 ұсыныс дайындалды. Бұл ұсыныстарды Конституцияға емес тек қана заңға түзету енгізу арқылы ғана жүзеге асыруға болады», - деп атап өтті ол.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024